Қоғам

Ерекше адамдардың еңбегін ту еткен «Шебер шаңырақ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әр саласына үлес қосып жүрген ерекше жандарды бағалау туралы үнемі айтып келеді. 2025 жылы 552,3 мың адам мүгедектіктері бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алған. Дегенмен, ерекше жандарды жұмыспен қамту, олардың өзін-өзі жұмыспен қамтуы өзекті. Бұл орайда жамбылдықтардың да атқарған оңды істері мол. Тіпті, олар түрлі қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың жұмысына серпін беріп келеді. Ерекше жандардан құрылған қоғамдық бірлестіктің бірі – «Шебер шаңырақ».

«Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жұмыстарын баяндамай тұрып, бір азаматшаның жігері мен қайсарлығына ерекше тоқталып өткім келеді. Ол – Анар Бексұлтанова. Анар ерекше жан ретінде тағдыр сынағын сабырымен жеңген адам. Жеңіп ғана қоймай, табандылығымен жетістіктерге жетті.

Өзін қоғамның мүшесі ретінде бейімдей алуы өз алдына, үлкен қоғамдық бірлестіктерді басқаруға мүмкіндік тапты. Мұндай қабілет кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық. Анардың жасы үлкенді қадірлеп, ана сыйлап өскендігі – үлкен қасиет. Қазіргі таңда ол басқаратын қоғамдық бірлестікте бірнеше ақ жаулықты әжелер жұмыс істейді. Олар қазіргі жастарында өздерінің тігіншілік қырларын, қолөнерге бейім қабілеттерін дамытып жүр.

Мәселен, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылынан келген шебер Алтыншаш Қаныбекова 73 жаста. «2019 жылы наурыз айында Анар қоңырау шалып хабарласып, осы қоғамдық бірлестіктің жұмысына шақырды. Оған дейін де біздер танысып, қайсар қызға үнемі батамды беріп жүретінмін. Өзім ұзақ жылдар мектепте химия пәнінен сабақ берген ардагер ұстазбын.

Екінші топтағы мүгедектігім бар. Қолөнер қазақтың қасиеті ғой, халқымызбен біте қайнасқан құндылық. Киіз басуды бала күнімізден анамнан, ауыл апаларынан үйреніп өстік. Ол кезде киіз баспайтын, текемет әзірлемейтін үй болмаушы еді. Түрлі оюымен басылған текеметтер керемет көздің жауын алатын.

Ондай ғажайып қолөнерге жастар назар аударып, көңіл бөліп өсетін. Қазір базардан түрлі кілемдер сатып алып, киіз бұйымдарды тұтынудан алыстап барамыз. Текемет, алаша дайындаудан бөлек, бала күнімізден құрақ құрадық. Ши құрақ құрауға бейім болдық. Әлі де құрақ құраймын. Құрақтың да ши құрақ, сегіз жапырақ, бұғы мүйіз деген бірнеше түрлері бар. Онан соң түс киіз тоқимын. Қазір біз киізді шиге салмай, жаңаша тәсілмен басамыз. Яғни, сабынды пайдалану арқылы алақанмен басып жүрміз. Бір сөзбен айтқанда, өзіміздің қоғамдық бірлестікке үлесімізді қосу жолында аянбай тер төгудеміз.

Айша бибі ауылынан осы қоғамдық бірлестік жұмысына үнемі асығып келемін. Себебі, бойымдағы өнерді пайдаланып, қазақтың ұлттық өнерінің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Мұнда біздер – үлкен ұжымбыз. Бірігіп, ақылдасып атқарған істе береке бар. Жасаған қолөнер бұйымдарымыз – үлкен олжа. Ол қолөнер бұйымдарымызды тұтынған әр қазақ жастарының көңілінде ұлттық құндылыққа деген құрмет артса, біздің еңбегіміз еленгені, үмітіміз ақталғаны.

Одан бөлек қоғамдық бірлестік мүшелері бірігіп түскі асымызды ішеміз, қолөнер туралы әңгімелесеміз. Қолөнердің тәсілдерін бірбірімізден сұрап, олқы тұстарымызды дамытып отырамыз. Мәселен, сырмақ жасап көрмеген едім. Қазір әріптесім Ақмарал Мамытовадан сырмақ жасауды үйреніп жүрмін. Өнерді үйрену қай жаста да кеш емес. Бәріміз бір әулеттің мүшелері секілді тату болып кеттік. Қай кезде де бірбірімізге тілеулес болып, жанашырлық танытып тұрамыз.

Мұнда әр адам үшін мүмкіндік бар

Аталған бірлестіктің тағы белсенді мүшесі, ерекше жанның бірі – Ақмарал Мамытова. Ол осы кезге дейін «Қамқор жүрек» қайырымдылық қорымен бірлесіп жұмыс істеген. Аталған қор ерекше жандарды қуантуға, оларға жүрек жылуын ұсынуға арналған. Атап айтқанда, бұл қор аутизммен ауыратын және басқа да науқас балалардың отбасымен жұмыс істеген. Ерекше ұл-қыздары бар отбасы мүшелеріне қолөнер үйретумен айналысқан. Бұл кісі сырмақ жасаудың нағыз шебері.

Ал Эльмира Есеналиева да осы қоғамдық бірлестіктің мүшесі, екінші топ мүгедегі қайын сіңлісі бар екенін айтты. Осында келіп тігін тігіп, құрақ құрап, жұмыстың бір жағында жүр. Өзіне қамқорлық жасаған осы жердегі барлық шеберлерге алғысы шексіз, дән риза.

Аяулы жандардың айрықша жетістігі

Қоғамдық бірлестік мүшелері тек жеке табысты ғана ойламай, жұдырықтай жұмылып, ортақ іске де көңіл бөледі. Түрлі байқауларға қатысып жүр. Сырт елдердің Байрам, Бішкек шаһарларында өткен халықаралық байқаулардан жүлдемен оралған. Бұл туралы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анар Бексұлтанова айтып берді.

Қоғамда адамдар әртүрлі. Біреулер отбасымен қатар Отанын да ойлайды. Ешкімге салмақ салғысы келмейді. Ерекше жандардың ізгі жұмыстарға ұмтылысы құптарлық іс. Сондықтан мұндай ұйымдарды қай кезде де қолдаған жөн. Біз «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жемісті жұмысынан соң осындай ізгі ойды ойладық.

 

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы