Билігі – білікті, азаматтары – саналы
Күні кеше ел Президенті еліміздің алдағы міндеттерін айқындаған кезекті Жолдауын жариялады. Осы мақсатта Сарысу ауданында Мемлекет басшысының Жолдауы мен «Заң және тәртіп» қағидасын түсіндіру, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тұрғындармен кездесу өтті.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Еркін Сақыбаев, Адам құқықт ары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев, сондай-ақ Сарысу аудандық мәслихатының депутаттары, ардагерлер мен алқа билер кеңесі, құқық қорғау орган өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Жиында Президенттің Жолдауы, «Заң мен тәртіп» қағидасы кеңінен әңгіме болып, құқықтық сауаттылықты арттырудың алғышарттары түсіндірілді. Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Жолдау жүктеген міндеттердің маңыздылығына мән беріп өтті.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде облыста құқықбұзушылық пен қылмыс азайғанын, оның ішінде қоғамдық орындардағы қылмыстар 23 пайыз, көшедегі қылмыстар 22 пайыз төмендегенін, бірақ алаяқтық деректерінің азаймай отырғанын атап өтті.
Серік Жақсылықұлының айтуынша, соңғы айларда жүргізілген жедел-профилактикалық шаралардың нәтижесінде 263 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, олар әкімшілік қамауға алынып, уақытша оқшауланған.
Жиында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Еркін Сақыбаев суицид мәселесін көтеріп, биыл өңірде 158 дерек тіркелгенін, оның 18-і қайғылы жағдаймен аяқт алғанын айтса, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев жастардың құқықтық санасының жоғары болуы еліміздің құқықтық жүйесін нығайтуға септігін тигізетінін және әрбір жүйелі істің басында саналы жастар тұратынын атап өтті.
Кездесу барысында құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жан-жақты түсіндірілді, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері назарға алынды.
Нұрболат АМАНБЕК