Басты мұрат - адалдық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр бүтін отбасы еліміздің ең жоғары байлығы екенін ерекше айтып келеді. Отбасының дамуы – Отанның дамуына жол ашады. «Отан отбасынан басталады» деп те бекер айтылмаса керек. Қоғамның дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген мерейлі шаңырақтың бірі – жуалылық Абдуалиевтер отбасы.
Отағасы Қырықбай Абдуалиев ұзақ жылдар бойы көлік жүргізушісі болып еңбек еткен. Ол көлікті ғана емес, өз отбасының тәрбиесін де жақсы жүргізе білді. Ауылға адал ісімен, көркем мінезімен танылды. Ішімдіктен аулақ жүріп, Жаратушы алдындағы парыздарын түгендеуден жалыққан жоқ. Яғни, оразасын үзбей, тәулігіне 5 рет сәждеге бас қойды. Әкелерінің мұндай имандылығы отбасының тәрбиесіне оң әсер еткені анық. 2011 жылы Тараз қаласындағы «Хибатулла Тарази» облыстық мешіт-медресесінде 6 айлық курстан жоғары үлгеріммен өтіп, 2012 жылы 54 жасында өзі туып-өскен Жуалы ауданы, Шыңбұлақ ауылдық мешітіне имам болып бекітілді. Содан бері де жылжып жылдар өтті.
Қырықбай Байсымақұлы ауылдың имандылығы, берекесі мен ынтымағы жолында аянбай тер төгіп келеді. Асыл жары Несіпкүл екеуі 4 ұл өсіріп, олардан 12 немере сүйіп отыр. Отбасы құрғандарына 47 жыл. Отанасы Несіпкүл Абдуалиева жоғары білімді. Шақпақ станциясында дүниеге келіп, Шыңбұлаққа 19 жасында келін болды. Тараз мемлекеттік институтын сәтті аяқтап, 1981 жылдан бастап №24 Т.Рысқұлов орта мектебіне орыс тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады.
Аталған мектепте 39 жыл үздіксіз еңбек еткен ұстаз қазіргі таңда құрметті демалыста. Үлкен ұлдары Бекбосын жоғары білімді есепші ретінде де 20 жыл жемісті қызмет атқарса, қазір өзінің жеке шаруашылығын дамытуда. Бекбосынның жұбайы Назгүл жоғары білімді биолог маман. Ол балабақшада 10 жылдан астам абыройлы еңбек етті. Бұл отбасында 2 ұл, 2 қыз тәрбиеленуде. Үлкен ұлға атаанасы да риза. Бекбосыннан кейінгі Ербосын машина жөндеу ісімен айналысса, Бақтияр – құрылысшы.
Кенжелері Медет аталған ауылдағы №24 Т.Рысқұлов орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бұл перзенттердің де отбасылары және кішкентай қара домалақтары бар.
Есет ДОСАЛЫ
Жуалы аудан