45 студент Венгрияда білім алады
Былтыр сәуір айында Мемлекет басшысы Тараздағы жоғары оқу орнын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Аталған міндетті іске асыру шеңберінде Үкімет М.Х.Дулати атындағы Тараз университетін екі жоғары оқу орнына бөліп, соның негізінде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін құру туралы шешім қабылдады. Құрылғанына бір жылдан асқан білім ордасы бүгінде өз жұмысын жан-жақты жандандырып келеді. Мәселен жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінгі күннің өзінде оқу ордасының 45 студенті Венгрияға тегін білім алуға жолдама алған. Бұл туралы оқу ордасының ректоры Кәмшат Түсіпова БАҚ өкілдерімен кездесуінде айтты.
Басқосуда Кәмшат Түсіпова университеттің қазіргі жетістіктеріне тоқталып, даму жоспарларын таныстырды. Ректордың айтуынша, университет соңғы бір жылда халықаралық серіктестікті күшейтіп, білім беру сапасын арттыруға және ғылыми әлеуетті дамытуға басымдық беріп келеді. Соның нәтижесінде Венгриядағы Обуда университетімен келісім негізінде 400 студентке тегін оқуға мүмкіндік беріліп, алғашқы 45 студент осы қыркүйекте шетелге аттанбақ.
Сонымен қатар ұлттық университет бүгінде бірқатар халықаралық қатынастарды жолға қойып үлгерген. Мәселен оқу ордасының Erasmus Design Measures грантын жеңіп алу соның айқын дәлелі. Бұл жоба аясында қос дипломды бағдарламалар әзірленіп, алдағы уақытта су дипломатиясы орталығы құрылмақ.
Бұдан бөлек, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында ҚазҰСШИУ мен Қытайдың Солтүстік Су ресурстары және электроэнергетика университеті бірлескен зертхана құру туралы келісімге қол қойылған болатын. Бұл зертхана гидрологиялық және жерасты суларының модельдеуін дамытуға, су қауіпсіздігі мен жасанды интеллектіні қолдану бағыттарын жетілдіруге арналған. Ал университет инфрақұрылымын дамыту бағытында жуырда демеушілердің қолдауымен мелиорациялық-әдістемелік кешен құрылысы басталып, заманауи зертханалар дайындалуда. Бұл бағытта Тараз қаласы әкімдігі тарапынан алдағы екі жылда университет аумағын абаттандыруға 1,5 миллиард теңге бөлу жоспарланған.
Нұрболат АМАНБЕК