Әлеумет

Ерлік - ескірмейтін құндылық

Облыс орталығында орналасқан Шерхан Мұртаза атындағы №30 гимназиялық мектебінде оқушылардың бойындағы патриоттық сезімді жоғарылату, Отанына деген намысшылдығын, сүйіспеншілігін арттырып, ұлтжандылығын ояту мақсатында және мектеп қабырғасында білім алып жатқан ер балалардың ержеткенде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына әскери борышын өтеуге міндетті екендігін сезіндіру мақсатында ерлік сабағы ұйымдастырылды.

Әскер жасына дейінгі жасөспірімдер арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізуді көздеген бұл шарада ел өміріндегі әскери қызметтің маңыздылығы атап көрсетілді. Болашағымызды жалғайтын жас толқынға Отан қорғаудың қасиетті борыш екендігі түсіндірілген ерлік сабағы барысында жауынгерлердің Отан қорғаудағы, бейбіт елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы қалтқысыз қызметі жөнінде әдемі әңгіме өрбіді.

Бұған 28903 әскери бөлімі командалық пункт байланыс батальоны командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Айдос Жақсылық атсалысты. Мұндай кездесулер жас толқынның жүрегінде Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге қызығушылығын оятуға игі ықпалын тигізетіні сөзсіз. Еңселі ерлердің ерлігін ту еткен бұл жылы жүздесу егемен еліміздің қасиетті қорғаны болу – қазақ халқының барша ер-азаматтарының ұлы борышы екендігін жас буынға жан-жақты түсіндіріп бере алды.

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Aq jol-Aqparat