Мәдениет

Әсерлі әңгімелерімен бөлісті

Мәдени ошақтарда тек жазушы-ақын, ғалымдар ғана емес, түрлі саланың өкілдерімен кездесу өткізу әсерлі. Себебі, әр мамандық – құнды, әр мамандық иесі – ашылмаған сырлы әлем. Біз мұны Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы ұйымдастырған ісшара барысында көңілге түйдік.

Amanat партиясының «Әйел аманаты» бастамасын іске асыру бойынша әзірленген «Айша бибі» бағдарламасын дамытудың «Кәсіп–игергендікі, жұмыс – еңбектенгендікі» жобасы аясында «Теміржол тарландары» атты теміржол саласы мамандары және ардагерлерімен өткен кездесуді аталған кітапхана директоры Эльмира Абдинова ашып, теміржолшылардың өміржолы оқырмандарға қашанда қызықты екенін айта келіп, қонақтарды таныстырып өтті.

Кеш қонақтары «Қазақстан Темір жолы» ҰҚ» АҚ-ы филиалы – «Жүк тасымалы» Жамбыл бөлімшесі Тараз стансасының аға жүк және багаж қабылдап тапсырушысы Болат Ысқақов, «ЖТ» – Жамбыл бөлімшесінің коммерциялық агенті Інжу Шаханова өздерінің мамандықтары бойынша әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Болат Сейдахметұлы жолаушылардың жүктерін қабылдау ісінің жеңіл емесіне тоқталды.

Інжу Шәйімбетқызы да өз мамандығынан сыр шертіп, оқырманын қызықтыра білді. Кездесу барысында еңбекті қорғау, қозғалыс қауіпсіздігі темір жол саласындағы әйел қызметкерлерінің қауіпсіздігі, еңбек жолдарындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды еңбекке адалдық, жауапкершілік, кәсіби шеберлік секілді құндылықтарға баулыды.

Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының «NЕЕT жастары және жас отбасылармен жұмыс» бөлімінің меңгерушісі Рамида Махамбетова да жаңадан от ау құрған жаст армен жұмыстың ауқымдылығын атап өтті.

Мұнан соң қонақтар оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, ұйымдастырушылар тарапынан марапатқа ие болды.

 

Есет ДОСАЛЫ