Әлеумет

Құтқару қызметі – бейбіт күннің күзетінде

Бүгінде еліміздің азаматтық қорғау қызметі кез келген төтенше жағдайда халыққа көмек көрсетіп, құтқарудың алдыңғы шебінде келеді. Мәселен өткен аптада облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 29 төтенше жағдай мен оқиғалар тіркелді. Оның 1-і табиғи сипаттағы, 27-сі техногенді сипаттағы, ал 1-і жедел ақпарат. Осы уақыт аралығында төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері 187 шақыртуға шықты, оның ішінде өрт сөндіру бөлімшелері 160 рет (өртке – 27, жану оқиғаларына – 129, авариялыққұтқару жұмыстарына – 2, басқа да түрлі сипаттағы – 2) шақыртуға барған. Жедел құтқару жасағы авариялыққұтқару жұмыстарына 25, іздестіру жұмыстарына 2 шақырту алған. Апта ішінде облыс тұрғындарын дауылдық ескерту жайлы хабардар ету үшін ұялы байланыс операторларына 7 смс-хабарлама жіберілсе, 101 және 112 желілеріне жедел сипаттағы 3996, жедел емес сипаттағы 7853 қоңырау түскен.

Төтенше жағдайлар министрлігіне – 30 жыл

Биыл Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы үш онжылдықта ведомство мол тәжірибе жинақтап, елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету ісіне зор үлес қосып келеді. Ерекше назар өнеркәсіптік қауіпсіздікке аударылады, ол экономиканың тұрақты дамуы мен халықтың өмірін сақтаудың негізгі факторы болып табылады. Өндірістік үдерістерді бақылау, жабдықтардың уақытылы қызмет көрсетуі және персоналды оқыту – өнеркәсіптік қауіпсіздіктің басты қағидаттары.

Өкінішке қарай жекелеген нысандарда жабдықтардың тозуы, жөндеудің уақытылы жүргізілмеуі және тәртіптің бұзылуы салдарынан апаттар мен жарақаттану жағдайлары әлі де тіркелуде. Бұл мәселелерді шешу үшін 2024-2030 жылдарға арналған Қазақстан Ре спубликасының өнеркәсіптік қауіпсіздік тұжырымдамасы бекітілді.

Осыған байланысты өңірлік деңгейде департамент қызметкерлері күн сайын алдын алу және бақылау жұмыстарын жүргізіп, қауіпті өндірістердегі оқыс оқиғалардың алдын алуда. Олардың кәсібилігі мен жауапкершілігі тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. 30 жылдық мерейтой – бұл тек маңызды белес қана емес, жаңа жетістіктердің бастауы.

Құтқарушылармен ТЖМ мамандарының жанқиярлық еңбегі әрдайым халық игілігі мен еліміздің қауіпсіздігі үшін қызмет ете бере бермек.

30 жылдыққа – 30 игі іс» акциясы жалғасуда

Тәуелсіз елімізде Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған 30 жыл ішінде құтқарушылар қиындыққа тап болған жандарға дер кезінде көмек көрсетіп келеді. Олар өздерінің басты міндеті – халыққа қызмет ету мен адам өмірін құтқару ісіне әрдайым адал.

19 қазанда атап өтетін мерейтой мен кәсіби мерекеге орай ТЖМ «30 жылдыққа – 30 игі іс» акциясын бастады. Қыркүйек пен қазан аралығында еліміздің түкпір-түкпірінде қамқорлыққа, мейірімділікке және жылулыққа толы ісшаралар өткізіледі, балалар мен зейнеткерлерге көмек көрсету, донорлық марафондар, экологиялық акциялар, отбасылармен кездесулер мен тұрғындарға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылады. Бұл акция жай мерейтойлық бағдарлама ғана емес, бұл құтқарушылар әрдайым қасымызда, көмек және қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін тағы бір мәрте халыққа жеткізудің мүмкіндігі.

Бүгінде «30 игі іс» мерейтойлық жобасы еліміздің барлық өңірлерін қамтып, ТЖМ қызметкерлерінің кәсібилігінің ғана емес, адамгершілігінің де символына айналды. Мәс елен а лғашқы бастамалардың бірі–«Өмір сыйы» донорлық марафонында алғашқы донорлар Төтенше жағдайларды жою департ аментінің қызметкерлері болды.

Департамент бастығы Руслан Қайрақбаев атап өткендей, донорлық – бұл өмірді құтқарудың тағы бір тәсілі, ал құтқарушылар қоғамға үлгі көрсете отырып, бұл іске де атсалысуда. «30 игі іс» жобасының әрқайсысы қауіпсіздік мәдениетін, әлеуметтік қолдауды және азаматтық жауапкершілікті дамытуға қосқан үлес.

Акция жалғасуда, ал еліміздің құтқарушылары ерлік тек төтенше жағдайда жұмыс істеу ғана емес, сондай-ақ күнделікті азаматтардың өмірі мен денсаулығына деген қамқорлық екенін дәлелдеуде.

Екі ауылда өртке қарсы құрылымдар жұмысын бастады

Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Талас ауданының Үшарал ауылы мен Сарысу ауданының Тоғызкент ауылдарында жаңартылған ерікті өртке қарсы пункттері жұмысын бастады. Жергілікті атқарушы органдардың иелігіндегі аталған құрылымдардың ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі, генералмайор Шыңғыс Әрінов қатысты.

Мұндай пункттерді құру өртке қарсы жүйені дамыту мен ауылдық жерлердегі төтенше жағдайларға жедел ден қою тиімділігін арттырудың маңызды тетігі екенін атап өткен ТЖМ басшысы:

Үшарал ауылындағы ерікті өртке қарсы пункт бес елді мекенде орналасқан 4 мың тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болса, Тоғызкенттегі пункт шамамен 3 мыңға жуық халық тұратын жеті елді мекенге қызмет көрсетеді.

Аталған пункттердің жұмысын қамтамасыз ету үшін еріктілерге заманауи өрт-техникалық жабдықтары, арнайы құралдар және жаңа үлгідегі нысанды киімдер берілді.

Осылайша «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыру өртке қарсы қорғауды нығайту мен ерікті құрылымдарды дамытуға ықпал ететін болады.

Адал қызметке – жоғары марапат

Жақында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бір топ қызметкерлері мен құтқарушылары қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін марапатталды.

Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Байзақ ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Архат Өксікбаевқа мерзімінен бұрын «Азаматтық қорғау майоры» арнаулы атағы, Қордай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Иманқұловқа «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі берілді.

Сондай-ақ бірқатар қызметкерлер Төтенше жағдайлар министрінің және төтенше жағдайлар департаменті бастығының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Облыстық департамент бастығы, полковник Арман Тоқанов гарнизонның жеке құрамын марапаттарымен құттықтап, игі істе табандылық, жаңа еңбек жетiстiктерiн тiледi.

Құтқарушылар қашанда құрметке лайық

Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай Тараз қаласының «Аса» шағынауданында жаңа мурал пайда болды. Мұндағы бес қабатты тұрғын үйдің қабырғасына құтқарушылар, өрт сөндіру көлігі және «112» жедел қызмет нөмірі бейнеленген.

Көркемдік шешім құтқарушылардың еңбегіне деген құрметтің символына айналып, мамандықты насихаттау мен халық арасында ТЖМ қызметкерлерінің оң имиджін нығайтуға бағытталған. Мұндай жобалар қалалық ортаны көркейтіп қана қоймай, азаматтарға адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі төтенше жағдайлар қызметінің маңызды рөлін еске салады.

Айта кетейік, бұл облыс орталығындағы құтқарушыларға арналған үшінші мурал. Бұған дейін әр жылдары салынған екі мұрал да қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген еді.

Су тасқынына дайындық шаралары іске асырылуда

Бүгінде облыста су басу қаупін азайту мен елді мекендерді қорғау бойынша инженерлік және профилактикалық іс-шаралар кешені іске асырылып, су тасқыны қауіпті кезеңіне белсенді дайындық жасалуда.

Мәселен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көлбеу ағындар мен тасқын суларға бейім ықтимал қауіпті учаскелерге тексеру жүргізді. Су бұру инфрақұрылымының жай-күйін бағалауға және ықтимал су басу аймағындағы аумақтарды анықтауға басты назар аударылуда.

Зерттеу қорытындысы бойынша беткейлерді нығайту, дренаждық жүйелерді жаңғырту және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу сияқты бірқатар іс-шаралар ұсынылды.

Бұл шараларды іске асыру су тасқыны қауіпін едәуір азайтуға және көктемгі су тасқыны кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Барлық салада қауіпсіздік жұмыстары күшейтілуде

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қалалық басқармасы мен аудандық бөлімшелерінің қызметкерлері барлық салада қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Мәселен жаңа оқу жылының басталуына орай Жуалы ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы және Мыңбұлақ орта мектептерінде, сонымен бірге Ә. Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар өтті. Жиындар барысында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері ата-аналарға, ұстаздар мен оқушыларға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салып, балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу шаралары жөнінде түсіндірді. Мұндай түсіндіру жұмыстары білім беру ұйымдарында қауіпсіздік деңгейін арттыруға және балалардың қатысуымен болатын қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Бүгінде аталған ауданның кәсіпкерлік нысандарында да өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудан аумағында орналасқан шағын және орта бизнес өкілдерімен өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Профилактикалық іс-шаралар аясында кәсіпорын иелері мен өкілдеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша ұсыныс хаттар табысталуда. Мұндай жұмыстар төтенше жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ азаматтар мен мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ауданда автокөліктегі өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар қолға алынуда. Жуалылық құтқарушылар мен полицейлер қалааралық бағыттағы шағын автобустар мен жергілікті тұрғындардың жеңіл автокөліктерін тексерді. Негізгі назар медициналық қобдишалардың және өрт сөндіргіштердің бар-жоғына әрі олардың жарамдылығына аударылды. Жүргізушілерге жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың жағдайын үнемі бақылап отыру қажеттігі ескертілді.

Шу ауданының төтенше жағдайлар бөлімі республикалық «Бақытты балалық шақ» акциясы аясында балалар арасында тұрмыстық жазатайым оқиғаларды алдын алу мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізді. Көпқабатты тұрғын үйлерде балалардың терезеден құлап кетуін болдырмауға мүмкіндік беретін арнайы қауіпсіздік бекіткіштері орнатылды.

Сонымен қатар, құтқарушылар тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балаларды қараусыз қалдырмаудың және қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салды. Шулық құтқарушылар ауданның балықшылары арасында да профилактикалық акция өткізді. Олар судағы қауіпсіздік ережелерін еске салып, құтқару кеудешелерін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Бұл маңызды шара қайғылы жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға септігін тигізері сөзсіз.

Меркі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері жергілікті еріктілер қозғалысымен бірлесіп, тау шатқалдарының бірінде профилактикалық іс-шара өткізді. Акцияның мақсаты – тұрғындар мен демалушылар арасында өрт қауіпсіздігі мәдениетін арттыру және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу. Кездесу барысында азаматтарға қауіпсіздік ережелері еске салынып, жадынамалар таратылды. Жергілікті тұрғындар бұл бастаманы қолдап, қауіпсіз әрі мәдениетті демалысқа үлес қосуға дайын екендіктерін білдірді. Ауданның сауда орындары мен кинотеатрларында да өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Акция халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.

Мамандар тұрғындарға және қызметкерлерге адамдар көп жиналатын орындарда өрт шыққан жағдайда қалай әрекет ету керектігін еске салды. Сондай-ақ эвакуациялық шығу жолдарының орналасқан жерін түсіндіріп, төтенше жағдайлар қызметіне қоңырау шалатын нөмірлерді хабарлады. Профилактикалық іс-шара барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі бойынша жадынамалар таратылып, ақпараттың қолжетімді әрі ыңғайлы болуы үшін жадынамалар заманауи форматта QR-кодтар арқылы ұсынылды.

Елімізде жылыту маусымы да жақындап келеді. Осыған орай Сарысу ауданының өрт сөндірушілері мен құтқарушылары тұрғындар арасында жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Іс-шара барысында мамандар тұрғын үйлерді аралап, пештер мен электр жабдықтарын дұрыс пайдалану ережелерін түсіндіруде. Сондай-ақ тұрғындарға улы газдан уланудың алдын алу шаралары және тұрмыстық қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде ескертілуде.

Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері әрбір адамның қауіпсіздігі ең алдымен оның өз жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтеді. Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтау – тілсіз жаудың алдын алудың ең тиімді жолы.

Шартты өрт сөндірілді

Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы Жамбыл электрмен жабдықтау дистанциясы аумағында өрт-тактикалық сабақ өткізді. Іс-шараның маңызы бойынша, өрт техникалық қызмет көрсетуге арналған гаражда жылжымалы құрамның жанармай багына дәнекерлеу жұмыстары жүргізу кезінде, яғни техника қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан орын алды.

Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 2 техникасы мен жеке құрамы жедел жетті. Жаттығу барысында өрт сөндірушілер өртті сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын орындады.

Газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны зақымданған ғимарат ішінен екі адамды құтқарып, оларға кейіннен медициналық апаттар орталығының қызметкерлері алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетті.

Жаттығу тиісті деңгейде өтті. Құтқарушылар теміржолшыларға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігі жөнінде нұсқаулық жүргізіп, нысанның ерекшеліктерімен қосымша танысты.

Ортақ мақсатқа жұмылдыратын шаралар

ТЖМ-нің 30 жылдығына орай облыстық департаменттің барлық бөлімшелерінде «Гүлденген гарнизон» байқауы өтуде. Байқаудың мақсаты – аумақты көгалдандыру, ұжымдық рухты нығайту және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру.

Мәселен алғашқылардың қатарында бұл игі бастаманы қолдаған Сарысу ауданының қызметкерлері гүл егіп, аумақты көгалдандыру және көркейту жұмыстарын жалғастыруда. Бірлескен еңбек тек бөлімшенің келбетін жаңартып қана қоймай, ұжымды да ортақ мақсатқа жұмылдыруда.

Сондай-ақ азаматтық қорғау қызметінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында сарысулық құтқарушылар Жаңатас қаласының №16 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, отбасылық спорт күнін өткізді.

Мереке аясында түрлі спорттық жарыстар мен қызықты ойындар ұйымдастырылып, қызметкерлер өз отбасының мүшелерімен бірге эстафеталар мен жарыстарға және өзге де сайыстарға белсене қатысып, бір-біріне қолдау көрсетті.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен ең белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар мен марапаттар табыс етілді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП