Биыл 10 мыңнан астам орындық 29 жатақхана іске қосылады – Ведомство
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында стратегиялық міндет қойды – адами капиталға жүйелі инвестициялар арқылы Әділетті Қазақстан құру. Бұл тапсырма Үкімет атқарып жатқан кешенді жұмыстың негізіне айналды. Ол баршаға қолжетімді әрі заманауи білім беруге және ғылыми орта қалыптастыруға бағытталған. Жүйе мектепке дейінгі тәрбиеден бастап алдыңғы қатарлы зерттеулерді қолдауға дейінгі барлық сатыны қамтиды. Осы арқылы елдің болашағын айқындайтын берік негіз қаланып, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігі нығаяды және әрбір азаматтың өмір бойы дамуына жағдай жасалады.
Білім алу үшін қолайлы жағдай жасаудың тағы бір маңызды аспектісі – баспана мәселесін шешу. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес студенттік жатақханаларда жыл сайын кемінде 10 мың орын ұйымдастыру міндеті қойылды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар бойынша қазірдің өзінде елеулі нәтижелерге қол жеткізілуде: 2018 жылдан бастап 62 мың орындық 251 жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 10 мыңнан астам орындық 29 жатақхана іске қосылады, олардың ішінде ел тарихындағы ең ірі жатақхана – елордада Еуразия ұлттық университеті үшін салынған 2 656 орындық жатақхана бар. Осылайша тапшылық мәселесі еліміздің барлық өңірлерінде шешімін тапты. «Student-residence» заманауи моделі енгізілуде, ал әлеуметтік осал топтардан шыққан студенттер үшін мемлекет 2023 жылдан бері тұру шығындарын өтеп келеді.
Сондай-ақ, Президент Жолдауында көрсетілген адами капиталды дамыту бағытына сүйене отырып, Үкімет кәсіптік және жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру бойынша кешенді саясатты жүзеге асыруда. Жұмыс әрбір жас қазақстандықтың сапалы мамандық алуға әрі өз әлеуетін асыруға мүмкіндік алуына бағытталған. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі (ТжКБ) нарық талаптарына барынша сәйкестігі үшін қайта форматтау жүргізілуде.
Жаңа кәсіптер атласы әзірленді, онда 900-ден астам жаңа білім бағдарламасы өзектендіріліп, 510-нан астам жаңа бағдарлама әзірленген. Атлас негізінде 9 өңірде кадрларға қажеттілік карталары жасалды. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында Jas Skills және Junior Skills конкурстары өткізіледі, ал 107 мыңнан астам оқушы «Мансап компасы» платформасында кәсіби диагностикадан өтті. Отандық бес колледжді халықаралық деңгейге көтеру бойынша жұмыс басталды.
Аталған жұмыстағы негізгі құралдардың бірі – оқытуды тікелей қаржыландыру. Президент тапсырмаларын және сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында білім беру гранттарының саны 50%-ға ұлғайтылды, ал биылғы оқу жылында олардың саны 93 мыңнан асты, жергілікті атқарушы органдардан (1,5 мыңнан астам), KAZENERGY қауымдастығынан (400), ЖОО ректорларынан (2,2 мың) және «Қазақстан» қорынан (500) қосымша гранттар бөлінді.
Бұл шараларға қосымша шәкіртақы көлемі жүйелі түрде артып келеді: 2024 жылдың қыркүйегінен бері бакалаврлар үшін төлемдер 20%-ға, магистранттар мен докторанттар үшін 15%-ға өсті, ал студент-педагогтер үшін 75 мың теңгеден асып отыр. Жалпы, соңғы бес жылда шәкіртақы көлемі екі есе өсті және 2029 жылға қарай оның көлемін 200%-ға дейін көтеру жоспарлануда. Студенттерді тікелей қолдаумен қатар, отбасыларға арналған қаржылық жоспарлаудың ұзақмерзімді тетіктері де енгізілуде.