Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге серпін беретін құжат
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында соңғы жылдары мемлекет тарапынан реформалар жүргізіліп, қомақты қаражат бөлініп, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалғаны, қажетті несиелер уақытылы беріліп келе жатқаны атап көрсетілген. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмағанын ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері жақсы білеміз.
Алайда бұл шаралар агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға әзірге жеткіліксіз. Президент осы жөнінде ашық айтып қана қоймай, жедел қолға алынып, жүзеге асырылуы тиіс ең өзекті міндеттерді тізіп көрсетті. О з ы қ агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек деді.
Отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін ірі жобалардың жүзеге асырылып жатқанын, инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асатынын, үш мыңнан аса жұмыс орны ашылатынын айтып, мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажеттігіне тоқталды. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптастыру міндетін алға қойды.
Қазіргі таңдағы ең өзекті міндеттің бірі, бұл – агроохабтар мен логистика орталықтарын дамыту, яғни, атап айтқанда, шетел инвесторларымен серіктестікті нығайту керектігі, бұл орайда, отандық кәсіпкерлер қазіргі заман талабын дұрыс түсінбесе, яғни, жасанды интеллектіні қалайша тиімді пайдалануға болатынын білмесе, табысты бизне с құра алмайтыны орынды ескертілді.
Жолдауда Үкіметтің стратегиялық міндеті – елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту екені де айтылып, аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу жөнінде тапсырма берілді. Жер–стратегиялық ресурс, оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бергенін бәріміз де білеміз. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындауда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің басшылығымен атқарылып жатқан нақты істер бар.
Айталық, мамыр айында «Jambylinfo.kz» ақпарат агенттігінің кезекті хабарында облыста үш айда пайдаланылмай жатқан 11, 7 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылғаны елге жеткізілді. Қайтарылған жерлер, әсіресе, жайылымдықтар елді мекен тұрғындарының малына арналған өріс мәселесін шешуге көмегін тигізетіні белгілі. Мұны облыстық қоғамдық кеңестің ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, су ресурстары және ирригация комиссиясының төрағасы ретінде жақсы білемін. Қоғамдық кеңе стің о сы бағытта атқарған жұмыстары, ауыл халқының өтініштері мен арыз-шағымдарын қарап, тиісті орындарға берген ұсынымдарымыз бос жатқан жерлердің мемлекетке қайтарылуына көмектесуде.
Жолдауда, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою, бұл үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту, осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануы тиістігі айтылғаны да өте құптарлық. Үкіметке жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу тапсырылды.
Жер қатынастары саласында цифрлық технологияларды кеңінен қолдану, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу, оған кадастрлық мәліметтерді, инфрақұрылымға және жер қойнауын пайдалануға қатысты ақпаратты кіріктіру жөніндегі тапсырма берілуінің де маңызы ерекше зор. Келтіре берсек, биылғы Жолдауды ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудің нақты бағдарлары көрініс тапқан құжат деп бағалауға болады. Сол бағдарламалардың қолдау табарына, жемісті жүзеге асатынына сенім зор.
Аманкелді КАРЕНТАЕВ
Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің төралқа мүшесі,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.