Диқанның көңілі тоқ
Ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары жалғасын табуда. Көкөніспен қатар бақша өнімдері де молынан жиналуда. Мәселен, Жамбыл ауданында бүгінгі күні майлы дәнді дақылдармен қатар күнбағыс алқаптарында қызу еңбек жүруде. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, биыл аудан агроқұрылымдары 1215 гектар алқапқа майлы зығыр сеуіп, ол алқаптардан мол өнім аламыз деген ниетте. Ал бір ғана Қаратау елді мекенінде күнбағыс 689 гектар.
Осы бір жауапты науқанның барысымен арнайы егіс алқабы басына келген аудан әкімі диқандардың жұмысымен жақынырақ танысты. Аудан басшысы бұл өңірдегі алқаптарды аралау барысында дақылдардың толық пісіп жетілгенін сөз етті.
Ал ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың айтуынша, егіс алқабындағы өнім алдымен қол күші арқылы кептіруге қойылады. Оны жинауға шамамен бір жарым ай уақыт кетеді екен.
Өзге де егіс алқаптарында жүргізіліп жатқан жиын-терін жұмыстарының барысымен танысқан аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы диқандарға науқанды табысты аяқтауды тапсырды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ