Саясат

Мақсат – айқын, жоспар – жұмыр

Ағымдағы жылдың 8 айында Amanat партиясының облыстық филиалы өңірдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне белсене атсалысты. Сайлауалды бағдарламаның орындалу барысын бақылау, партиялық жобаларды жүзеге асыру, тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне назар аудару – осы кезеңдегі негізгі басым бағыттар қатарында болды. Филиалдың бастамасымен түрлі салаларда маңызды жұмыстар атқарылып, партияның халықпен кері байланысы нығая түсті.

Қоғамдық кеңес – келелі іс бастауы

Жалпы, партия жанынан құрылған қоғамдық кеңестер – қоғам мен билік арасындағы тиімді диалог алаңына айналып отыр. Атап айтқанда, филиал жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі, Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау, Білім мен денсаулықты сақтау мәс елелері, жаст арды қолдау, Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор жөніндегі, Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Мирас» және Экологиялық мәселелер жөніндегі кеңестер өз салалары бойынша мәселелерді жанжақты талқылап, шешу жолдарын ұсынуда.

Кеңестерде жыл басынан 27 отырыс өтіп, 40 мәселе қаралды. Нәтижесінде 197 ұсыныс әзірленді. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, кәсіпкерлік және әлеуметтік көмекке қатысты мәселелер мен ұсыныстар жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау тауып, іске асырылуда. Бұл қоғамдық кеңестер партия мен халық арасындағы алтын көпір екендігін көрсетсе керек. Партия үшін азаматтардың мұңмұқтажын тыңдап, нақты шешім қабылдау – басты басымдықтардың бірі.

Осы бағытта партия жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмелері халықпен кері байланысты қамтамасыз етіп, түрлі мәселелерді шешудің тиімді тетігіне айналып отыр. Жыл басынан қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2212 өтініш түсіп, оның 1417- сі (64,1 пайызы) оң шешілді.

Елді мекендерде ұйымдастырылған 19 мобильді қоғамдық қабылдауға 441 азамат қайырылып, 48 пайызы оң шешімін тапты. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінің басты ұстанымы – «тыңдайтын мемлекет» қағидатын өміршеңді ету.

Әрбір жоба – әлеумет үшін

Бүгінгі күні Amanat партиясы тек саяси бастамалармен шектелмей, ел өміріне тікелей әсер ететін нақты жобаларды жүзеге асыру арқылы қоғамда белсенді күшке айналып отыр. Партияның әрбір жобасы халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, азаматтық белсенділікті күшейтуге бағытталған.

«Бақытты отбасы» партиялық жобасының аясын кеңейту мақсатында өңірде «Қамқор бол!» акциясы жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта арнайы жұмысшы топ құрылып, әрбір елді мекендегі көмекке мұқтаж отбасылар анықталып, әлеуметтік жағдайы зерделенуде. Нәтижесінде нақты көмек түрлері ұсынылып, қолдау көрсетілуде.

Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында өңірде «Баланы мектепке дайындайық» акциясы табысты өтуде. Бұл игі бастама аясында көпбалалы, аз қамтылған және қиын өмірлік жағдайдағы отбасылардан шыққан 3405 бала мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Аталған іс-шараға Amanat партиясының өңірлік «Әйелдер қанаты» белсенді атсалысып, 150-ге жуық отбасыға нақты көмек көрсетті.

Мамыр айында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету және олардың өмірге белсенді қатысуын ынталандыру мақсатында қолөнер бұйымдарының сатылым жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде 700 мың теңгенің бұйымдары сатылды.

Сонымен қатар жоба шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігіне қоғамдық зерделеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар инклюзивті қоғам құруға бағытталған нақты қадамдардың бір бөлігі саналады. Ал «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас буынның әдебиет пен шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Соның бірі – «Көне Тараз толғауы» атты облыстық әдеби-шығармашылық байқауы. Байқау осы ай ішінде өткізіліп, өңір қаламгерлері мен жас таланттарға рухани серпіліс бермек. Бұл бастама тек шығармашылықты қолдау ғана емес, сонымен қатар, Тараз қаласының тарихи және мәдени болмысын насихаттауға бағытталған.

Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы облыста жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Яғни азаматтарға қаржылық жоспарлау, несиелік міндеттемелерді сауатты орындау, жеке бюджетті басқару сынды маңызды тақырыптарда онлайн оқыту жүргізілуде.

Жыл соңына дейін 25200 адамды қамту жоспарланса, қазіргі таңда 18 мыңнан астам тұрғын білім алып үлгерді. Бұл – қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттырудың нақты қадамы.

Бастама – белсенді қолдау қағидатымен

Партияның бастамасымен ашылған «Кітап – Amanat» орталығы бүгінде тұрақты негізде жұмыс істеп, өңір тұрғындарының рухани сұранысын қанағатт андыруда. Қазіргі таңда орталық қоры 519 кітаппен толықтырылса, соның 348-і оқырмандарға сатылып, жалпы сома 647985 теңгені құрады.

Бұған қоса, орталық базасында 85-тен астам мәдени, танымдық іс-шара өткізіліп, 2980 адам қамтылды. Бұл кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен зиялы ортаны дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Сондай-ақ партия жанындағы «Әйелдер қанаты» жыл басынан бері 3 отырыс ұйымдастырып, өңірлік үйлестірушілердің есептері тыңдалды. Олардың бастамасымен бірқатар әлеуметтік және тәрбиелік бағыттағы шаралар іске асты. Партияның «Әйел аманаты» бастамасы аясында Жамбыл облысына бейімделген «Айша бибі» өңірлік бағдарламасы қабылданып, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған нақты шаралар қолға алынды.

Сонымен қатар «Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» стандарт жобасы шеңберінде облыс аумағындағы 24 кәсіпорындағы жұмысшы әйелдердің еңбек жағдайына қоғамдық зерделеу жүргізілді. Бұл өндірістегі әйелдердің құқықтық және әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу мақсатында жасалып жатқан жүйелі жұмыс. Өткен жылы Тараз қаласында бастау алған Әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ағымдағы жылы Қордай және Сарысу аудандарында жалғасын тауып, 60 әйел арнайы көшбасшылық курстарынан өтті.

Бұл бастама әйелдердің қоғамдықсаяси өмірге белсене араласуына жол ашып, олардың өзін-өзі дамытуына серпін беруде. Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасына өңірге қаржы бөлінбегені белгілі болды. Бұл мәселе «Өңірлік даму» және «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі кеңестердің отырысында жан-жақты талқыланды.

Бүгінгі күнге дейін «Тараз» ӘКҚ арқылы қайтарылған 3,3 миллиард теңге қаражатына жалпы 431 жоба қаржыландырылды. Алдағы жоспарға сәйкес, 2025 жылы қыркүйек айында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға 5 миллиард теңге бөлінуі көзделуде. Бұл қаржының көмегімен 509-дан астам жоба несие алу мүмкіндігіне ие болады.

«Жер аманаты» жобасы аясында биыл жалпы 90 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделген болатын. Қазіргі күнге дейін оның 31,5 мың гектары қайтарылып, тиісті құжаттар рәсімделді. Айта кетерлігі, бұл жоба жер ресурстарын тиімді басқару мен ауыл шаруашылығын дамытуға ықпал етіп, ауыл тұрғындары мен фермерлердің сенімін арттыруға бағытталған маңызды бастама.

Алдағы уақытта да бұл жұмыс ауқымды жалғасын тауып, заңсыз пайдаланылған жерлердің барынша көп бөлігі мемлекетке қайтару бағытында нәтижелі жұмыстар тоқтамайды. Сонымен қатар партияның облыстық филиалы өз жобаларынан бөлек, қоғамға аса қажетті бірқатар бастамаларды қолға алып, нәтижелі жүзеге асыруда.

Бұл бастамалар түрлі салаларды қамтып, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Мысалы, «Дәрігер Talks» TED-форматындағы кездесуде әртүрлі медициналық мекемелерден келген дәрігерлер, фельдшерлер, медбикелер және медицина саласында білім алып жүрген студенттер бас қосып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бұл шара медицина саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және кәсіби тәжірибе алмасуға тың серпін берді. А л «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен партияның «Жастарға жұмыс» жобасы аясында қаламыздағы ірі ойын-сауық орталығында жұмыс іздеуші жастарға арналған жәрмеңке өтті.

Бұл шараға 50-ден астам ірі және шағын өндіріс орындары қатысты және онда 500- ден аса жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде, жұмыссыз азаматтардан 120-ға жуық түйіндеме жинақталып, олардың 36-сы тұрақты жұмыспен қамтылды. Жұмысшы мамандықтары жылына орай Тараз қаласындағы «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытының өндіріс алаңында 300 жұмысшы жастардың қатысуымен «Жұмысшы жастар аманаты» атты облыстық жастар форумы ұйымдастырылды.

Форум барысында жастарға партияның бастамалары мен еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер кеңінен таныстырылып, еңбек құқықтары мен әлеуметтік мәселелерге қатысты маңызды ақпараттар берілді. Бұл шара жастардың кәсіби дамуы мен әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Партияның өңірлік филиалы «Таза бейсенбі» республикалық экологиялық акциясын тұрақты түрде әр апта сайын өткізіп келеді.

Биылғы жылы науқанға 1600-ден аса түрлі сала қызметкерлері мен партия активі белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау бағытында үлкен жұмыс атқарды. Акция аясында 29 тоннадан астам тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтар шығарылып, экологиялық ахуалдың жақсаруына септігін тигізді. Бұл шара қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған тұрақты бастамалардың бірі болып отыр. Amanat партиясы үшін сайлауалды уәделердің орындалуы – басты басымдықтардың бірі. Сондықтан партиядан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауалды бағдарламаның нақты орындалуын жіті бақылауда ұстап отыр. Бұл – халық сенімін ақтаудың басты тетігі.

Өңірде партияның «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында әзірленген Жол картасы нақты жұмыс жоспары болып табылады. Аталған Жол картаға сәйкес, 2025 жылғы 1 шілдеге дейін 89 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Бүгінгі таңда сол іс-шаралардың 17- сі немесе 19,1 пайызы толығымен орындалды. Ал қалған 72 шара немесе 80,9 пайызы жоспарлы түрде іске асырылу үстінде. Бұл нақты уақытпен белгіленген, жауапты органдар мен атқарушы құрылымдар арқылы кезеңкезеңімен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар.

Депутаттар бағдарламаның әр тармағының орындалу барысына тұрақты мониторинг жүргізіп, өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешімін табуға атсалысып келеді. Бұл өз кезегінде партияның «Уәде – іске, сөз – әрекетке» деген ұстанымының айқын көрінісі.

Жыл басынан бері аймақтағы 48 ауылдық округте әкім сайлауы өтті, оның ішінде 45 округте Amanat партиясының мүшелері жеңіске жетті. Бұл партияның өңірдегі қоғамдық-саяси беделінің жоғары екенін және жергілікті деңгейде халықтың сеніміне ие екенін көрсетеді. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы 4 ауылдық округте әкім сайлауын өткізу жоспарлануда. 4 округте мәслихат депутаттарының вакантты орындарына сайлау өткізілуі көзделіп отыр. Бұл шаралар жергілікті өкілді биліктің тиімділігін арттыруға, халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған және ел ішіндегі қоғамдық сенімді нығайтуға үлкен үлес қосады деп күтілуде.

Партия атынан сайланған әкімдер мен депутаттар өз жұмысында халықтың мүддесін жоғары қойып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік-мәдени жобаларды іске асыруға ерекше көңіл бөледі.

Бұл аймақтың тұрақты дамуына және қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Әрине, бұл партия облыстық филиалының атқарған ауқымды жұмыстарының бір ғана бөлігі.

Бұдан өзге де қоғам мүддесіне бағытталған талай маңызды бастамалар жүзеге асырылып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бастысы – Amanat партиясының бағыты айқын, мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырып, әділетті әрі дамыған Қазақстанды қалыптастыру. Осы жолда әрбір аманат жауапкершілікпен орындалып, берілген уәде нақты іспен дәлелденуі тиіс.

 

Ерман ӘБДИЕВ