Білім

Қазақстандық студенттер Сауд Арабиясында тағылымдамадан өтіп, терең ізденіске кірісті

Еліміздің ауыл шаруашылығын дамытып, сапалы өнім алуда жаңа әдіс табуды көздеген жас ізденушілердің қадамы қуантады. Жақында ғана Kozybayev University мен Arizona университетінің қос дипломдық бағдарламасының студенттері – Амир Агзамов пен Даниил Герасимов шетелге ілім іздеп, жолға шыққан болатын. Олар әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу жоғары оқу орындарының бірі – Сауд Арабиясында орналасқан Патша Абдалла атындағы ғылым және технологиялар университетінде (KAUST) ғылыми тағылымдамадан сәтті өтті.

Профессор Джесси Поландтың зертханасында ұйымдастырылған тағылымдама бірнеше кезеңмен өткізілуде. Аталған зертхана ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикасына, сондай-ақ өсімдіктер өнімділігін арттыруға арналған цифрлық және биотехнологиялық әдістерді қолдануға маманданған. Студенттер заманауи бағдарламалар мен жабдықтарды қолданып, күнжіт пен бидай секілді ауыл шаруашылығы дақылдарының фенотиптік деректерін жинаумен айналысты.

Тағылымдаманың алғашқы кезеңінде олар қолданбалы статистиканы меңгеріп, R бағдарламалау тілін үйренді, сондай-ақ тәжірибелік деректерді талдау, оларды визуализациялау және қайталанбалы ғылыми жұмыс үдерістерін құру дағдыларын меңгерді. Содан кейінгі кезеңді дала жағдайында өткізген студенттер KAUST мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, өсімдіктердің фенотиптік деректерін жинады.

Бұл әдіс параметрлерді дәл әрі стандартталған түрде тіркеуге мүмкіндік берді. Ғылыми ізденістермен қатар студенттер зертханалық жұмыстарға да қатысты. Яғни, жоғары молекулалық ДНҚ экстракциясын жасап, үлгілерді секвенирлеуге дайындады. Тағылымдаманың маңызды бөлігі – зерттеу тобының апта сайынғы басқосулары. Онда магистранттар, постдокторанттар және тағылымдамадан өтушілер өздерінің ағымдағы нәтижелерін таныстырып отырды.

Бұл басқосулар жас ізденушілерге тәжірибелі ғалымдардан пікір алып, идеялармен бөлісуге және ғылыми тәсілдерді сын тұрғысынан талқылауға мүмкіндік берді.

Табысты тағылымдама студенттеріміздің білімдерін нақты жобаларда қолдануға, ғылымианалитикалық құзыреттерін тереңдетуге, академиялық ағылшын тілін жетілдіруге және халықаралық ғылыми қауымдастықтың бір бөлігі ретінде өзін сезінуге ықпал етті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА