«Университет тек білім ордасы емес, ғылым орталығы болуы керек»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында аграрлық ғылымды дамыту, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу, арнайы Агрохаб құру мәселесіне ерекше назар аударды. Президенттің осы тапсырмасына сәйкес университеттік ғылымның жағдайы, ғалымдардың ғылыми ізденістері, ғылым мен өндірістің арасындағы байланыс туралы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали САРЫБЕКОВПЕН сұхбаттасқан едік.
– Махметғали Нұрғалиұлы, Шерхан университетінің басты ғылыми ізденістері қай бағытта дамып келеді?
– «Университеттің даму стратегиясына» сәйкес негізгі міндетіміз – өңірдің инновациялық экономикасы мен әлеуметтік саласына халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ғылыми зерттеулерді жүргізу. Әлемнің кез келген мемлекетіне барсаңыз, олар Қазақстанды аграрлық республика ретінде таниды. Еліміздің ұлттық экономикасының дамуы ауылдың жағдайына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқандай: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес». Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азықтүлік өнімімен толық қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, мемлекетіміз егемендік алғалы бері 34 жылдың ішінде осы мәселе толық шешілген жоқ. Мысалы, Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар 19 азықтүлік тауарының ішінде 9 түрінен 100 пайызға, 8 түрінен 50 пайызға облыс өзі қамтамасыз ете алады, ал 2 түрі басқа аймақтардан әкелінеді (күріш – Қызылорда облысынан, қарақұмық – Солтүстік Қазақстан облысынан). Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрсеткендей, бұл жерде екі мәселені нақты шешу қажет. Сондықтан осы мәселені түбегейлі шешу үшін екі басымдыққа назар аударамыз. Біріншіден, ауыл шаруашылығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Екіншіден, аграрлық ғылымды дамытып, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу.
– Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау үшін университетте қандай жұмыстар атқарылуда?
– Университеттегі бакалавриаттың 38 білім бағдарламасының және магистратураның 24 білім бағдарламасының ішінде жетекші орын алып отырған агрономия, агрономия-экология, ветеринария, ветеринарлық санитария, ветеринарлық медицина, өсімдіктерді қорғау және карантин жұмыстарын жүргізу, биология-санитарлық эпидемиология, стандарттау, сертификаттау және сапаны бақылау (салалар бойынша). Былтырғы оқу жылында «Орман шаруашылығы» мамандығы ашылды. Б ұ л мамандыққа облысымыздың орман шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген, бірақ арнайы білімі жоқ алғашқы 33 адам қабылданды. Бүгінде «Балық шаруашылығы» білім бағдарламасы бойынша лицензия алу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Яғни білім беру бағдарламалары аграрлық сектордың қажеттілігіне бейімделіп отыр. Бүгінде талап өзгерді. Университет тек білім ордасы емес, ғылым орталығы болу керек. Академиялық ғылыммен қатар университеттік ғылым дамып келеді.
– Мемлекет басшысы Жолдауында экономиканың барлық салаларында жасанды интеллектіні енгізіп, сол арқылы Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру туралы айтты. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Бұл өте күрделі мәселе. Президент Жолдауда «Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары керек. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс» деді. Оның орындалуы ең алдымен осы саладағы кадрларға байланысты. Цифрландыру және жасанды интеллект даму заманында еңбек нарығындағы мамандықтар тез ескіреді. Бүгінгі мамандықтар 5-10 жылдан кейін қажеттігін жоғалтуы мүмкін. Себебі адамның орнына жасанды интеллект келеді. Мысалы, ауыл шаруашылығында келесі жаңа мамандықтар пайда болады: экотехнолог, цифрлық агроном, агродрон операторы, агроном-робототехник, биофермер, агроклиматолог, ауыл шаруашылығы стартап менеджері, генетикс елекционер, агро экотуризм маманы, топырақ микробиологы, органикалық өнім маманы, агромаркетолог. Университеттер оқу бағдарламаларын осы мамандарды даярлауға бейімдеу керек.
– Ауыл шаруашылығына с апалы, бәс екеге қабілетті мамандарды даярлау және экономика қажет ететін аграрлық ғылымды дамыту үшін инновациялық инфрақұрылым қажет. Бүгінде университеттің материалдық-техникалық және оқу-зертханалық базасы қай деңгейде?
– Облыстың Байзақ ауданында университеттің 3 ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Біріншісі – 8 гектар жерді алып жатқан агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы. Орталық студенттер мен магистранттардың кәсіби практикадан өтуіне, профессороқушы құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, жылыжай кешенін дамытуға және отандық өсімдік селекциясын зерттеуге арналған. Одан бөлек агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ауыл шаруашылығында жүрген шаруаларға әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді, яғни олардың қаржылық сауаттылығы мен кәсіпкерлік мәдениетін дамыту мақсатымен курстар мен тренингтер өткізеді. Мен бірнеше жыл облыстық кәсіпкерлікті дамыту басқармасының жанында құрылған комиссияны басқардым. Комиссия «Бизнестің жол карт асы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге грант беру туралы мәселені қараған болатын. 3 миллион теңге көлеміндегі грант өз кәсібін бастап жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау (старттық капитал) ретінде берілетін. Өкінішке қарай, конкурсқа қатысқан көп азаматтар кәсіпкерге қажетті негізгі сұрақтарға (бизнесжоспар, жобаның жаңашылдығы, қосымша жұмыс орындарын ашу) жауап беруге қиналды. Яғни олардың кәсіпкерлік мәдениеті төмен екендігі анықталды. Сондықтан оларды кәсіпкерлікке дайындау қажет. Тағы да бір мәселе – шаруаларға берілетін субсидия. Президенттің айтуы бойынша, биылғы жылы фермерлерді қолдау мақсатымен 1 триллион теңге қаржы бөлінді. Алайда субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Өкінішке қарай, шаруалар субсидияны мемлекет міндетті түрде беретін төлем деп қабылдайды. Ал субсидия дегеніміз – шаруаларды өнімді жұмыс істеуге ынталандыратын тәсіл. Сондықтан да субсидияны шаруаларға мақсатты беру, тиімді пайдалануына талдау жасап, бақылауда ұстау, субсидиялау туралы ақпарат ашық болып, толық қамтитын платформа әзірлеп, шаруаларға тегін кызмет көрсету – өзекті мәселе. «Ветеринария және мал шаруашылығы» ғылымизерттеу орталығының жер телімі – 50 гектар. Мақсаты – өңірлік агрокешенді дамыту және ауыл шаруашылығы селекциясын зерттеу. Мұнда университеттің ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қараға арналған фермасы орналасқан. «Аквакультура» ғылымизерттеу орталығы – өңірде балық шаруашылығын дамыту, балық өсіру, су айдындарының құрамын зерттеумен айналысады. Қазіргі таңда облыста балық шаруашылығы саласында 148 су айдыны бар. Университет ғалымдары о сы көлдердің 80-іне ғылымибиологиялық негіздеме жасады.
– Бүгінде университеттік ғылым даму үшін нақты қаржыландыру қажет. Осы мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Республикалық бюджеттен қаржыландырылған аграрлық бағытт ағы ғылыми жоба лар орындалуда. Оның ішінде, 2 жоба – гранттық қаржыландыру, 4 жоба – бағдарламалықмақсаттық қаржыландыру, 1 жоба – коммерциализация есебінен. Алдағы үш жылға қаржыландыру көлемі 1 миллиард 712 миллион 669 мың теңгені құрайды. Одан бөлек, шаруашылық келісімшарт арқылы ғылыми-сараптамалық жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, 2024 жылы ба лық шаруашылықт арының сұранысымен 17 миллион 587 мың теңгеге жобалар орындалды. Биыл 20 миллион теңгеден асты. Біздің негізгі мақсат – ғылым арқылы білім үрдісін ұйымдастыру.
– Облыста өңірлік ғылымды дамыту үшін қандай іс-шараларды атқару керек деп ойлайсыз?
– Өңірлік ғылымды дамыту үшін келесі мәселелерді ескеру керек деп ойлаймыз. Біріншіден, 2025 жылы 14 наурызда Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен өңірлік ғылымды дамыту және жергілікті бюджеттен ғылыми жобаларды қаржыландыру туралы әдістемелік нұсқаулар бекітілді. Осы құжат нәтижелі жұмыс жасау үшін облыстық мәслихатта қарап, бюджеттен өңірлік ғылымды дамытуға жұмсалатын нақты қаражатты бекіту керек. Облыста қандай басымды бағыттар зерттеуді талап етеді? Бұл сұрақ бойынша ұсынысты өңірлік ғылыми кеңес береді. Өңірдің ғылыми-техникалық саясатын да қалыптастыратын осы кеңес. Мысалы, аймақтық экономиканың сұраныстарына сәйкес Шерхан Мұртаза университеті аграрлық бағытта, Дулати университеті химия және химиялық технология саласы бойынша, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті мен Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану мәселелері бойынша ғылыми жобаларды жүргізе алады. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдардың тарапынан берілетін ғылымға деген мемлекеттік тапсырысты дұрыс анықтау керек. Бұл жерде Ғылым және жоғары білім министрлігі – жергілікті атқарушы орган – Ғылым қоры – жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер – кәсіпорындар мен бизнес-құрылымдар арасындағы байланысты дамыту қажет деп ойлаймыз.
– Бұл сауал соңғы жылдары көпті алаңдатып отыр. Ғылым не үшін керек?!
– Ғылым тек қана диссертация, монография, мақала үшін керек емес. Ғылымның негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін нақты өндіріске енгізіп, халықтың өмір сапасын жақсарту. Өкінішке қарай, осы ғылыми жобаларды коммерцияландыруға кедергі болған, біріншіден – заңнаманың әлсіздігі, екіншіден – қаржыландырудың тапшылығы. Былтырғы жылы қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заң осы мәселелерді шешеді деп ойлаймыз. Заңда ғылыми жасалымдарды нарыққа шығару механизмін реттейтін, ғалымдарды әлеуметтік тұрғыда қолдайтын, ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты ғылыми жобаларды жергілікті атқарушы органдар тарапынан тікелей қаржыландырылатын заңнамалық нормалар бар. Осы нормалар іске асқанда өңірде бизнестің ғылымға деген сұранысы пайда болады, ғылымды қажетсінетін экономика дамиды. Мысалы, университетімізде құбылмалы бахтах балығын өсіру технологиясын енгізетін акваферманың құрылысы аяқталып, іске қосылды. Бүгінде бұл акваферманың екінші нысаны – бекіре балығымен айналысатын мини-зауыт соғылып жатыр. Келесі жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін консервілеудің жаңа ассортиментін жасайтын ғылыми-өндірістік цех іске қосылатын болады. Яғни, Шерхан университеті – бұл ғылым арқылы білім үрдісін ұйымдастыратын, жастардың қабілеттерін дамытып, маман және тұлға ретінде қалыптастыратын заманауи білім ордасы. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ауыл шаруашылығына мамандар даярлау және аграрлық ғылымды дамыту тәжірибесі 2025 жылдың 30 тамызында жоғары оқу орындарының ректорлар кеңесінде қара лды. Қыркүйек айының ортасында Шерхан университетінің базасында Ауыл шаруашылығы ғылыми академиясының кеңейтілген отырысы өтеді. Осы жиында Жамбыл облысының ауыл шаруашылығына қажетті ғылымизерттеу жұмыстарының басымды бағыттары талқыланатын болады. Сонымен қатар біздің университеттің базасында облысқа қажетті Агрохабты құру мәселесі қаралады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ.