Білім

Жаңа белестерге бастаған оқу жылы

Т.Рысқұлов ауданы Луговой ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейі базасында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетімен бірлескен жұмыс жүзеге асырылып келеді. Яғни, аталған мектеп пен университет арасындағы меморандум негізінде «Математика», «Физика» пәндері бойынша аудан мектептерінің, 10-11-сынып оқушылары арасында олимпиада ұйымдастырылады. 2021 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан олимпиада екі кезеңмен өткізіліп, оқушылардың білімі сынға түседі. Алғашқы кезеңде оқушылар тест тапсырмалары арқылы жалпы 25 сұраққа 50 минут ішінде жауап беріп, II кезеңде 3 есептен тұратын жазбаша тапсырманы 40 минут ішінде орындап, өз білімдерін көрсетеді. Нәтижесінде бірінші орынға ие болған оқушылар аталған оқу орнында оқудың 100 пайыз жеңілдігін, екінші орын иегері 75 пайыз және үшінші орынды алған жеңімпаз 50 пайыз жеңілдікті жеңіп алып, арнайы сертификатпен марапатталады.

Т. Рысқұлов атындағы мектеплицейі өткен оқу жылын табысты қорытындылап, биылғы оқу жылын жаңа жоспар-мақсатпен бастап отыр. Мектеп директоры Ербол Кайпулдаев мұндағы педагогтер мен оқушылар бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерді алдағы уақытта да жалғастырып, жаңашылдықпен дамыта отырып, жаңа оқу жылын бастағандарын айтты.

Кеше ғана басталған оқу жылына бұл мектеп-лицей үлкен әзірлікпен кірісті. Кітапхана меңгерушісі Гүлбайра Танысхожаева барлық оқушылар түгелдей қажетті кітаптармен қамтамасыз етілгенін жеткізді. ؘ

Жаңа оқу жылын бұл ұжым жаңа биіктерге жол ашқан, жетістікке толы маңызды кезең деп санайды. Бұл табыстар – мұғалімдердің қажырлы еңбегі, оқушылардың талпынысы және ата-аналардың қолдауының жемісі. Алдағы оқу жылында да ұжым болып бірігіп, білім беру мен тәрбие ісінде жаңа белестерді бағындыра береміз дейді мұндағы педагогтер.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т. Рысқұлов ауданы