Ауданда ірі жобалар іске асырылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында ел экономикасын арттыруды тапсырды. Бұл бағытта ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар баршылық. Президентіміз көтерген «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы басты міндеттердің бірі – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бүгінгі күні аудандағы барлық салада оң нәтижелерге қол жеткізілуде. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, білім, әлеуметтік сала және инфрақұрылым бағыттарында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар сәтімен жүреге асырылуда.
Атап айтар болсақ, осы жылдың алғашқы жартысында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 18,4 миллиард теңгеге жетті. Егіс көлемі 132,5 мың гектарды құрады, өткен жылға қарағанда 4 пайызға артты. Мүйізді ірі қара басы 68,3 мың, қой-ешкі – 214 мың, жылқы – 32 мың, құс 450 мың басқа жетіп отыр. Сонымен қатар мал басын асылдандыру мақсатында бүгінгі күні «AzNur Agro» АШӨК 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салуда. Ал «Береке» шаруа қожалығы 100 гектар аумаққа жылыжай кешенін салу бойынша дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Бұдан бөлек, 250-ден аса шаруа қожалығы мемлекеттік қолдау арқасында субсидия алып, заманауи техникамен жабдықталды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 115,9 миллион теңгені, мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 8 миллиард 838,7 миллион теңгені құрады. Есепті жылы 52076 гектар алқапқа ақ егіс және басқа да дақылдар себілді.
Бүгінгі күні ол алқаптардан 1518 тонна бидай, 4355 тонна арпа, 1029 тонна картоп, 3558 тонна көкөніс, 1990 тонна бақша, 166627 тонна мал азығы жиналды. Әр гектарға шаққандағы орташа өнім көлемі, атап айтсақ, бидай 7,4, арпа 7,1 центнерді құраса, картоп 223,7, көкөніс 247,1, бақша 276,4 центнерден айналды. Сонымен қатар жаңа техника алынып, мал сою алаңы, су қорғау аймақтары, көкөніс қоймасы, мал шомылдыру орындары іске қосылды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында 39 жоба қаржыландырылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінгі күні Айша бибі ауылындағы «АЛИЗА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 7 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын пайдалануға бергелі отыр. Қазіргі таңда нысанға электр желісі мен көгілдір отын тартылуда. Ал Тоғызтарау, Өрнек ауылдарынан мал шомылдыруға арналған орындар салынды. Аса ауылынан жеке кәсіпкер Қарабеков мал сою алаңын іске қосты. Оның тәуліктік қуаты 200 бас ұсақ мал союға арналған. Жоба құны 500 миллион теңгені құрайды.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Ақбастау, Ерназар ауылдық округтерінде мал егу орны және мал шомылдыруға арналған орынмен бірге ветеринарлық пункт құрылысы аяқталуда. Ауданда 10 жылыжай бар. Оның жалпы аумағы – 0,5370 гектар. Бұл жылыжайлардан 11,6 тонна қияр және басқа дақылдар жиналып, нарықтық бағамен өткерілуде. Ал биылғы жиналған көкөніс пен жемісжидек өнімі сыйымдылығы 4980 тоннаны құрайтын 8 қоймаға сақталатын болады.
Ауданның ауыл шаруашылығы жерлері 235,9 мың гектарды құрайды. Оның 55,2 мың гектары егістік болса, 28,4 мың гектары суармалы егістік, 26,7 мың гектары суарылмайтын егістік, 1,2 мың гектары көпжылдық екпелер, 7,7 мың гектары шабындық, 170,3 мың гектары жайылымдық, 1,2 мың гектары бөгде жер. Елді мекеннің жері 34,9 мың гектар болса, өндірістік мақсаттағы жерлер – 9,9 мың гектар, орман қорының жері – 125,7 мың гектар, су қорының жері – 1,2 мың гектар, босалқы жер – 11,9 мың гектар.
Биыл пайдаланылмай жатқан 4108 гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі таңда әкімдік тарапынан иесіз мүлікке тіркелген 1291,84 гектар жер учаскесін қайтару үшін жұмыстар жүргізілуде. Биыл «Ауыл аманаты» жобасының бесінші – жеке кәсібін ашу бағыты бойынша 8 ауылдық округтен 39 жоба қаржыландырылды. Оның сомасы – 280 миллион 970 мың теңге. Осының есебінен 48 жұмыс орны ашылды. Ал 2019-2024 жылдары аталған жоба шарапатын 8 ауылдық округ көрді. Осы жоба аясында 490 адам жұмыспен қамтылды. Ауданда 12 шағын өнеркәсіп нысаны жұмыс істеп тұр.
Бұл салада 24 миллиард теңгенің өнімі өндірілді немесе нақты көлем индексі 101 пайызды құрады. «Амангелді ГӨЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 17 миллиард 763,3 миллион теңгеге (88,1 мың тонна) мұнай өнімдерін өңдеді. Сондай-ақ «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС-де 473,5 миллион теңгеге (244,1 мың тонна) гипс тасы өндірілсе, «Суперфарм» өндіріс орны 4 миллиард 460,8 миллион теңгеге (50,5 миллион дана) матадан жасалмайтын медициналық бұйымдар шығарды.
«Ерсад» ЖШС-де 524 миллион теңгеге (287 мың дана) матадан жасалмайтын медициналық бұйымдар өндірілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 19 миллиард 885,7 миллион теңгені немесе 161,2 пайызды, оның ішінде жеке инвестиция көлемі 15 миллиард 931,3 миллион теңгені немесе 308,8 пайызды құрады. Сондай-ақ биыл жалпы құны 17,3 миллиард теңгені құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласы бойынша 7 жоба аясында 7,7 миллиард теңгеге 56 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал туризм саласы бойынша 1,3 миллиард теңгеге 2 жоба қолға алынбақ.
Атап айтқанда, Көлқайнар ауылдық округі аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынан «Арзан Сити3» жол бойындағы қызмет көрсету орталығы жыл басында ашылды. Жоба құны – 700 миллион теңге. Жаңа 50 жұмыс орны құрылды. Бүгінде сол аумақта «Таң Петройл» ЖШС жол бойындағы қызмет көрсету орталығының құрылысын жүргізуде.
Жоба құны – 600 миллион теңге. 10 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұған қоса, Әулиекөл ауылы аумағында орналасқан «KEGOC» АҚ-ның 500 киловатт подстанциясын кеңейту жобасы жоспарлануда. Ағымдағы жылы осы инвестор есебінен ауданның негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8,3 миллиард теңгені құрады. Алдағы жылы 2 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның бірі – Бірлесу-Еңбек ауылы аумағынан «Кнауф-Гипс-Тараз» ЖШС гипсокартон және құрғақ қоспаларын өндіру зауытын кеңейтуді ниет етіп отыр.
Бұл мақсатта 28 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның құны – 14,5 миллиард теңге. Жылдық қуаты 22 миллион шаршы метр гипс және гипсокартон өндіру. 100 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Зауытты 2026 жылдың төртінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Зауыт құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын осы жылдың төртінші тоқсанында аяқтау көзделіп отыр.
Қазіргі таңда инженерлік-инфрақұрылым желілерін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сондай-ақ Айша бибі ауылдық округі Әулиекөл ауылы аумағынан «Juru» компаниясы 25 шақырым әуе электр желісін жүргізуді жоспарлауда. Жоба алдағы жылы басталып, 2027 жылдың басында аяқталады. Осы серіктестік Талас және Сарысу аудандарында желден қуат алатын электр қондырғыларын орнатқан.
Тараз қаласына жалпы жобалық құны 21,2 миллиард теңгені құрайтын төрт ірі инвестициялық жоба өтті. Оның екеуі Бектөбе ауылы аумағында орналасатын «Алель агро» ЖШС құс етін өңдеу зауыты мен «Alit Holding» ЖШС құрылыс материалдарына қажетті құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты болса, Жамбыл ауылдық округінен «TRZ Agro» ЖШС көкөніс сақтау қоймасын соғу жобасы. Сонымен қатар Ақбұлым аумағында «Азия Ботлерс» ЖШС алкоголь және алкогольсіз өнімдер шығаратын цех салуды жоспарлап отыр.
Жалпы ауданда 6763 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оның ішінде тұрақты жұмыс істеп тұрған 5923 субъектіде 10408 адам жұмыс істеуде. Онда 23,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 109 миллион теңгеге 4 жоба қаржыландырылып, 17 жұмыс орны ашылды. Осы жылдың қаңтармаусым айларында құрылыс жұмыстары 5 миллиард 663 миллион теңгеге жүргізіліп, нақты көлем индексі 91,6 пайызды құрады.
Аудан аумағында бюджет қаражаты есебінен 4,4 миллиард теңгеге 22 нысанға құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қызылқайнар ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Шайдана, Бәйтерек ауылдарында мектеп құрылысы, Жаңаөткел ауылында ауызсу құбырының құрылысы аяқталды. Бектөбе, Қызылшарық, Өрнек-Жұма ауылдарында ауызсу құбыры, Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат, Сеңгірбай ауылдарында ауылішілік және Сеңгірбай ауылында магистральды газ құбыры, Аса ауылында орталық кітапхана, архив, жасөспірімдерге арналған үйірмелер жүргізу орталығының құрылыстары аяқталуда.
Бұдан бөлек, Қостөбе ауылында мектеп, Тастөбе ауылында спорт кешенінің құрылысы мен Бесағаш және Ш.Ниязбеков ауылдарында мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Пайдалануға берілген жекеменшік тұрғын үй көлемі 23881 шаршы метрді құрады.
Ауданда тұрғын үй кезегіне 1767 адам тіркелген. Оның ішінде 121 бала жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, 620 адам әлеуметтік әлсіз топтағы, 699 көпбалалы отбасы, 327 мемлекеттік қызметші кезекте бар.
Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін аудан орталығы Аса ауылынан 40 отбасыға 621,5 миллион теңгеге үйлер сатып алынды. Биыл осы бағытта 595,4 миллион теңге бөлініп отыр. Ауданда жер телімін алуға 11918 адам кезекте тұр. 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін, су, газ тарту, қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, кезектілікке сәйкес 1721 жер учаскесі берілді.
Аудандағы 31 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған таза ауызсумен немесе жалпы тұрғындардың 99,4 пайызы ауызсумен қамтылған. Өрнек, Жұма ауылдарында таза ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Аталған жоба іске асқан жағдайда биылғы жылы қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Сондай-ақ, Аса және Айша бибі ауылдарында халық санының өсуіне және жаңа тұрғын үй алқаптарының қосылуына байланысты ауызсу тапшылығын болдырмау мақсатында екінші көтергіш сорғы станциясының құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны – 1 миллиард 293,5 миллион теңге.
Облыстық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті бюджеттік өтінім тапсырылды. Аудан бойынша 31 елді мекеннің 27-сі табиғи газ жүйесімен қамтылған, бұл көрсеткіш 87,1 пайызды құрайды. Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат, Сеңгірбай елді мекендерінің ауылішілік газбен қамту және Сеңгірбай ауылына дейін магистральды газ құбырының құрылыс жұмыстары аяқталуда. Осы аталған 4 елді мекен табиғи газға қосылған жағдайда қамтылу көрсеткіші 100 пайызға шықпақ. Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 332,2 шақырым.
Аудандық маңызы бар жолдарға орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданішілік қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға 7 бағытқа 236,8 миллион теңге бөлінді. Ауданға қарасты 13 ауылдық округтегі 31 елді мекенде 322,2 шақырымды құрайтын 379 көше мен бұрылыстар бар. Ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша 627,1 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 15,2 шақырымды құрайтын 15 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 6 жоба аудандық бюджет, 9 жоба «Ауыл – ел бесігі» жобасы есебінен жүргізілуде. 12 елді мекеннің 34 көшесіне түнгі жарық орнатылды. Бір елді мекеннің 3 көшесінің ескі бағаналары мен желілері ауыстырылып, бір елді мекеннің трансформаторы алынды.
Ауылішілік көше шамдары істен шыққан жағдайда қалпына келтіру шығындарына да қаржы бөлінген. Бүгінде аудан бойынша жалпы 263 көшенің 158-і жарықтандырылған. Аудандық электр жүйесінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Ш.Ниязбеков елді мекенінің толық әуе желілері, қосалқы станциялары жаңартылды. Яғни, қуаттылығы 250кВ қосалқы 4 станциясының жалпы ұзындығы 11,225 шақырым СИП сымы ауыстырылды. 173 темір-бетон бағанасы толық ауыстырылды және үйлерге жалпы 304 ДТЗ карталық электронды заманауи есептеуіш құралы қойылды.
Аудан бойынша биыл күрделі және ағымды жөндеу бойынша Айша бибі елді мекенінде 5 қосалқы станция толық күрделі жөндеуден өткізіліп, тал-дарақтарын шауып, желілерді тазарту жұмыстары жүргізілді. Тастөбе елді мекенінің электр желілері және қосалқы станциялары ағымды жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ Аса ауылының Төле би көшесіндегі №34 қосалқы станциясы толық жөнделді. Осы сияқты Ерназар ауылында 3, Аса ауылында 2, Қапал ауылында 1, Жамбыл ауылында 1 қосалқы станция ауыстырылады. Жоспар бойынша тозығы жеткен бағаналарды темір-бетон бағанасына, сымдарын СИП сымына ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс жыл соңына дейін толық аяқталады. Сонымен қатар темір-бетон 32 СВ-105, 611 СВ-95 бағаналары, СИП 4*50 23515 метр сымы, 7 қосалқы станция ауыстырылады. Ерназар елді мекенінде 270 темір-бетон бағана 1700 метр СИП сымы жаңаланды.
Алдағы жылы инвест бағдарлама бойынша Өрнек, Аса, Ерназар, ауылдық округтеріндегі жоспар бойынша тозығы жеткен бағаналарды темір-бетон бағанасына, сымдарын СИП сымына ауыстыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде биыл 782,2 миллион теңгеге 12 жоба, оның ішінде ауылішілік көше жолдарын жөндеу бойынша 558,5 миллион теңгеге 8 ауылдық округте 9 жоба іске асырылуда. «2024- 2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» аясында азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға 4254 адамды қамту жоспарланып, нақты 2485 адам қамтылды. Жоспар 58,4 пайызға орындалды.
Аудандағы 30 жалпы орта білім беру мектептерінің 25-і типтік, 5-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Оның ішінде (22 орта, 7 бастауыш, 1 негізгі мектеп) 579 сынып комплектісінде 10575 балаға 1638 мұғалім білім беруде. Сонымен қатар мектепалды дайындық бойынша 47 сынып комплектісінде 667 бала білім алуда. Қосымша 2 жекеменшік мектеп қызмет істейді (Asa Elite school, Мөлдір).
Сонымен қатар 2 қосымша білім беру мекемесі (М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебі, Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы) және педагогикалықпсихологиялық түзету кабинеті жұмыс істейді. Бәйтерек ауылында 100 орындық, Шайдана ауылында 150 орындық мектеп құрылысы аяқталды. Қостөбе ауылында 100 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. 2026 жылы Төле би, Ә.Тарази, Абай және №2 орта мектептерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ биыл аудан орталығындағы үш мектепке футбол алаңын орнатуға 48 миллион теңге, Айша бибі, Т.Тоқтаров, №1 орта мектеп ауласын абаттандыруға 25 миллион теңге бөлінді. Білім нысандарын газдандыру бойынша 2024- 2025 жылдарға арналған жол картасына сәйкес Еңбек, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептерге газ жүргізу үшін 22,5 миллион теңге бөлінді. Облыстық бюджеттен 6,2 миллион теңгеге К.Сартбаев, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептерде жылу құбырлары жаңғыртылды. Психологиялықпедагогикалық түзету кабинетіне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге 66,7 миллион теңге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары басталды.
Денсаулық сақтау саласында 29 мекеме бар. Оның 19-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Осы мекемелерде 76 дәрігер, 310 орта, 105 кіші буын қызметкерлер жұмыс істейді. Аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаты дайындалып, сараптамадан өткізілді. Жобалық құны – 2,6 миллиард теңге. Ауданда 1 аудандық, 4 ауылдық мәдениет үйі, 10 ауылдық клуб, 22 кітапхана, 1 музей бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылқайнар ауылында 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдануға берілді. Аса ауылында орталық кітапхана, архив және жасөспірімдерге арналған үйірмелер жүргізу орталығының құрылысы аяқталуда. Қаракемер ауылдық кітапхана ғимараты ағымды жөнделуде.
Бірлесу-Еңбек ауылдық мәдениет үйінің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптама қорытындысы күтілуде. Ауданда жалпы 146 спорт нысаны бар. Биыл 6,2 миллион теңгеге Айша бибі ауылындағы шағын футбол алаңының жасанды төсемі ауыстырылды. Сондай-ақ Аса ауылының Ғ.Мұратбаев көшесіне және Бірлесу-Еңбек, Қаратау ауылдарына балалар ойын алаңшасы орнатылды.
Аса ауылының кіреберісіне футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, Әулиекөл ауылына шағын футбол алаңы, Жаңаөткел ауылындағы шағын футбол алаңына қосымша қоршау орнатылды. Қазіргі таңда 481 миллион теңгеге Тастөбе ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ал, 703,5 миллион теңгеге Қызылқайнар ауылында спорт кешені құрылысын жүргізу үшін тиісті жобалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Алдағы жылдары Ерназар, Тоғызтарау, БірлесуЕңбек, Ащыбұлақ, Шайдана, Ш.Ниязбеков, Шоқай ауылдарында ангарлық үлгідегі спорт кешендерін орнату спорт басқармасымен бірге жоспарға енгізілуде. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына бүгінгі күнге 830 жас тартылды. Тұрақты жұмысқа – 392, әлеуметтік жұмыс орнына – 19, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 179, жастар тәжірибесі бағдарламасымен – 60, алғашқы жұмыс орны бағдарламасына – 22, жұмыс орындарында жұмыссыздарды оқытуға – 5, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға – 28, электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқуға – 66, мемлекеттік грант бойынша 12 жас тартылды. 102 жас «Бастау бизнес» жобасымен оқытылды, 100 жас «Жасыл ел» жасақтары қатарына алынды. Волонтерлық бағытта 347 іс-шара өткізіліп, оларға 5394 жас волонтер атсалысты. Ал биыл «Сән салоны», «Кітап ал, кітап сыйла», «Шағын кинотеатр», «АуылBAY», «Мерген – дәстүрлі садақ ату», «Қараоке кеші», «Кофе тайм» жобалары және әлеуметтік желіде «Жастарға кеңес» рубрикасы жүргізілуде.
Сонымен қатар, көмекке мұқтаж жастарға және ерекше балалар тәрбиелеп отырған жастардың ата-аналарымен жұмыс жүргізуге психологиялық кабинет өз жұмысын бастады. Жалпы ауданда 31 елді мекеннің кіреберісі мен шығаберісіне 134 бейнебақылау қондырғылары орнатылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін және автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге барлығы 125,2 миллион теңге бөлінді.
Аудандық полиция және осы бөлімнің ғимаратында орналасқан Жедел басқару орталығы (ЦОУ) бөлмесіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді, 6 LED теледидары сатып алынды. Жамбыл ауданы 2025 жылы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттырып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптен бастап әлеуметтік салаға дейін кешенді жұмыстар атқаруда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде аудан халқының тұрмыс сапасы жақсарып, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл-аймақтар жаңарып жатқанына аудан жұртшылығы куә.
Ерлан ҚЫДЫРАЛЫҰЛЫ
Жамбыл ауданының әкімі