Экономика

«ЕУРОХИМ» ТЫҢАЙТҚЫШ»

«ЕУРОХИМ» ТЫҢАЙТҚЫШ»

дағдарысқа дес бермейді

10Жаңатастағы «Еурохим-тыңайтқыш» ЖШС-ның әкімшілік ғимараты ұзын екі модульді вагонға орналасқан. Іші кәдімгі кеңсеге лайықталынған. Жылы, жайлы. Серіктестік бұрынғы балабақшаны қайта жаңғыртып, үш қабатты әкімшілік ғимаратына бейімдеп, жөндеуді өткен жылы бастаған. Әлі бітпепті. Жалпы, атақты компанияның тарихы мен әлеуетінен аздап хабарымыз да бар. Өткен жылы ол туралы облыс оқырмандарын хабардар да еткенбіз. Содан бері біршама уақыт өтті. Жыл қорытындыланды. Нәтиже қандай, биыл және алдағы жылдары қандай жоспарлар жүзеге аспақ? 

Осы тақылеттес сауалдарға жауап іздегенімізде ең алдымен аталмыш компания туралы оқырмандарымызға біраз мағлұмат беруді жөн көрдік. Компанияның бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі орталықтың бізге берген мәліметіне қарағанда кәсіпорын минералдық-тыңайтқыштың бірнеше түрін өндіруден Еуропадағы үштіктің қатарынан ойып орын алса, әлемдік нарықта ондықтың ішінде. Ресей мен Еуропадағы минералдық тыңайтқыштарды өндіретін кәсіпорындардың логистикалық компаниялар мен дистрибьютерлік желілерін біріктіретін ірі холдинг те саналады. 

Алып компанияның негізінен өндіретін өнімдері: азоттық тыңайтқыштар (аммиак, карбамид, аммиакты селитра, карбамитті-азоттық қосындылар, кальцилендірілген селитра), фосфорлық тыңайтқыштар (миноаммоний фосфат, диаммоний фосфат), кешенді тыңайтқыштар(азотты-фосфорлы-калийлі), жемдік фосфаттар, сонымен бірге апатитті, темір кенді және бадделитті қоспалары. 2015 жылдың 1 қаңтарына дейінгі өнім өндірудің жылдық орташа мөлшері де осал көрінбейді. Жыл сайын 10 миллион тонна азотты және кешенді тыңайтқыштар, 2 миллион тонна апатитті қоспалар, 5,7 миллион тонна теміркенді қоспа, 1 миллиард текше метр газ өндіріп келіпті. Холдингтің өнімін әлемнің 60 елі тұтынады, мұның ішінде тыңайтқыштың 30 пайызы Ресей нарығына шығарылады. Біріктірілген кәсіпорындарда 20 мыңнан аса адам еңбек етеді. Соңғы жылдары химияның көкжиегін кеңейту мақсатында компания өз инвестициясын Қазақстан Республикасы аумағындағы Қаратау бассейніне салуда. Оның да себебі жоқ емес. Ресейге бұл өңірдің сапалы кен орындары бұрыннан да белгілі әрі біраз жыл кенді ашық әдіспен алуға ыңғайлы, ең бастысы, бірлесе еңбек ету биылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақтың «ойын ережесіне» лайықталған тиімді жобаның бірі.

Үш кезеңге белгіленген ірі жоба

Сонау 2010 жылдан бастап Қаратау кеніне көз тіккен «Еурохим» минералды-тыңайтқыштар компаниясының ашық акционерлік қоғамы мен Қазақстан Үкіметі арасында 2012 жылдың 17 қаңтары күні «Минералды тыңайтқыштарды шығаратын зауыттың құрылысының жобасын және Қаратау фосфориттік бассейніндегі Көк-Жон мен Гиммельфарб кен орындарын игеру жөніндегі» №4119 келісімге сәйкес алдын-ала болжам бойынша алып жобаға 356,5 миллиард теңгені құрайтын, жылдық қуаты 1 миллион тонна фосфорлы, азотты және кешенді минералдық тыңайтқыштар шығаратын өндіріс салуға уағдаласты. Келісім нақтыланып, сол жылдың 24 мамыры күні ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен «Еурохим» компаниясы арасында «Кешенді минералдық тыңайтқыштар шығаратын зауыттың құрылысын бастау үшін қажетті құжаттарды жасау» бойынша іс жоспарларға қол қойылды. Тағы бір ескеретін нәрсе: жобаның Елбасының сол жылғы 27 қаңтар күнгі Қазақстан халқына Жолдауында басым бағыт берілген Жалпы Ұлттық жоспардың 37 пунктіне негізделгенін де атап көрсеткеніміз жөн. Жобаны жүзеге асырудың нақты іс-шарасы бойынша ол ІІІ кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде 2012 жылғы ІІІ тоқсаны мен 2014 жылдың ІV тоқсаны аралығында Жаңатас қаласында тау кен өндірісінің құрылысын бастап, Аралтөбе кен орнынан өндірістік алаңдарын салу, сөйтіп жылына 600 мың тонна фосфор ұнын өндіруге мүмкіндік жасау жобасы жүзеге асуы тиіс еді. Аталмыш жоба мезгілінде жүзеге асты. Ол туралы өткен жылы Аралтөбе кенішіне барып, газетімізге жазған болатынбыз. І кезеңге 97 миллион АҚШ долларын жұмсау қарастырылғанын да айта кеткеніміз жөн. Екінші кезең аралығында (2013-2018 жж.) жылына 1500 мың тонна кен-минералдық шикізатты өңдейтін құрылыс кешенін салу. Бұл жобаға 925 миллион АҚШ доллары жұмсалмақ. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда жылына 1 миллион тонна тауарлы өнім өңделіп, сатылмақ. Ендігі бір аса үлкен жоба – Қаратау қаласындағы бұрынғы «Сарытас» кәсіпорнының нысанын қайтадан күрделі жөндеу арқылы жылына 1 миллион тонна минералдық тыңайтқыш өндіретін қуатты зауытқа айналдыру. Оған 950 миллион АҚШ доллары жұмсалмақ.

Астықты аймақтар тәуелділіктен құтылады

– Оның тиімділігі айтпаса да белгілі, – дейді «Еурохим-Тыңайтқыш» ЖШС-ның бас директоры И.Георгиади, – біріншіден, Қаратау фосфор бассейнінің шикізат базасын игерудің жаңа көкжиегі ашылады, екіншіден, оңтүстік өңірдің өндірістік әлеуеті артады, үшіншіден, экономикалық-әлеуметтік дамуы жеделдеп, жаңа жұмыс орындары ашылады, төртіншіден, Қазақстанның барлық астықты аймақтары шетелдік тәуелділіктен құтылып, өзінің арзан әрі сапалы минералдық тыңайтқыштарын тұтына алады, бесіншіден, өнімді сыртқа саудалап, салық түсімін молайтады, ең бастысы – Ресей, Қазақстан, Беларусь мемлекеттерінің арақатынасы мейлінше нығая түспек. Серіктестіктің басшысы соңғы екі жыл ішінде белгіленген жоспарлардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқандығынан хабардар етті. Бүгінгі таңға дейін бекітілген жобаға сәйкес жүзеге асқан шаралардың ең маңыздысы (Жол картасы) бойынша: «Көк-Жон» мен «Гиммельфарб» кен орындарын игерудің жобалары бекітілді, жер қойнауын пайдалану туралы шартқа қол қойылды. «Сарытас» зауытының техникалық құралдарының жай-күйіне тексеру жүргізіліп, оның минералдық тыңайтқыш өндіретін әлеуетінің жобасы негізделді, Францияның «TECHNIP» компаниясының көмегімен химиялық өңдеудің технологиясын зерттеуі жүргізіліп, оны өндіріске енгізудің жолы қарастырылды, кен өндіруге қатысты зертханалық тексерулер жасалынып, сынамалары алынды. Түйіндеп айтқанда Химиялық кешеннің басты жобалаушысы анықталып, онымен келісім жасаудың арқасында, түптің түбінде сапалы өнім алуға нақты қадам жасалынғанын білдік.

Атқарылатын шаруа көп

2013 жылдың төртінші тоқсанында Сарысу ауданына қарасты «Көк-Жон» кен орнында алып техникалардың күшімен бұрғылау-қопару, кен өндіру жұмыстары басталып кетті. Сол жылы-ақ 5 мың тонна кен өндірілді, ол үшін 239191 текше метр тау-кен жынысы тасымалданды. Өткен жылдың қараша айына дейін тасылған 817 мың текше метр тау-кен жынысының 612100 текше метрі доломит. Аралтөбедегі кен орнын аршып, кен дайындау туралы, ондағы алып техника, олардың ішіндегі (САТ-773/53 тонналық) гидравликалық экскаваторы. РС-1250 (шөмішінің көлемі 6,5 текше метрі) экскаваторы, 2 дана шынжыр табанды, күрегінің көлемі 13,5 шаршы метрлік бульдозорды тағы басқа қуатты техника таңдай қақтырады. 70 тонна салмақ көтеретін кран да сонда, 7 кен таситын машина да жұмысқа жегілуде. Аз уақыт ішінде Аралтөбеден АТК-модульдік зауыттық типтегі ғимарат та, 50 адамдық модульдік әкімшілік жәйі мен кен қоспаларын сақтайтын қоймаларды салу жүзеге асырылды. Сол маңға қарай жер астымен жоғары кернеулі электр жарығы тартылды. Жыл соңына қарай әкімшілік, тұрмыстық кешеннің құрылысы аяқталған екен, Аралтөбеден «Гиммельфарбқа» қарай екі машина қатар сиятын тас жол да салынып біткен әрі Жаңатас маңынан жоғары кернеулі қуат көзі де жеткізіліпті. Енді бар күш Кесіктөбе (Гиммельфарб) біріктірілген алаңына жұмылдырылған. Мұнда бірқатар мердігерлік кәсіпорындар таудың алапат аязына қарамай құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыруда. Жыл соңында өнеркәсіптік ішуге жарамды және өндіріске пайдаланылатын су сорабы стансасының құрылысы басталып кеткен. Су – Бүркітті су көзінен алынбақ. 110 киловаттық электр желісін іске қосу үшін бағана тартылған. Оған қоса кенді ұнтақтау-майдалау, құрғақ ұнтақты сақтау, дайын өнімді тасымалдау желісі сияқты жұмыстар да жүзеге асырылуда. Жақын арада темір жол стансасы арқылы жанар-жағармайды тасымалдаудың құрылыс жұмыстары басталмақ. Алып жобаға жұмсалатын қаражаттың көлемі де қомақты. Ол туралы кезең-кезеңге жұмсалатын қаржының шамасы белгілі. Өткен жылы 131,2 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Тарқатыңқырап айтсақ, 88,5 миллион доллары тау-кен кешенін салуға, 27,7 миллион доллары химия кешеніне, 15 миллион доллары әлеуметтік инфрақұрылым және үйді жайластыруға жұмсалыпты. Әлеуметтік сала демекші, серіктестіктің жер қыртысын пайдаланғаны үшін Қаратау және Жаңатас қалалары мен бірқатар елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға жыл сайын 5 миллион доллар қаржы жұмсап келеді. Бүгінгі таңда 15 миллион қаржы сол мақсатқа аударылып, облыс әкімдігінің келісімімен жоспарланған нысандарға жұмсалып отыр. Әкімшіліктен тағы бір білгеніміз, Жаңатас қаласынан 60 пәтерлік тұрғын үй сатылып алынып, ол жақын арада серіктестік жұмысшыларына берілмекші көрінеді. Сарысу ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуын одан әрі нығайту мақсатында компанияның Қазақстан Республикасы Үкіметімен келісіміне сәйкес бірігіп «Жаңатас-Түркістан» темір жолына инвестиция салу туралы да жақсы жобаның жүзеге асуын аудан халқы асыға күтіп отыр. Жаңа жұмыс орны демекші, жоба жүзеге асқан шамада кәсіпорында 2 мың адам тұрақты еңбек етуге қол жеткізеді. Бүгінгі таңда компанияға қарасты «Еурохим-Тыңайтқыш», «Еурохим-Қаратау» және «Сарытас» ЖШС-да 250 адам штатты айлық алып отыр. Одан тыс жобаны жүзеге асыруға келісімге келген 8 ірі кәсіпорында 350 адам тұрақты жұмыс атқаруда. Олардың дені қазақстандық мердігерлік ұйымдар. Араларында «Қазхиммонтаж» холдинг», «Бином» ЖШС сияқты өңіріміздің кәсіпорындары да бар. Компанияның жұмысына сараптама жасау барысында есігімізді қаққан 2015 жылы қандай күрделі жұмыстар атқарылатынын да сұрап білдік. – Биылғы жылы жобаның ІІ-ІІІ кезеңдерін жүзеге асыру бағытында, – деді бас директор И.Георгиади, – химиялық кешеннің жобалау жұмыстарын аяқтап, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу, Химия кешенінің жобаларын жүзеге асыра беру, ол үшін Химия кешенінің орнын да нақтылап – тікелей жұмысты бастау, сондай-ақ, құрал-жабдықтарды ұзақ мерзімге сатып алып, пайдаланудың сұрақтарын шешу бар. Бас директорға әлемдік экономикалық дағдарыс пен батыс елдерінің Ресейге қарсы санкциялары Химия кешенінің құрылысы мен өнім өндіруіне әсері жоқ па, деп сауал қойғанымызда: – Біз әзірге құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысудамыз. Ал дағдарыстар өтеді де кетеді. Оның үстіне химия өнімдерінің негізгі тұтынушылары: Ресей, Беларусь және Қазақстан екендігін ескерсек, алаңдайтын еш нәрсе жоқ. Және де дайындаған кен нарықта қай кезде де өтімді, тұтынушысын табатыны анық, – деген жауап алдық. Бір сөзбен айтқанда «ЕуроХим» минералды-тыңайтқыш компаниясы әлемдік нарықтағы өз орнын тауып, дағдарыстан қиналмай өтудің жолдарын қарастырып қойған.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Қаратау-Жаңатас-Қаратау.