Болашақтың иелерін тәрбиелеу – зор жауапкершілік
Алдағы күнге бағыт сілтеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын үлкен үмітпен тыңдадық. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбының өзі жаңашыл заманға бетбұрған өзгерістерден хабар берді. Өз Жолдауында Президент «Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді» деп, ел экономикасын дамыту білікті маманға байланысты екенін айта келіп, білімді де тәрбиелі тұлға қалыптастырудың маңыздылығына терең тоқталды.
Жас ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін білім беру ісінде қызмет ететіндіктен мектебімізде ұжыммен бірге Жолдауды тыңдап ғана қоймай, ондағы айтылғандарды іс жүзінде орындауға өзімізге міндет алдық. Құлан ауылындағы Юрий Гагарин атындағы негізгі мектебінде қазір 185 оқушыға 39 педагог білім мен тәрбие беруде.
Негізгі мектеп болғандықтан, 9-сыныпты тәмамдаған түлектеріміздің жартысынан көбі білімін ары қарай кәсіби оқу орнында жалғастырады. Мәселен, өткен оқу жылы 25 бала мектебімізді бітіріп шықса, соның 13-і колледждерге түрлі жұмысшы мамандықтарына оқуға түсті. Олардың басым көпшілігі бағдарламашы, электрмен қамтамасыз ету, дәнекерлеуші секілді техникалық мамандықтарды таңдады. Қалған 12 бала мектеп-гимназияларында арнайы бағытпен білім алуға аттанды.
Президент Жолдауда «Бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адами ресурстар» қажет» деп, жұмысшы мамандықтарға құрмет арта түсетінін айтты. Мектебіміздің түлектері жұмысшы мамандықтарын меңгеруге қадам басқанын кемел келешекке бастаған жаңа жол деп бағамдаймыз.
Мектебіміздің бірқатар оқушылары түрлі білім бәйгелерінде, өнер байқауларында, спорттық сайыстарда топ жарып, жеңіске жетіп жүрген талпыныстары бәріміздің ертеңге деген сенімімізді нығайтады. Ал қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген жастарымыз өз елін сүйген, Отанының өркендеуі үшін барын салатын патриоттық ниетін байқатады. Әрине, баланың бойында ізгі қасиеттер өнегелі әке мен анадан, ұлағатты ұстаздан дариды.
Біз осы жолда жаңарған заман талабына қарай еңбектенуден танбаймыз. Болашақ иелерін тәрбиелеп отырғанымызды тұтас ел алдында жүктелген жауапты міндет деп білеміз және сенім үдесінен шығуға зор жауапкершілікпен қараймыз.
Қазыбек ТҮМЕНБАЕВ
Юрий Гагарин атындағы негізгі мектептің директоры.
Т. Рысқұлов ауданы