Жаңалықтар

Қазан айында қазақстандықтар неше күн демалады?

Қазан айында бес күндік жұмыс аптасында еңбек ететін қазақстандықтар тоғыз күн демалады, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Күздің екінші айында елімізде ұлттық мереке – Республика күні аталып өтеді. Бұл мереке 25 қазанға сәйкес келеді. Биыл ол сенбіге түскендіктен, қосымша демалыс күні дүйсенбіге ауысады. Осылайша, бес күндік жұмыс режиміндегі тұрғындар қатарынан үш күн – 25, 26 және 27 қазанда демалады.

Еске сала кетсек, 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Ол құжат еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашты.

Республика күні алғаш рет 1995 жылы ұлттық мереке мәртебесін алды, бірақ 2009 жылдан бастап мерекеленбей келді. 2022 жылы қыркүйек айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мерекенің мәртебесі қайта қалпына келтірілді.