Жаңалықтар

Есірткі қылмысының алдын алу – маңызды міндет

Есті адамды есінен айыратын есірткі қылмысымен күрес мемлекет ұстанған басым бағыттың бірі. Жастың да, жасамыстың да бір сәттік құмарлығын оятып, сау адамды сандырақтатын өсімдікті өсіру базбіреулер үшін көлеңкелі бизнеске айналып кеткені де рас.

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінде өткен кездесу барысында есірткіден төнетін қауіптің алдын алудың маңыздылығы жөнінде кеңінен айтылды. Жиынға өңірлік ҚАЖ департаменті сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психология жұмысын жүргізу тобының бас маманы, әділет подполковнигі Айгүл Танашева, өңірлік полиция департаментінің аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Андрей Сухарев, аға жедел уәкіл, полиция майоры Айгерим Каукешова мен белсенді азамат қатысты. 


Басқосуда тәртіп сақшылары есірткімен байланысты қылмыс атаулының жолын кесумен қатар, оның алдын алу мәселесі құзырлы органдардың назарынан тыс қалмағанын жеткізді. Олар өз сөздерінде есірткі бизнесіне тосқауыл қою мақсатында әлеуметтік желілерге жүйелі түрде талдау жүргізіліп, жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылатынын атап өтті. 


Жиын соңында спикерлер жазасын өтеушілерге есірткі қылмысының жазасы ауыр екенін, осы себепті болашағына қауіп төндіретін өсімдік атаулыдан кез келген азамат бойын аулақ ұстау қажеттігін ескертті.