Робот сот орындаушысы арқылы жыл ішінде 78,9 миллиард теңге үнемделген
Елімізде жаңа инновациялық технологиялар соңғы жылдары табысты енгізілуде. Цифрландыру бағытындағы мұндай сәтті трансформацияның мысалдарын сан саладағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді және бизнеспроцестерді оңтайлы шешуде, өмір сүру сапасын жақсартудағы жетістіктерден анық байқауға болады. Бұдан бөлек, цифрландыру басқару жүйесі мен заң саласына да айтарлықтай әсер етіп келеді.
Еліміздің заң саласындағы маңызды жетістіктің бірі – «Сот орындаушысы роботынын» енгізілуі. Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаған жағдайда айыппұлдың 25 пайызға дейінгі сомасын жеке сот орындаушыға төлеуге міндетті болатын. Енді бұл қызметті робот тегінақ атқарады. Жаңа жобаның нәтижесінде ел азаматтары 2 миллиард теңгеге жуық соманы үнемдей алады.
Робот сот орындаушысы азаматтарға қатысты 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі соманы өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар негізінде қозғалады. Оңайлатылған іс жүргізу шеңберінде жеке тұлғадан жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі соманы өндіріп алу туралы әкiмшiлiк құқықбұзушылық iстер бойынша шығарылған сот және уәкілетті орган қаулылары, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамалар, берешекті өндіріп алу туралы салықтық бұйрық пен атқарушылық құжаттар қабылданады.
Электрондық нысанда келіп түскен атқарушылық құжаттың негізінде аумақтық орган атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы оңайлатылған іс жүргізуді дереу қозғайды, ол туралы қаулы шығарылады. Борышкерге жеңілдетілген өндірісті қозғау туралы СМСхабарлама оның ұялы телефонына немесе басқа байланыс құралдарына жіберіледі.
Бұл жерде СМС хабарлама 1414 нөмірінен немесе e-Gov mobile мобилдік қосымшасынан келеді. Атқарушылық құжат бойынша берешекті оңайлатылған іс жүргізуде төлеу жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлемей жүзеге асырылатынын атап өту қажет.
Борышкер оңайлатылған іс жүргізумен келіспеген жағдайда, қаулымен танысқаннан кейін алынған сілтеме бойынша өтіп, көрсетілген терезеде «Келіспеймін» батырмасын басу арқылы атқарушылық құжаттың талаптарын оңайлатылған іс жүргізуде орындаудан бас тартуға құқылы.
Бұл жағдайда аумақтық орган атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік ақпараттық жүйесінде атқарушылық құжаттарды бөлу қағидаларында көзделген тәртіппен жеке сот орындаушысына мәжбүрлеп орындауға беру туралы қаулы қалыптастырады. Оңайлатылған өндірісте қандай мәжбүрлеп орындау шаралары қолданылады? О
ңайлатылған іс жүргізуді қозғағаннан кейін борышкер туралы мәліметтер автоматты түрде борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізіледі. Оңайлатылған іс жүргізуді қозғағаннан кейін күнтізбелік бес күн өткен соң атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде санкциясыз борышкердің екінші деңгейдегі банктердегі есептік шоттарына тыйым салу туралы қаулы шығарылады.
Жалпы цифрлық сот орындаушысы іске қосылған сәттен бастап бір жыл ішінде 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі соманы өндіріп алу бойынша барлығы 1, 09 миллиард теңгені құрайтын 51 643 атқарушылық іс қозғалған. Оның ішінде 315 934 765 теңгені құрайтын 15 790 атқарушылық іс жүргізу айыппұлдың төленуіне байланысты қысқартылса, 5 387 атқарушылық іс жүргізу орындалу сатысында.
Осылайша Робот сот орындаушысы арқылы жеке тұлғалар жеке сот орындаушысының қызметінің ақысына төленетін 78,9 миллион теңге үнемделіп отыр.
Нұрболат АМАНБЕК