Әлеумет

Әке жолы

Қазақтың «кір жуып, кіндік кескен» қасиетті мекенді атақоныс деп атауының өзінде атаны ардақтап, әкені құрметтеумен үндесетін үлкен перзенттік сезім жатыр. Біздің ата-бабаларымыз ертеден қоныс тепкен жер – Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы Қаратау ауылы. Ауылымыз қырғыз елімен шекаралас орналасқан. Кезінде Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев біздің ауылға келіп егіс алқаптарын аралаған кезде, ауылымыздың бөлімше басшысы Нәби Момынов көкеміз Димекеңе: «мына сіз тұрған жерден Қызылорда облысына дейін созылып жатқан Қаратау жотасы біздің ауылдың жоғары жағынан бастау алады және көрші жатқан Жуалы ауданында ағып жатқан Теріс өзені осы Қаратаудан бері асқанда Аса өзені болып аталып, сол өзен анау Сарысу ауданына дейін созылып жатыр», деп ауылымызды таныстырған екен.

Ауылымыз шаңырақтың көзіндей шағын ғана елді мекен. Егемендік алғанға дейін мұнда бас-аяғы отыздан астам үй тұратын. Кейін Қарақалпақстаннан, Тәжікстаннан қазақ ағайындар көшіп келіп, бүгінде сексеннен аса отбасы өсіп-өніп отыр. Кеңес заманында ұжымдастыру саясаты жүргізіліп, әр жерде шашылып отырған қазақтың шағын ауылдарын бір жерге жинап совхоз, колхоз құрғанда, біздің аталарымызды көрші Жуалы ауданына қоныс аударған екен.

Менің атам Қоңырбай бас болып осы ауылға, атақонысқа қайта көшіп келді. Сол кісілердің ұрпағы содан бері осында тұрақты тұрып жатыр. Марқұм апам айтып отырушы еді: «Мен бірнеше құрсақ көтердім. Отызыншы жылдары елде сүзек ауруы кең тарады. Бірнеше перзентім сол кезде шетінеп кетті. Содан аман қалған осы Башарым мен Бейшенгүлім» деп. Ұлдан жалғыз болған соң ба, әкем өте еркін өскен екен. «Ерте үйлендім, әкеден жалғыз ұл болған соң осы ауылда қалып қойдым. Әскерден кейін милицияға жұмысқа шақырған болатын. Әке-шешемді тастап кете алмадым. Сөйтіп ауылда тұрып қалдым. Әйтпегенде, бүгінде бір жерде үлкен қызметте отырар ма едім» деуші еді әкем.

Десе де, әкем Талдықорғандағы есепшінің курсын бітіріп, ауылда есепші, дүкен меңгерушісі, қойма басшысы болып үлкендікішілі әртүрлі қызметтер атқарды. Үйленгеннен кейін әкемді бір жылдан соң әскерге алып кеткен. Ол кезде әскери борышын өтеу үш жыл екен. Әскерден келген соң бір жылдан кейін мен дүниеге келіппін. Сондықтан әкемнің тұңғышы, менің ағам Ермекпен екеуміздің арамыз бес жыл.

Менен кейін сегіз перзент дүниеге келген. Екеуі дүниеден ерте кетіп, сегізіміз қалдық. Әлгінде айтқандай, біздің ауыл шап-шағын. Сол кішкентай ауылдың ерекше қасиеті бар ма деп ойлаймын. Байқасаңыздар, кей жердің топырағы құнарлы, қасиеті де ерекше болатын сияқты. Көрші жатқан Жуалы, Түлкібас жерінен қаншама ғұлама, батырлар шыққаны белгілі. Анау Баянауыл, Қарауыл жерлері ше?..

Сол сияқты біздің ауылдың да өзіндік ерекшелігі бар. Азаматтары бүгінде республикамыздың түкпір-түкпірінде түрлі қызметте абыроймен еңбек етіп жүр. Тағы бір басты ерекшелігі – біздің ауылдың жігіттерінің бәрі дерлік (менен басқасы) шетінен кәнігі көкпаршы. Осы күні республикамызға кеңінен танымал «Әулиеата» көкпар командасы осы ауылда, атақты көкпаршы Нәби Момыновтың арқасында дүниеге келді. Нәби көкеміз әңгімені де майын тамыза отырып таңнан таңға айтушы еді.

Бір әңгімесінде: «Мен он бес жас шамасындамын. Бәкең (Башар) әскерден келген кезі. Ауылдан екеуміз ғана қырғыз еліне барып, көкпар тартып қайтатынбыз. Ол кезде көкпар басқаша болатын. Бірде қырғыздар бізге келеді, бірде біз оларға барамыз. Көкпар бітеді-ау дегенде көкпарды алып қашып кету деген дәстүр болатын. Қырғызға барғанда Бәкең қалың қырғыздың ортасына жалғыз өзі шауып кіретін. Мені жүйрік атпен көкпардың сыртына қойып қояды. Алып қашатын кезде көкпар қолына тие салысымен шауып келіп, маған төңкереді. Мен ауылға қарай алып қашамын. Қалың қырғыз артымнан қиқулап қуа жөнеледі. Енді жетіп көрсін...»

«Біздің ауылда менің нағашым Сияқұл да жастайынан көкпарға құмар болды. Әсіресе ол кісінің атқұмарлығы ерекше еді. Қырғыз-қазақта көкпардың мықты аты бар десе, ол кісі сол атты қолына түсірмейінше байыз таппайтын. Небір тұлпарларды баптап көкпарға салатын», деп көкем әңгімесін әрі қарай жалғастырады. «Сол нағашымның атақты торы айғыры болды. Оны екінің бірі шаба бермейді. Т

оры айғырдың шабысы ерекше еді. Аузын ашып, жалы арыстанның жалындай күдірейіп, танаулары пиялайдай болып, жерді төңкере шабатын еді, жарықтық. Торы айғырға ешкімнің дәті шыдай бермейтін. Бәкеңнің әскерден келген кезі дедім ғой. Әскерден кейін бірінші рет көкпарға барған сәті. Сияқұл нағашым Башардан жасы үлкен еді. Аралары онша көп болмаса да, Бәкең нағашымды «тәте» деп сөйлейтін. Сол кісілерден көрдім, бір біріне деген құрметті. Сыйлассаң солай сыйлас. Сол бір көкпарда нағашым келіп: «Әй, Башар, мына торы айғырды сен шаппасаң, басқа шабатын ешкім болмай тұр. Отыр мынаған, сөйт те кір мына көкпарға. Әйтпесе, мынау қырғыздар қоятын емес» деп Бәкеңе торайғырды көлденең тарта берді. Сонда көрдім, екі дүлейдің бір-бірін тапқанын. Екеуі – Бәкең мен торы айғыр, қалың қырғызды шулатып, тақымдарына көкпар тигізбеді ғой. Содан кейін торы айғыр десе Башар, Башар десе торы айғыр дейтін болды», – деп әңгімесін тамсана отырып аяқтаушы еді.

Әкемнің көкпардағы жолын ағам Ермек жалғастырды. Ол да қырғыз-қазақты талай шулатты. Нәби көкемнің қара төбел айғыры болатын. Өзі таудай, К-700 тракторындай жуан еді. Сол қаратөбелді Нәкең Ермекке ғана шаптыратын. Әкеге қарап ұл өсер деген осы шығар... Менің кейде өлең жазып қоятыным бар. Шалқып тұрған шайырлығым болмаса да, өзіммен-өзім сырласқанда қалам сілтейтінім бар. Бұны айтып отырғаным, әкем жігіттің серісі болған еді. Әнді де бір кісідей тамылжыта шырқайтын. Домбыра тартып, баянда ойнады.

Анам айтып отырушы еді, «жас кезінде әкелерің жиындарда айтысқа да қатысқан» деп. Сол жағынан мен кішкене әкеме тартқанмын ба деп ойлаймын. Әрине, әкеміздің барлық қасиетін бір естелікте айтып тауысу мүмкін емес. Қолы ашық, жаны жомарт тұлға еді. Қашанда біреуге қолұшын беріп, көмектескісі келіп тұратын. Ауылымыз кішкентай болған соң оның тұрғындарының басым көпшілігі жақын ағайындар. Ауылда үш сыныптық мектеп, ауылдың балалары жоғары сыныпты көрші ауылдарға барып оқитын. Жоғары оқу орнын Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына барып оқиды. Бізден он-он бес жас үлкен аға-әпкелеріміз әлі күнге дейін айтып отырады.

«Студентпіз. Үйден алған азын-аулақ ақшамыз көпке жетпейді. Кейде аш жүріп қаламыз. Сондай сәттерде «Е, Құдай, Башар тәтем алдымнан шыға келсе ғой» деп тілейміз. Құдай шынымен тілеуімізді қабыл қыла ма, тәтем тура алдымыздан шыға келеді. Әкемізді көргендей қуанатынбыз. Өйткені, тәтем міндетті түрде асханаға апарып тамақтандырып, тағы да қолымызға ақша ұстатып кететін». Мектеп бітіргеннен кейін Алматыға келіп журфакқа түсе алмай ауылға қайттым. Ауылда қалғым келмей аудан орталығындағы «Шұғыла» газетінің редакциясына бардым. Сол кезде Арғынбай Бекбосынов ағамыз бас редактор.

«Редакцияда саған жұмыс жоқ, бірақ мына баспаханаға жұмысқа кіргізейін» деп, баспахана директоры Дронов деген кісіге табыстады. Сол күннен бастап баспаханада әріп теруші болып жұмысқа тұрдым. Иә, тұрдым дейтін себебім, жұмысым азаннан кешке дейін табаныңнан тік тұрып әріп теру керек. Жаялықтай қалыптың ішіндегі ұяларда әріптер жатады. Іс қағаздарын осылай қолмен теріп басып шығаратынбыз. Ол әріптер баспаның бояуына қап-қара болып шыланып жатады. Бірде кезекті жұмыс уақыты болатын, «саған біреу келіп күтіп тұр» деді әріптестерім. Баспахананың ішіне бөтен адамды кіргізбейтін. Сыртқа шықсам, әкем күтіп тұр. Аудан орталығына шаруаларымен келген екен.

Менің түрімді көріп қабағы түсіп кетті. Үстімде жұмыстың көк халаты. Жеңді түріп тастағанмын. Үстім, екі қолым білегіме дейін қап-қара май. «Балам, ауылдағы Сатыбалды көкең сияқты трактор жөндеп жатырсың ба?» деп түсінбей қарады. «Жоқ, тәте, мен әріп терушімін ғой. Осылай әріп теремін» дедім күмілжіп. Мені қысылдырмайын деді ме: «Е-е, әріп терсең жақсы жұмыс екен. Жұмысыңды істей бер.

Ауданға келген соң жағдайыңды біліп кетейін деп соққан түрім ғой» деді. Міне содан бері әріп теріп келемін. Мен өмірімде әріп теріп келе жатсам, әкем өмір бойы сауап жинап кеткен сияқты. Олай дейтінім, ол кісі есепші де, дүкен меңгерушісі де, қойма меңгерушісі де, бір кездері қойшы да болды. Анам марқұм айтатын: «Осы әкеңнің орнында басқа адам болса баяғыда шіріген бай болар едік. Дүкен ұстады, белшесінен қарыз болып, қолдағы малдарды сатып әрең құтылды. «Неге?» деймін. Келген ауылдастар, «ақшам болмай тұр, қарызға бере тұршы, айлық алғанда қайтарамын» дейді де, азық-түлікті жаздырып алып кете берген.

Ешқайсысы уақытысында қайтармайды. Ревизия келгенде «не достача» деп әкеңнің мойнына іліп кетеді. Қарыз алғандардан қарызын қайтарып алуды да білмейді» деп күйініп отыратын. «Қойма меңгерушісі болды. Онда да қыруар дүниені жағдайым нашар деп келгендерге таратып бере салатын. Қой бақтық. Қойшылар есебін тауып өкіметің малын сойып жесе, әкең өзінің он шақты малын сойып жейтін. Әкең өзіне келгенде бетмоншағы үзіліп тұрады, «елден ұят қой» деп. Әйтеуір, сендерді ешкімнен кем қылмай өсірді ғой. Онысына да Құдайға шүкір», – деп әңгімесін аяқтайтын, қайран анам.

Міне, әкеміздің дүниеден озғанына да бір жыл өтіпті. Байламы жоқ мына жалған, зымыраған уақыт! Әке-шешең барда ауылға барғың келіп тұратын. Жақында бардым. Інім де, келін де жұмыста. Айналаның бәрі тап-тұйнақтай. Үйдің іші де тап-таза, бір көлденең жатқан зат көрмейсің. Әр нәрсе өз орнында. Тек әкем орнында жоқ. Үй қаңырап бос қалғандай сезімде болдым. Әкем қайтыс боларынан жарты жыл бұрын ауыра бастады.

Аяғының бас бармағына қарайып жара шықты. Алғашында онша мән бермеген. Үйдегілер де баса көңіл бөліп қарамаған. Ауруы күшейе бастағанда ғана бізге айтты. Ағам Тараздағы дәрігерлерге апарып көрсетті. Олар ештеңе жасай алмады. Мен Алматының түрікқазақ клиникасына әкеліп жатқызып емдеттім. Дәрігерлер «гангрена сүйекке өтіп кеткен. Оған енді ештеме жасай алмаймыз. Аяғын кесуге ақсақалдың жүрегі шыдамайды.

Бұған басқа ем жоқ» деді. Бір апта жатып, бір дәрілерді жазып берді. Үйге әкелдік. Екі күннен кейін «мені ауылға апарыңдар» деп қоймады. Қайтып ауылға әкелдік. Бұның бәрін жазып отырғаным, сол ауырғаннан бақандай алты ай ауырып төсек тартып жатып қалды. Дәрігерлер «жүрегі шыдамайды» деп шығарып тастады. Әкемнің жүрегі шыдайтын еді.

Дәрігерлер дәл диагноз бермей, долбарлап айта бере ме деп қалдық. Өйткені алты ай ауырып жатып: «Балам, мына ауру аяғымның сүйегін жеп жатыр. Түнімен ұйықтатпайды» деп бір рет те шағымданған емес. Ауру жанын жегідей жесе де білдірмей кетті. Жанының қиналғанын сездірмеуге тырысты. Соған шыдаған жүрек ота жасауға шыдар ма еді дейсің, кейде өкініп. Сондай батыл, кеңпейіл, адамгершілікке толы жүрегі анау кеудесіне қалай сыйып жүрді екен?! Әкем сексен бес жасында қайтты.

Біз де алпыстан астық. Абыройын өле өлгенше сақтап кеткен, ғұмырында бір кісінің ала жібін аттамаған, малын жанының садағасы, жанын арының садағасы еткен әкемнің жолымен жүре алсақ, бізде арман болмас еді. Жатқан жерің жарық болсын, асқар тауым!

 

Ілияс БАШАРҰЛЫ

ардагер журналист.