10 мұқтаж отбасы пәтерлі болады
Мойынқұм ауданында әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету және көпқабатты үйлерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Мойынқұм ауданында халықтың әлеуметтік осал топтарын, соның ішінде көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен 230,1 миллион теңге бөлініп, 12 пәтер сатып алынып, мұқтаж отбасыларға табысталған болатын.
Аталған бағыттағы жұмыс биылғы жылы да жалғасын тапты. Республикалық бюджеттен бөлінген 137,3 миллион теңгеге 10 пәтер сатып алу көзделуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта өтетін облыстық сессияда тағы 10 пәтер сатып алуға қосымша қаржы бөлу мәс еле сі қаралуда.
Әлеуметтік қолдау шараларымен қатар, аудан орталығының сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Амангелді көшесі бойындағы 6 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары басталды.
Аталған жұмыстарды іске асыру үшін «Мойынқұм су-жылу» коммуналдық кәсіпорнымен келісімшарт жасалып, көп қабатты үйлердің шатырлары толықтай ауыстырылды, сондай-ақ ғимараттардың сыртын қаптау жұмыстары жоғары деңгейде орындалды. Қазіргі таңда осы үйлердің аулаларын абаттандыру және асфальттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бұл жұмыстар тұрғындардың тұрмыстық жайлылығын арттырумен қатар, ауданның жалпы инфрақұрылымын жаңғыртуға және көркін келтіруге оң ықпал етеді. Мойынқұм ауданында алдағы уақытта да тұрғын үй мәселесін шешу, әлеуметтік әлжуаз топтарды қолдау және елді мекендердің көркеюіне бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ