Экономика

Агросаланың әлеуеті артып келеді

Халықтың әл-ауқаты мен тұрмысының жақсаруы тікелей аграрлық саланың дамуына байланысты. Сондықтан да ауыл шаруашылығы – ел экономикасының сәтті дамуына ерекше серпін беріп отырған бірден-бір жетекші саланың бірі.

Мәселен Жамбыл ауданындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жердің көлемі 53060 гектарды құрайды. Оның 25582-сі суармалы, 27478-і тәлімді егістік. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, биылғы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 52428 гектарды құраған.

Бүгінгі күні ауданға қарасты елдімекендер мен ауыл шаруашылығы жерлерінің Тараз қаласына өтуіне байланысты егіс көлемі 5141 гектарға кеміген. Жалпы ауданда биыл бидай 3900, арпа – 11799, көпжылдық шөп – 1395, көкөніс – 5776, майлы дақылдар – 2545, қант қызылшасы – 515, дәндік жүгері – 1855, бақша – 709, картоп – 304, сүрлемдік жүгері – 150 гектарға орналастырылған.

Ал былтырғы мәліметке жүгінер болсақ, өткен жылы жалпы құны 999,65 миллион теңгеге 117 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның бірі комбайн, бірі қант қызылшасын жинайтын комбайн, 49-ы трактор болса, 66-сы ауыл шаруашылығы тіркемелері. Сонымен өткен жылы ауыл шаруашылығы техникасының ауданда жаңару коэффициенті 10,3 пайызды құраған. Бұл техникалардың ішінде комбайндар лизинг жүйесімен алынған. Ал шаруашылықтардың өз қаржысымен 4 трактор, 12 ауыл шаруашылығы тіркемелері алынып отыр екен. Минералды тыңайтқыштар да егістік алқаптарға жоспарға сәйкес енгізілуде.

Биыл агроқұрылымдар тарапынан 7849,7 тонна минералды тыңайтқыштар алып, оны 33855 гектар алқапқа енгізу жоспарланған. Бүгінгі күні аудан бойынша 85 шаруашылық 5847,7 тоннаға келісім шартқа тұрып, барлығы 4434 тонна минералды тыңайтқыш алынып, 22170 гектар алқапқа сіңірілген. Оның орындалу жоспары 56,5 пайызды құраған. Ал өткен жылы тыңайтқыш 38851 гектар алқапқа енгізілген екен. Ауданда табысты жүргізіліп келе жатқан жобаның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл – мемлекеттік саясаттың маңызды қадамдарының бірі.

Аталған жоба ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге арналған және жалпы әлеуметтік мультипликативті әсер береді: әрбір жаңа агрожоба жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал ете отырып, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашады. Республика деңгейінде жоба аясында 2023 жылдан бастап 16,4 мыңнан астам жұмыс орны құрылыпты.

Өткен жылы 744 жаңа жұмыс орнын құрумен 6,5 миллиард теңгеге 580 микрокредит берілген. 3,6 миллиард теңгеге 145 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылған. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасының облысымызда жүзеге асырылып жатқанына биыл алтыншы жыл.

Жоба аясында ауыл халқының тұрмысы көтеріліп, ауылдық округтердің экономикасы артуда. Аталған жобаны жүзеге асыру аясында республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 62 ауылдық округтегі 8028 жоба несиелендірілген. Соның ішінде Жамбыл ауданында бірнеше ауылдық округ бар.

Бүгінгі күні «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша қаржыландыру жүргізілуде. Жамбыл ауданында тұрғындар тарапынан 110 өтініш мақұлданған.

Есте болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында агросаланы дамытуға ерекше басымдық берген болатын. Бүгінгі күні Президент тапсырмасына сәйкес облысымызда, оған қарасты аудандарда ауыл шаруашылығын дамытуға тиісті көңіл бөлініп келеді.

«Ауыл Аманаты» жобасы аясында қолға алынған жобалар толық іске асырылған сәтте облысымызда 10 мыңға жуық жеке кәсіпкерлік ашылады және мультипликативтік әсерінің нәтижесінде тұрғындардың табысын арттыруға, өндірістің, салық көлемінің ұлғаюына және басқа да салаларға оң әсерін тигізеді. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны тағы да төмендей түспек. Мал басы 300 мыңға жетіп, жоба шеңберінде 231 мың тонна ет және сүт өнімдері өндіріледі.

Үй іргесіндегі егіс көлемі 109777 аулаға дейін жетіп, 112 мың тонна көкөніс, бақша дақылдары өндірілетін болады деп күтілуде. Бұдан бөлек ауданда «Тауарлық несиелендіру» жобасы бойынша атқарылған жұмыс та жоқ емес. Бөлім басшысының сөзінше, ауданда «Ынтымақ» шаруа қожалығы тауарлық несие беру бойынша оператор болып белгіленген. Бүгінгі күнге аудан бойынша 4 азаматқа 140 бас қой тауарлы несие түрінде берілген. Ал көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру бойынша жұмыстардың нәтижесі бүгінде өз жемісін беруде.

Атап айтсақ, 2025 жылға көктемгі дала жұмыстарын несиелендіру «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жүргізілді. Нәтижесінде 14 шаруашылыққа көктемгі дала жұмыстарын жүргізуі үшін 490,5 миллион теңге несие берілген. Ал мал азығының жағдайына тоқталар болсақ, бүгінгі күні жем-шөп қорының дайындығы ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Жалпы бүгінгі күні мал азығын дайындау жұмыстары қызу жалғасын тауып отыр. Табиғи шабындықтардағы шөп пісіп қатаюына қарай маусым айынан бастап шабылса, пішендеме дайындау тамыз, сүрлем дайындау қыркүйек айында жүргізілді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.