Аймақ

Цифрлық әлеуетіміз қандай?

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жасанды интеллектінің дамуына ерекше көңіл бөлді. Президент елімізге үлкен міндет жүктеп, Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық державаға айналдыруды мақсат етіп қойды. Әсіресе Президент жасанды интеллектіге баса назар аудару қажеттігін атап өтіп, оны барлық салада кең қолданысқа енгізуді тапсырды. Осы ретте еліміздегі цифрлық ахуалға аз-кем тоқталып өтсек.

Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, 2023 жылы Қазақстан жасанды интеллекті енгізуге дайындығы бойынша алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына кіріп, 0,55 балл көрсеткішімен 48-орынды иеленді. 2024 жылы Oxford Insights компаниясы әзірлеген Мемлекеттік жүйелердің жасанды интеллектіге дайындығы индексі бойынша Қазақстанның көрсеткіші 51,41 балға жеткен.

Сонымен қатар 2033 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының көлемі бес триллион долларға жетуі мүмкін, ал оның әлемдік технологиялық индустриядағы үлесі 30 пайызға дейін артады. Бұл деректерді Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында келтірді. Осы тұрғыдан алғанда еліміз де қалыс қалмай, жасанды интеллект нарығын белсенді түрде дамытуда.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Astana Hub резиденттерінің экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға өсті. Бүгінде Astana Hub 1700-ден астам қатысушыны біріктіреді. Өткен жылы оның резиденттері 1,2 триллион теңгеден астам табыс тапты. Қазіргі уақытта Astana Hub-тың Қазақстанның 20 өңірінде, сондай-ақ Сауд Арабиясы, АҚШ, Ұлыбритания, Дубай және Қытайда IT-хабтары бар.

Соның нәтижесінде қазақстандық жобалар әлемдік нарыққа шығып жатыр. Мәселен жақында ғана 40-тан астам стартап Кремний алқабында акселерациялық бағдарламалардан өткен болатын.

IT-ҚЫЗМЕТТЕР ЭКСПОРТЫ ТӨРТ ЖЫЛДА ОН ЕСЕ ӨСТІ

Ұлттық банктің деректері бойынша биылғы жылдың бірінші тоқсанында елімізде IT-қызметтер мен өнімдердің экспорты 252,99 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық көп. ITқызметтер экспорты соңғы жылдары тұрақты өсімді көрсетіп келеді. 2021 жылы – 60,07 миллион доллар, 2022 жылы – 337 миллион доллар, 2023 жылы 529,1 миллион доллар болса, өткен жылы 690,7 миллион долларға жеткен.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауынша, жасанды интеллект жыл сайынғы өнімділік өсіміне 0,5-тен 3,5 пайыздық тармаққа дейін қосымша үлес қоса алады. Қазақстан үшін бұл 2033 жылға қарай ЖІӨ-ге ондаған миллиард доллар қосымша табыс әкелуі мүмкін.

Осылайша, жасанды интеллект тек жеке сектор ғана емес, сонымен қатар елдің индустриалды және қызмет көрсету салаларының өсу драйверіне айналып отыр. Сонымен қатар қазіргі уақытта жасанды интеллект элементтері біртіндеп енгізіліп жатқан eGov жүйесі де экспортқа шығарылып жатыр.

Бұдан бөлек, Жерді қашықтықтан зондтау бойынша спутниктік технологиялар да экспортталып жатыр – бұл бағытта үш елмен келісімшарттар жасалған.

ЖИ САЛАСЫНДАҒЫ КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?

Мемлекет басшысы Жолдауда цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын қарқынды өзгертіп жатқандығын атап өтті. Президент осыған сәйкес әлемде жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын мамандарға сұраныс артып келетіндігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, осыған байланысты, қашықтан оқыту мен жасанды интеллект негізінде шағын жинақты мектептердің Qazaq Digital Mektebi моделі әзірленетін болады. Мұндай платформа ауыл оқушыларына сапалы оқу материалдарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Биылдың өзінде Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастайды. Орталықта Tomorrow School – жасанды интеллектіні оқытуға арналған жоба, TUMO – жасөспірімдерге арналған халықаралық креативті мектеп, әлемдік IT-компаниялардың R& D зертханалары мен білім беру алаңдары орналасады.

Орталық жыл сайын әртүрлі саладан 10 мыңға жуық дарынды маманды тартуды, кемінде 1000 жасанды интеллект маманын даярлауды, 100-ге дейін AI-стартапты іске қосуды, осы салада 10-ға жуық ғылыми зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.

ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДА ЖАҢА ЦИФРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Энергетика министрлігі энергия өндіруші ұйымдардың тарифтік өтінімдерін қарау үдерісіне арналған тарифтерді басқару бойынша жаңа цифрлық сервисті пилоттық режимде іске қосты.

Аталған сервис электр энергиясына шекті тарифті бекіту үдерісін цифрландыруға бағытталған. Жаңа жүйе энергия өндіруші ұйымдарға өтінімдерді қағазсыз, электрондық форматта ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл қағаз құжат айналымын жойып, өтінімдерді қарау, бекіту процесін жеңілдетіп, жеделдетеді.

Цифрлық сервис өтінім беруден бастап, соңғы шешім қабылдауға дейінгі толық циклді қамтиды. Құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қою мүмкіндігі қарастырылған.

Электр энергиясына шекті тариф 7 жыл мерзімге бекітіледі. Жаңа жүйенің енгізілуі – Энергетика министрлігінің мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және бюрократияны азайту бағытындағы маңызды қадамдарының бірі. Сервис құжат айналымының заңды күшін сақтай отырып, саладағы проце стердің ашықтығы мен тиімділігін арттырады.

Министрлік аталған сервисті алдағы уақытта пайдаланушылардың ұсыныстілектері мен жасанды интеллект элементтерін е скере отырып жетілдіруді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, аталмыш жоба Отын-энергетика кешенінің цифрлық трансформациясы картасы аясында әзірленіп, Энергетика министрлігі жүзеге асырып жатқан Energy Tech платформасына кіріктірілген.

БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ ЖИ-ДІ ЕНГІЗУДІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ ӘЗІРЛЕНЕДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейтіндігіне айрықша назар аудартты. Бұл бағытта Президент мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу, ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыру қажеттігін айтты.

Үкіметтің Цифрлық штаб отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ Премьер-министр өңірлерде заман талабына сай мектептерді салуды, оларды жоғары жылдамдықты интернетпен, цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз етуді тапсырды.

ГЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУДА STARLINK ҚЫЗМЕТІ ҚОЛДАНЫЛАДЫ

«Геологияны цифрландыру» жобасын жүзеге асыру аясында бұрғылау қондырғылары мен дала лагерьлерінде Starlink терминалдары орнатылды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоғары жылдамдықтағы байланыс арнасы геологиялық және геофизикалық үлкен деректерді нақты уақытта беру мүмкіндігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар ол бұрғылау параметрлері мен техниканың жай-күйін бақылауға арналған IoT-сенсорларды интеграциялауға, учаскеге шықпай-ақ персоналға қолдау көрсетуге, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін арттыруға тиімді жағдай жасамақ.

Kazakhmys Barlau бұрғылау қондырғыларының инфрақұрылымына спутниктік терминалдарды интеграциялау, геологиялық барлауды цифрландыру жолындағы стратегиялық қадам саналады. Ол өз кезегінде ақпараттық ағындарды үздіксіз қамтамасыз етіп, басқару тиімділігін арттырады, сондайақ жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауды енгізуге платформа қалыптастырмақ.

Бүгінгі таңда Kazakhmys Barlau компаниясының барлық бұрғылау қондырғысы орна ласқан жері мен жанармай деңгейін бақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұл шешім шығындарды оңтайландыру арқылы өзінің экономикалық тиімділігін көрсетті.

Алдағы уақытта кәсіпорын тәжірибесін ел аумағында кеңінен қолданысқа енгізу жоспарланған. Еске сала кетейік, Цифрлық даму, инновациалар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink келісімі аясында спутник интернеті елімізде тамыз айынан бастап ресми түрде жұмыс істейді.

200 МЫҢНАН АСТАМ ПЕДАГОГ ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ КУРСЫНАН ӨТУДЕ

Қазақстандық педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған оқыту бағдарламасы жалғасып жатыр. Бұл туралы Оқуағарту министрлігі мәлім етті.

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп, халықаралық тәжірибе негізінде әзірлеген бағдарламаны қазақстандық педагогтерге бейімдеді. Курс барысында мұғалімдер ЖИ құралдарын тиімді әрі этикалық тұрғыда дұрыс қолдануды, промпт жазуды, сабақ жоспарлау, тестілеу мен оқу материалдарын әзірлеуді меңгереді.

Бағдарламаға еліміздің кез келген өңіріндегі педагог reg. orleu.edu.kz сайты арқылы тіркеліп, LMS платформасында өзіне ыңғайлы уақытта тегін онлайн қатыса алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оқуағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы оқулықтарды сараптау саласында жұмыс істеу үшін педагог-сарапшыларды іріктеудің жаңа кезеңі басталғанын хабарлаған еді.

 

Нұрболат АМАНБЕК