Қоғамдық көлікте жолақыны қалай төлеп жүрсіз?
Соңғы кездері Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің қызметіне төленетін жолақыға байланысты бір мәселе көңілді күпті қылып жүр. Нақтырақ айтсақ, қаладағы автобус жүргізушілері арасында жолаушылардан жолақыны өздерінің телефон нөмірлеріне аудартқыза бастаған жағдайлар көбейген. Жүргізушілер үшін тиімді болып табылатын бұл амалдың жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемедегілерге әсте ұнай қоймағаны анық.
«TULPAR CARD» электронды билеттеу жүйесі Тараз қаласында 2020 жылы енгізілді. Сол кезде қаладағы барлық автобустарға жолақыны қабылдайтын арнайы терминал орнатылды. Сондай-ақ телефондағы қо сымша арқылы төлем жасауды қарастыратын Kaspi QR, Halyk QR коды қойылды. Кейін бұл әдіс кеңейтіліп, онлайн-банкингпен төлем жасауға да мүмкіндік туды.
Соған сәйкес транспорттық картаны толтыру қажет болмай қалды. О с ы бастама автопарктегілердің тығырықтан шығуларына көмектесіп, ақша айналымына бақылау жасауды оңайлатты, жолаушыларға ақы төлеуді ыңғайлы етті. Солай бола тұра қолма-қол ақша төлеу де сақталып қалды. Ондай есеп айырысуға көбіне қоғамдық көлікке көп мінбейтін егде жастағы адамдар жүгінеді.
Расында банктік қосымша арқылы е сеп айырысу қолма-қол ақша төлеуді толығымен тоқтатуы тиіс еді. Бірақ мұндай жағдай жүргізушілерге ұнамады. Өйткені олар күнделікті төленетін жолақының бір бөлігін өздеріне қалдыруды көздейді. Терминал тұрса да, автобус жүргізушілері ақшаны тікелей өз телефон нөмірлеріне аудартуды шығарды. Бұған онсыз да қосымша арқылы ақы төлеп жүрген жолаушылар қауымы аса ренжи қоймады. Олар үшін жолақыны қайда, кімге төлесе де бәрібір, ең бастысы діттеген жеріне тезірек жетіп алса болғаны...
Нәтижесінде тасымалдан түсетін қаржының бір бөлігі автопарктердегі ре сми операторларды айналып өтіп, кассаға түспей жатқандығы анықталды. Қазір тасымалдаушылар мен бақылаушы органдар осыны тыймақ болып әрекеттеніп жатыр.
Ақы төлеуден бас тартушылар қабылданған заңға сәйкес 2 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде 7864 теңге айыппұл төлейді. Ал жолаушының билетсіз жүруіне жол берген жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде, яғни 19660 теңге айыппұл салынады. Тараз қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қазір қалада жолаушылар тасымалымен 8 компания айналысып отыр. Олар 43 бағытта қызмет көрстеді. Жалпы автопарктерде барлығы 457 автобус бар.
Солардың 370-і күнделікті жолға шығатын көліктер. Соңғы 3 жылда жаңадан 310 автобус әкелінді. Мысалы, 2022 жылы жап-жаңа 47 автобус әкелінсе, 2023 жылы -- 73, 2024 жылы 155 автобус әкелінген. Биылғы жылдың басынан бері 35 автобус әкелініп, пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ соңғы жылдары техникамен қоса автобус бағыттары да жаңаруда. Мысалы, 2023 жылы 11 жаңа бағыт ашылған болса, биылғы жылы тағы 2 жаңа бағыт (№37,62) қосылған.
Жалпы алғанда қаладағы 10 бағыттағы барлық автобустар жаңартылса, қосымша 4 бағыттың автобустары ішінара жаңартылған. Әрине, көлікті жаңарту өз кезегінде қоғамдық көліктің қызметін пайдаланатын жолаушылардың да көбеюіне оң ықпал етуде. Мәселен, 2022 жылы қала транспорты 39,43 миллион адам тасымалдаса, 2024 жылы 48,46 миллион адамды тасымалдады. Ал 2025 жылдың жартыжылдығында 25 миллион адам тасымалданып үлгерді. Көрсеткіш жыл соңына дейін 51 миллион адамға барады деп болжануда.
Айта берер болсақ, салада оң өзгерістер баршылық. Солардың қатарында соңғы жылдары кейбір автобустардың ішінде көшедегі аялдамалардың атауын алдын ала қос тілде хабарлап отыратын үнтаспа автоматының іске қосылғандығын айтуға болады. Өткен жылы осындай құрылғымен жабдықталған 4 автобус қызмет көрсеткен болса, биылғы жылы тағы сондай 10 автобус қатарға қосылмақшы. Бұған 19 аялдамаға уақытты көрсететін цифрлық табло орнатылып, олардың саны биылғы жылы 75-ке жететіндігін айтсақ, артықтық етпес. Әрине, айта берсек, мұндай жетістіктер көп.
Алайда кемшілік те жоқ емес. Қанша жерден автопарктеріміз жаңарып, қызметі жақсарып жатыр дегенімізбен алаңдатарлық мәселелер де бар. Сондай келеңсіздіктің бірі – жоғарыда айтқанымыздай, автобус жүргізушілерінің жолақыны ептеп қалтаға басуы.
Бұл туралы «Орталық диспечерлік қызмет» ЖШС-нің бақылау-ревизиялық қызметінің басшысы Жұлдыз Сапарқұл былай дейді:
Бұл мәселе бойынша «ӘулиеАтаТрансПасс» ЖШС-нің директоры Рашид Пірмановтың да өз айтары бар.
Қорыта айтқанда, қоғамдық көлік жүргізушілері кәсіби жұмысын атқарғаны үшін заңды жалақысын бір алып, жолақыға тағы көз алартуы ақылға сыймай тұр. Бірақ бұдан шығатын бір ғана жол – жолаушылардың жолақыны қайда төлегенін сәт сайын тексеріп, бақылауды күшейту қажет. «TULPAR CARD» қызметінде бар-жоғы 16 қызметші жұмыс істейтінін жоғарыда айттық.
Бір жылда қалада 50 миллионнан астам жолаушы ары-бері тасымалданып жатқанда 16 тексеруші қай жағынан жетеді? 16 тексеруші жүздеген автобустың күн сайын бақылап үлгере ме? Сондықтан осы тексеру қызметін жандандыруға күш салу керек.
Тағы бір айтары, бұл мәселеде әр жолаушы мен жүргізушінің өзіне сана бермесе, толығымен шеше алмайтынымыз анық. Сондықтан сіз автобусқа мінген кезде жолақыны қалай төлеп жүрсіз? Жолақы жеке қалтаға кетіп жатыр ма, жоқ, терминал арқылы көлік саласын дамытуға кетіп жатыр ма? Осы мәселені жақсылап ойланып көріңізші, құрметті жолаушы!
Талғат ТАЛАПҰЛЫ