Әділетті аймаққа айналуымыз керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында егемен еліміздің даму тарихындағы жаңа кезеңді айқындайтын бірқатар бастамаларды атап өтті. Жалпы, әрбір Жолдау – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды құжат. Оның негізінде нақты іске асатын зор жауапкершілік жүктелген мол міндеттер мен батыл бастамалар жатыр. Бірер күн бұрын аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен актив отырысында Жолдауда айқындалған тапсырмалар мен стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған міндеттер сараланып, алдағы атқарылатын жұмыстар кеңінен талқыланды. Басқосуға жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік мекеме басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы Мемлекет басшысы ел экономикасын жаңғыртудың басты тетігі ретінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағытын айқындап бергенін, бұл еңбек өнімділігін арттыруға, мемлекеттік басқарудағы бюрократияны азайтуға, тиімділікті көтеруге және жүйеге сапалы серпін беруге жол ашатынын атап өтті.
Бұдан кейін облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасап, өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 32,4 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінгенін жеткізді. Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында 13 жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы өнім шығару көлемі 323,3 миллиард теңгені құрап, бұл көрсеткіш 106,1 пайызға жеткен.
Қазіргі таңда облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 107,8 мың бірлікті құрайды екен. Онда 163,5 мың адам еңбек етуде. Өз сөзінде Сандуғаш Ермаханқызы алдағы уақытта облыстың стратегиялық және бюджеттік жоспарлау саясаты Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді орындауға бағытталатынын тілге тиек етті. Ал облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұров өзге де салалардағы жетістіктерге тоқталды.
Өз кезегінде облыс әкімі спикерге цифрландыру ісінде жұмыс нәтижелі болуы үшін жаңа ұсынымдар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ жиын барысында бірқатар басқарма басшысы баяндама жасап, өз салалары бойынша жеткен жетістіктер мен жүйелі жұмыстарға қатысты маңызды мәліметтермен бөлісті.
Облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Фарида Жүнісова Жолдауда белгіленген міндеттер – алдағы жылдардың нақты іс-қимыл жоспары екенін баса айта келіп:
Басқосу соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев барлық мемлекеттік органдарды бірлесе жұмыс істеуге шақырып, Жолдаудан туындайтын экономикалық және әлеуметтік міндеттердің сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында республикалық деңгейде тиісті іс-шаралар жоспары әзірленетінін жеткізді. Сондай-ақ ол облыстық деңгейде де тиісті жоспар құрылатынын атап өтті. Айта кетейік, бұл бағыттағы жоспарлы жұмысты үйлестіру экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тапсырылса, оны бақылау міндеті облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровке жүктелді.
Есен ӨТЕУЛІ