Тараз автопаркі 12 жаңа автобуспен толықты
Облыс орталығындағы орталық алаңда жергілікті автотасымалдаушыларға 12 жаңа автобус табыс етілді. Соңғы бір жылдан астам уақыт аралығында осы маркалы көлікті пайдаланып келген қала халқы оның ыңғайлылығын бағалап үлгерді десек, жансақ сөйлемейміз. Елге жаңа көліктегі мініп-түсуге ыңғайлы етіп жасалған кіру табалдырығының төмен орнатылғандығы, орындықтардың жайлылығы, жолда ырғақты жүруі және ішінде жолаушылардың өздері реттей алатын кондиционер мен желдеткіштердің болуы ұнады.
Жүргізушілерге көлік кілттерін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков тапсырды.
Шаһар басшысының сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасуда. Биылғы жылы осы мақсатта 47 автобус сатып алынған. Ал жаңа автобустар №27 және №32 бағыттарды жаңартуға бағытталатын болады.
Тараз қаласы әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін тағы 80 автобус сатып алу жоспарлануда. Облыс орталығын дамытудың бас жоспарына сәйкес қалаға 14 елді мекен қосылғандығы белгілі. Жоспарланған 80 автобус жаңа елді мекендердің аумағында жаңа бес бағыт ашуға бағытталады.
Aq jol-Aqparat.