Жаңалықтар

Жолдау – жаңа қадамдардың бастамасы

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент сессиясының ашылуында Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Маңызды құжатта мәлім болған жайттарды жамбылдық ҚАЖ қызметкерлері де өзге қазақстандықтар секілді мұқият тыңдады. Нақтылай түссек, өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінің басшы және жеке құрам қызметкерлері Президент Жолдауында айтылған ұтымды ұсыныс-пікірлерді қолдайтындықтарын жеткізді.

Жалпы, Жолдауда еліміздің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық климатты жақсарту мен жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде нақты жоспарлар ұсынды. Бұдан бөлек Жолдауда жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономикамызды жаңғырту туралы да кеңінен айтылды. Мемлекет басшысы: «Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн», – деп атап өтті.

Рас, әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтырудың маңызы зор. Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі. Осы ретте қоғамның құқықтың мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет-ақ. Бұл орайда Президент «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры екенін тағы да еске салды. Оның айтуынша, қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным.