Биылғы күзде әскерге қанша адам шақырылады?
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарын толықтыру жасағы 2025 жылғы көктемгі шақыруда 1553 адамды құраған. Облысқа берілген тапсырма бойынша Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Қарулы күштердің және Ұлттық Ұлан әскерлерінің жасақтары толықтай жасақталған. Тіптен белгіленген меже бойынша мерзімді әскери қызметке 1553 адам шақыру қажет болса, әскерге жіберілгендердің жалпы саны 1565 адамды құрап, жоспар 12 адамға артығымен орындалған.
Ал биылғы жылдың күзгі науқанына облысымыздан барлығы 1500 адам тартылады деп көзделген болса, соның 350-і Тараз қаласының еншісіне тиесілі көрінеді.
Бұл туралы Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәжіліс залында өткізілген 2025 жылғы көктемгі мерзімді әскерге шақыру жұмыстарының қорытындысы және күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанына дайындық барысы туралы мәліметтер баяндалған алқалы жиында айтылды.
Аталған жиында облыстық шақыру комиссиясының төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Ка лендеров бас болып, құрамында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Алмаз Сахимов және Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрбол Зейнелов секілді басқа да құзырлы органдардың басшылары бар топ қосшы болып ортақ тақырыпты бірге талқылады, саралады.
Басқосуда полковник Нұрбол Зейнелов күзгі науқанды сапалы атқару үшін облыстық шақыру комиссиясың төрағасынан ішкі істер органдарына ұсынған тізім бойынша мерзімді әскери қызметтен жалтарған шақырушыларды іздестіріп, қылмыстық және әкімшілік шара қолдануға көмек көрсетуіне, Тараз қаласында және басқа барлық аудандарда арнайы мобильдік топтарды құруға, шақыру науқанына құқықтық тәртіпті сақтау үшін облыстық жинақтау пунктіне және қалалық, аудандық шақыру пунктеріне жергілікті полиция қызметінің тарапынан 3 қызметкерді тұрақты негізде бекітіп беруге, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне мерзімді әскери қызметке шақыруға жататын шақырушыларға хабарлау жасап, оларды тиісті шақыру пункттеріне жеткізуді іске асыруда және медициналық ақпараттық қызметте жұмысты ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шақыру комиссиясының әрбір дәрігермаманын компьютерлік және перифериялық техникамен толық қамтамасыз етуде ықпал жасауын сұрады.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ