Көлік жүргізу мәдениетіне көңіл бөлу керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында еліміздің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілікті нығайту, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық климатты жақсарту мен жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде нақты жоспарлар ұсынды. Бұдан бөлек Жолдауда жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономикамызды жаңғырту туралы да кеңінен айтылды. Мемлекет басшысы: «Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн», – деп атап өтті.
Жалпы, әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтырудың маңызы зор. Бұл барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі. Осы ретте қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет-ақ.
Бұл орайда Президент «Заң және тәртіп» мемлекетіміздің мызғымас тұғыры екенін тағы да еске салды. Оның айтуынша, қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы халыққа арнаған былтырғы Жолдауында халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталған еді. Әйтсе де, қазіргі таңда жол инфрақұрылымы жақсара түскенімен, қара жолда қаза табатындардың саны азаймай тұр.
Мәселен, өткен жылы 30 мыңнан астам жол апаты тіркелсе, биылғы жылдың есепті кезеңінде 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алған. Президент айтқандай, шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес.
Бір анығы, қазір ел Үкіметі қауіпсіздікті де, бақылауды да арттыратын инфрақұрылымды белсенді түрде құруда. Алайда ең алдымен бұл мәселеде көлік жүргізу мәдениетіне көп көңіл бөлу керек секілді. Жол-көлік оқиғасын, тіпті адам шығынын тудыруы мүмкін кішігірім құқық бұзушылықтарға толық төзбеушілікті қалыптастыру артық етпейді. Сонда ғана жол бойында апаттық жағдай туғызатын, өзгелерге қауіп төндіретін әрекеттерге тосқауыл қойылар еді. Өйткені мемлекет үшін еліміздің басты құндылығы – адам өмірінен маңызды ештеңе жоқ.
Асылхан ДАРМУРЗАЕВ
облыстық соттың соттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңесінің төрағасы, отставкадағы судья.