Жақсылыққа жаны құштар, жарасымды жанұя
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әлауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды», – деп атап өткен еді. Шындығында да біздің халқымыз үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық.
Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі отбасында қалыптасатынын өмірдің өзі дәлелдеп те келеді. Ел арасында «От ан отбасынан басталады», – деген жақсы сөз бар. Отбасылық құндылықтарды насихаттау және көпбалалы отбасыларды ынталандыру бағытында елімізде ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. 2013 жылдан бері елімізде «Отбасы күні» арнайы бекітіліп, бұл атаулы күн жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтуде.
Үлгілі ауылындағы Сенбек Кашкембаевтың шаңырағы – мақтаулы отбасылардың бірі. Отағасы Сенбек қария аталған ауылда 1955 жылдың 24 қыркүйегінде дүние есігін ашыпты. Орта мектептен соң 1978 жылы Жамбыл зоотехникалық-ветеринарлық техникумын бітіріп, мал дәрігері мамандығын игеріп, еңбек жолын сол жылы аудандық малдәрігерлік стансасында мал дәрігері болып бастаған. Ал 1995-2002 жылдары «Киров» кеңшарында мал дәрігері, бөлімше меңгерушісі, 2002-2013 жылдары Байзақ орман шаруашылығы мекемесінде инженер-механик қызметін атқарғанын ұжымдастары құрметпен айтып жүр. Ал содан 2020 жылы зейнетке шыққанға дейін Үлгілі ауылдық мал дәрігерінің бекет меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.
Сенбек қария қай қызметте жүрсе де мамандығының қыр-сырын жетік білетін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат ретінде өзін таныта білді. Жыл он екі ай уақытпен санаспай еңбек ететін совхозда да, орман шаруашылығы мен халықтың малын жыл бойы емдеп, әртүрлі ауруларға ұрындырмай шығару да оңай жұмыс емес. Ол кезде бүгінгідей мал дәрігерлерінің астында көлік те болмады, болса ат, болмаса әрбір көшені жаяу аралап, малдарды уақытылы емдеп отыратын. Сонда да халықтың алғысына ие болып отырды.
Осындай еткен адал еңбек, төккен тер зая кетпеді. Әр жылдары әртүрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Олардың арасында ІІІ-дәрежелі «Еңбек даңқы», «Байзақ ауданына – 80 жыл» мерекелік медальдары да бар. Сенбек аға еңбек ете жүріп 1977 жылы е с епші мамандығын алған Нұрлыкүл Кашкембаевамен отбасын құрды.
Нұрлыкүл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында есепші, «Киров» совхозында диспетчер, аудандық орман шаруашылығында 15 жыл есепші қызметін атқарып, 2015 жылы зейнетке шыққан. Нұрлыкүл де өз ісіне мығым, өзі еңбек еткен мекемелердегі есеп-қисап жұмыстарын жүйелі жүргізіп, тек мақтауға ие болған жан.
Бала тәрбиесіне қосқан айрықша еңбегі үшін «Аяулы ана» ордені, «Ана жүрегі» төсбелгісі, ІІІ-дәрежелі «Еңбек даңқы» медалі мен бірнеше Құрмет грамоталарын иеленген. Сенбек аға мен Нұрлыкүл ана еңбек ете жүріп Аят және Есжан есімді екі ұлды өмірге әкеліп, өсірді. Олар отбасында алған тәлімді тәрбиенің арқасында үлкен азамат болып өсті. Екеуі де жоғары оқу орнын бітіріп, бүгінде абыройлы еңбек етуде.
Үлкені Аят мамандығына сәйкес Тараз қаласындағы №44 Шона Смаханұлы атындағы орта мектепте 10 жыл директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ал 2018 жылдан бері аудандағы Көктал орта мектебінің директоры қызметін мінсіз атқарып келеді. Өзінің үлгілі шаңырақтан алған тәрбиесін дәлелдеп, мектептің талай мәселесін шешіп, жолға қойды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы облысқа жасаған сапарында аталған мектепте болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалаған еді. Сенбек қарияның екінші ұлы Есжан Құрманбай да өткен жылы еліміздің көкпар командасы құрамында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған. Ол облыстың «Әулие-ата» көкпар командасының капитаны, республикалық команданың мүшесі. Қазақстан Республикасының 7 дүркін чемпионы. 2024 жылғы көшпенділер ойынындағы көкпар ойынында ел командасының І-орын алуына мол үлес қосты. Осы жетістігі үшін жеңіл автомашинаға ие болды.
Біз өнегелі отбасын жақсы білетін көршілерімен де сөйлесіп, пікірлерін білдік.
Жарасымдылық тапқан отбасыға біз де жақсылық тіледік.
Сүндетулла ӘБІЛОВ
Байзақ ауданы