Бірқатар салалар жаңа цифрлық сервистермен толықты
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар салаларда жаңа цифрлық қызметтер іске қосылып үлгерді. Осылайша сан саланы қамтыған серпінді істің алғашқы нәтижелері көрініс тапты. Осы ретте қазақстандықтар үшін қандай жаңа цифрлық жобалар мен платформалар іске қосылғандығына назар аударып көрдік.
Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. Жүйеде жер үсті және жерасты суы, гидротехникалық құрылысжайлар мен өзге де су шаруашылығы нысандары туралы мәліметтер жинақталады.
Болашақта жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг деректерін қолдану жоспарланып отыр. Бұл елдің су балансын, экономика мен азаматтардың суға деген нақты қажеттілігін анықтауға, су ресурстарын пайдалануды талдауға және бақылауға мүмкіндік береді. Ақпараттық жүйені енгізу нәтижесінде жерүсті және жерасты су ресурстарын есепке алу және басқару үшін бірыңғай цифрлық платформа құрылады.
Бұл мемлекеттік жүйелермен интеграциялау арқылы мәліметтердің қайталануын жойып, суды пайдаланудағы ашықтық пен тиімділікті арттырады, сондайақ су тапшылығы мен төтенше жағдайлармен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Платформа Еуразиялық даму банкінің гранттық қаражаты есебінен әзірленіп жатыр. Жобаны іске қосу 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Бүгінде министрліктің Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы бассейн инспекциялары мен «Қазсушар» қызметкерлеріне жүйемен жұмыс істеу жөнінде оқу семинарларын өткізіп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ведомствоға қарайтын ұйымдардың басшыларына Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізілетін деректердің дәлдігі мен өзектілігін қатаң қадағалауды тапсырды.
ТЕМІРЖОЛ САЛАСЫ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАНУДА
Министрлік темір жол саласын цифрландырудың бес бағытын іске асыруда.
Біріншісі – мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру.
Екіншісі – тасымалдардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін бизнеспроцестерді реинжинирингтеу.
Үшіншісі – инновациялық экожүйе құру және цифрлық технологияларды енгізу.
Төртіншісі – жолаушыларды OneWeb және Starlink спутниктік интернетімен қамтамасыз ету.
Бесіншісі – транзиттік тасымалдарды онлайн бақылау жүйесін енгізу.
Сонымен қатар министр цифрлық технологияларды енгізу тасымалдың тиімділігін арттыратынын атап өтті.
Салаға келесідей цифрлық шешімдер енгізілуде.
Олар – магистралдық желінің цифрлық қосарланған моделін жасау;
тасымалдарды жоспарлау үшін жасанды интеллект енгізу;
вагон нөмірлерін бейне арқылы тану және «Вагон/жүк орнын анықтау» қызметін қосу;
келу/кету дерегін анықтау үшін GPS-трекерлерден деректерді автоматты түрде қабылдау жүйесіне жіберу;
вагон нөмірін тіркеу арқылы босына тоқтап тұру уақытын автоматты есептеу.
Аталған шешімдер жұмыс сатыларын 45 пайызға, ал бизнес-рөлдерді 35 пайызға қысқартады.
ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ АЛУҒА АРНАЛҒАН ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
«Цифрлық ипотека» ұлттық жобасы шеңберінде Қазақстанда екінші дәрежедегі тұрғын үйді сатып алу және сату бойынша нотариаттық мәмілелерді онлайнресімдеудің пилоттық тетігі енгізілді. Әділет министрлігінің мәліметінше, енді азаматтарға банкке және нотариусқа барып уақыт жұмсаудың қажеті жоқ.
Барлық кезеңдерді қашықтан, электрондық форматта өтуге болады. Ипотекалық қарызды пайдалана отырып, тұрғын үй сатып алғандар үшін «Цифрлық ипотека» сервисі өтінім беруден бастап тіркеу туралы құжаттарды алуға дейін мәмілені толығымен онлайн ресімдеуге мүмкіндік береді.
Процестің барлық қатысушылары – банк, нотариус және тіркеуші органдар – қағаз құжат айналымын болдырмайтын бірыңғай цифрлық платформа арқылы өзара іс-қимыл жасайды. Мәміленің екі тарабы да жүйеде авторизациядан өтеді және өз әрекеттерін электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен растайды. Жүйе автоматты түрде қатысушылардың жеке басын, объектіге меншік құқығының болуын, құқықтық кедергілер, меншікке бұғаттың салынбауы немесе басқа шектеулердің болмауын тексереді. Нотариус мәмілені бейнебайланыс арқылы онлайнформатта куәландырады.
Осыдан кейін шарттың электрондық көшірмесі тіркеу үшін «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Мүліктің жаңа иесі процедураның аяқталғаны туралы хабарлама алады.
Платформада барлық іс-әрекеттер жеке қолтаңбамен бірдей заңды күші бар ЭЦҚмен расталады. Сервис құжаттарды қолдан жасау немесе алаяқтық мәмілелер жасау мүмкіндігін болдырмайтын мемлекеттік дерекқорлармен біріктірілген.
Мәміле көп сатылы тексеруден өтеді: жүйе қатысушылардың және объектінің деректерін автоматты түрде тексереді, сонымен қатар барлық әрекеттерді электронды журналға жазады. Мәмілеге қатысушылар әр кезеңде хабарлама алады, ал құжаттар қорғалған цифрлық мұрағатта сақталады.
Электрондық рәсімдеу сервистері мен «цифрлық ипотека» екінші деңгейдегі банктердің платформаларында кезеңкезеңімен енгізіліп, халық арасында белсенді жүргізілетін болады. Бұл жылжымайтын мүлікті сатып алу процесін әр азамат үшін одан да қолжетімді және қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл елімізде барлық қаражат көздері есебінен 19,2 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 176-нан астам пәтер салу жоспарланған.
«AI-SANA» АРҚЫЛЫ ӘР СТУДЕНТ ЖИ КУРСЫНАН ӨТЕДІ
Бүгінде білім саласында бірқатар жаңа стартаптар пайда болуда. Мәселен, енді AI-Sana бағдарламасы аясында еліміздегі бакалавриат дәрежесіндегі әр студент жасанды интеллект курстарынан өтеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Министрдің сөзінше, оқыту төрт кезеңді қамтиды.
Бірінші, барлық студент Coursera, Huawei және Astana Hub платформаларында жасанды интеллект негіздерін меңгереді.
Екінші, арнайы бағдарлама арқылы студенттер кәсіпкерлікті, жасанды интеллектіні түрлі жобаларда қолдануды және жаңа идея ойлап табуды үйренеді.
Үшінші, студенттер өз жобаларын жасап, менторлар мен сарапшылардың қолдауымен дамытады. Соңында үздік жобалар стартапқа айналып, халықаралық деңгейге шықпақ.
Нұрболат АМАНБЕК