Ортадан озған Омаровтар
Омаровтар отбасын Мойынқұм өңірі тегіс біледі десек қателесе қоймаспыз. Отағасы Мақсұт Жиреншеұлы мен отанасы Ләззат Шәкірқызы 4 ұл, 2 қыз дүниеге әкеліп, олардан 19 немере сүйіп, өсіріп, тәрбиелеуде. Шаңырақ құрғандарына – 46 жыл. 46 жыл бойы тату-тәтті шаңырақ болу – үлкен бақыт.
Отағасы Мақсұт Омаров 1957 жылы Мойынқұм ауылында туған. Жамбыл гидромелиорация құрылыс және Тараз педагогикалық институттарын бітірген жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі. Білім саласында 40 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагер ұстаз. Мақсұт үнемі ізденіп, алға ұмтылып жүреді. 1998 жылы «Қуаныш» отбасылық фольклорлық ансамблін құрған. Ұл-қыздары ұлттық аспаптардың кез келгенінде шебер орындағанымен қатар, эстрада жанрында әндерді нақышына келтіре орындайды.
Республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың жеңімпаздары. Сонымен қатар немерелерін де өнерге тәрбиелеп, ансамбль мүшелерін толықтырудағы еңбегі ерекше. Облыс орталығында өтетін Мойынқұм ауданының мәдениеті мен өнер күндеріне, аудан орталығында өтетін мәдени іс-шараларға тұрақты және белсене атсалысып келеді. Зейнетке шықса да өнерден қол үзбей, ұлттық өнерді дамытудағы еңбегі ерекше.
Отанасы Ләззат Мерекенова 1958 жылы Мойынқұм ауданы, Кіші Қамқалы ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Тараз педагогикалық институтын аяқтап, 42 жыл ұстаздық еткен. «Күміс алқа» медалінің иегері. Тұңғыштары Зуһра Мақсұтқызы 1981 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Ол Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында кадр бөлімінің басшысы болып еңбек еткен. Қазіргі таңда театр музейінің меңгерушісі қызметін атқарады.
Зухрадан кейінгі қызы Назира Мойынқұм аудандық өнер мектебінің хореографы. Қуаныш Мақсұтұлы – жоғары білімді архитектор.Тараз қаласы «Қазақтелеком ААҚ» жобалаушы инженері қызметін атқарады. Ержан Мақсұтұлы – Мойынқұм музыка мектебінің мұғалімі. Ерлан Мақсұтұлы жеке жұмыстармен шұғылданады. Нұрбол Мақсұтұлы – Мойынқұм аудандық мәдениет үйінің әншісі, өнер және қосымша білім беру мектебінің вокал пәнінің мұғалімі. Жанұяның 4 ұл-қызы, 12 немересі отбасылық «Қуаныш» ансамблінде өнер көрсетеді.
Шымкентте өткен республикалық байқаудың І орын иегері. Отағасының өткен өмір жолына, отбасына берген тәрбиесіне көңілі толады.
Көршілермен жақсы араласып, жағдайларын біліп тұрамыз. Кейде кешкі шайды көршілермен әңгімелесіп отырып бірге ішеміз.
Мұндай ұлағатты отбасының ұл-қыздары ертең еліміздің нұрлы болашағы боларына күмәніміз жоқ.
Есет ДОСАЛЫ
Мойынқұм ауданы