Аймақ

Тіл жанашырлары алғысқа бөленді

Тіл – қарым-қатынас құралы болғандықтан да қоғамда маңызы зор. Әр халық үшін ана тілінің қадірі бөлек. Елімізде тұрғындарға мемлекеттік тілге құрмет көрсетумен қатар, өз ана тілін дамытуға ешқандай шектеу жоқ. Оның айғағы – 5 қыркүйек Қазақстан халқының тілдері күні болып белгіленгені. Атаулы күнді жамбылдықтар лайықты түрде мерекеледі. Тіл саясатын насихаттау мақсатында облыс орталығында «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық форум ұйымдастырылды.

Форум «Ұлт ұстазы» театрландырылған көрінісімен басталды. Алқалы жиында алғашқы сөз сөйлеген облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай бұл күннің тілге арналуының маңызына тоқталды.

Жұртшылықты мерекемен құттықтаған басқарма басшысы Мемлекеттік тілді дамытуға өзіндік құрметімен үлес қосып жүрген азаматтарды Ғылым және жоғары білім министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапаттады. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытқаны, гуманитарлық салада ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін тіл жанашыры Москау Ноқрабековке «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі берілді.

Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова табыстады. Форумға қатысушылардың назарына «Тіл бірлігі» көрмесі қойылып, «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы», «Қазақша үйренейік!» бейнедәріс топтамасы, «Ғажайып киіз үй» жобасы және әдістемелік құралдар жинағы ұсынылды. Тіл мәртебесін арттыруға негізделген салтанатты жиын соңы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілерінің концертімен жалғасты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА