Саясат

Экономиканың еңсесін инвестиция көтереді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетті инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп қайта атауды ұсынып, ел экономикасын тұрақты дамуға негіз болатын инвестиция тарту жүйесін толық жаңғыртуды тапсырды.

Әлемде геосаяси жағдай шиеленісе түскен кезеңде ел экономикасындағы тұрақтылықты сақтап қалу – ең үлкен мәселе. Мемлекет басшысының қазіргі күрделі ахуалда елге инвестиция тарту – кезек күттірмейтінін баса айтуы да сондықтан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда инвестиция тартуда ұстаным керек екенін ескертті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздегі мекемелердің бірдебірінің атауында «инвестиция» деген сөздің жоқтығына назар аударды. «Инвестиция жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз орнын таппай отыр. Сондықтан Олжас Бектенов 10 күн ішінде нақты ұсыныс айтуы қажет», деп тапсырды Мемлекет басшысы. Инвестиция тарту – экономиканың дамуы үшін маңызды аспект. Ал инвесторлар бірінші кезекте қомақты қаржысын салатын мемлекеттің, өңірдің инвестициялық ахуалын зерделейтіні түсінікті.

Бұл ретте Қазақстанды шетел инвесторлары қолайлы аймақ санайтыны біз үшін ұтымды болып тұрғанын айтуымыз керек. Ірі бизнес өкілдері белгілі бір өндіріске инвестиция саларда сол елдегі заңнамалық базаға назар аударады. Инвесторлар үшін тұрақты және болжамды заңнамалық орта қажет. Себебі, компания басшылары әрқашан өзі салған қаржысының заңмен қорғалуы маңызды.

Сондай-ақ салық жеңілдіктері мен преференциялар, сондайақ инвестициялық келісімдер маңызды. Кез келген инвестордың назарынан тыс қалмайтын тағы бір мәселе – бюрократиялық кедергілер. Инвесторлар үшін әкімшілік кедергілерді азайту, рұқсат алу процесін жеңілдету аса маңызды. Одан кейінгісі, әрине, экономикалық тұрақтылық.

Тұрақты экономикалық орта, әлеуметтік ахуалы қолайлы аймақтың болуы инвесторлардың сенімін арттырады. Шетелдік инвесторлардың негізінен қаржы салатын саласы – өнеркәсіп екені белгілі. Өндіріс орны болсын, шағын бизнес болсын, кез келген құрылыс жүретін аумақта дамыған инфрақұрылым болуы қажет. Бірінші кезекте жол, транспорт, байланыс, инфрақұрылым жүйесінің болуы бизнес өкілдері үшін маңызды. Ол өнімдерді нарыққа шығару мен логистиканы жеңілдетеді.

Бұл ретте «Жібек жолы» еркін экономикалық аймақты дамытуға күш салып отырған Жамбыл өңірі – шетелдік инве сторлардың назарын аударып отырғанын айтуымыз керек. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсянмен бірге бейнебайланыс арқылы Шуда жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың алғашқы кешенін салтанатты түрде іске қосқаны – сөзіміздің дәлелі.

Президент тапсырмасынан кейін инвестиция тарту мәселесіне қатысты қысқа мерзімде толыққанды жүйе жасалып, бұл процесс жеделдете түсері анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауы – экономиканың барлық саласына серпін беретін жаңа бағдар деуге болады. Ол біріктіруші күшке ие. Бағыттаушы жоспары айқын, стратегиялық құжат. Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың түрлі салаларына цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізуді жүктеді.

Саяси сарапшылар цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізуді біздің ел үшін жаңа ұлттық идея деп айқындауда. Ал Мемлекет басшысы ұсынған бір палаталы Парламент жүйесіне көшу туралы жаңа саяси бастаманы талқылауға бізде толық бір жыл уақыт бар. Бұл кезең саясатшылар мен сарапшылар үшін, халық үшін ой саралауға жеткілікті. Ұсынылған парламенттік реформа президенттік саясаттағы «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласын дамытады.

 

Абдалы НҰРАЛИЕВ

облыстық мәслихаттың төрағасы.