Қуат көзіне тәуелділік
Қуат көзіне тәуелділік
еңсерілетін болады
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «...Өткен 5 жылда энергетикада индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Соған қарамастан, магистралдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. «Екібастұз-Cемей-Өскемен» және «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілер салу қажет. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді» деп атап көрсетуі бізге де аса ауқымды міндет жүктейді.
Басқарманың қызметі облыс тұтынушыларын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында ұзақ мерзімді жүйелік шешімдерді іске асыруға бағытталғанын ескерсек, алдымызда үлкен жауапкершілікпен атқаратын жұмыс бар. Былтырдан бері біз электр энергетикасы саласында 1 миллиард теңгеден астам қаржыға 3 ауқымды жобаны жүзеге асырудамыз. Оның екеуі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Қаратау қаласындағы натрий цианидін өндіретін зауытқа 110/ 35/ 10 киловаттық қосалқы стансасы мен ұзындығы 10,44 шақырым болатын 110 киловаттық электр желісінің құрылысы жүргізіліп, аяқталуға жақын. Т.Рысқұлов ауданының «Шеңгер» учаскесінде орналасқан 4 шаруа қожалығына ұзындығы 11,362 шақырым құрайтын 10 киловаттық электр желісінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Т.Рысқұлов ауданындағы «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы дақылдарын жаңбырлатып суару үшін ұңғыларын бұрғылауға республикалық және жергілікті қазынадан 193 487, 436 мың теңге бөлініп, жобада қаралған жұмыстар толығымен аяқталды. 17 ұңғы орнатылып, оларды мемлекеттік қабылдау комиссиясы 2014 жылдың 19 желтоқсанында қабылдады. Шу қаласының батыс бөлігіндегі «Жайсан» алқабын электр энергиясымен жабдықтау мақсатында 527,4 миллион теңгеге қалада 35/ 10 киловаттық қосалқы станса мен ұзындығы 9,30 шақырым «ЛЭП-35» киловаттық электр желісінің құрылысы жүргізілуде. Осы жоба аяқталғаннан соң, Шу қаласы қазандығын сенімді электрмен жабдықтау мақсатында қосымша желі салу көзделуде. Қазір аудан әкімдігі тарапынан жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Қордай ауданының шығыс бөлігін электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығына дейін 220 киловаттық электр желісінің құрылысы және осы ауылдағы «Қордай-2020» қосалқы стансасы мен қолданыстағы 110 киловаттық қосалқы стансасына дейінгі 110 киловаттық желілерінің құрылыстарына жалпы сметалық құны 4,551 миллиард теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаны «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асыру көзделуде. Тараз қаласының солтүстік-шығыс бөлігін электрмен жабдықтауды жақсарту мақсатында Сабалақов көшесі аумағындағы жаңа Бурыл алқабында 10/35/10 киловаттық қосалқы стансасының және 110 киловаттық әуе желілерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Бұған қоса, жобаланып жатқан 14-ші шағын ауданның және «Барысхан» алқабын электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 10/35/10 киловаттық қосалқы станса мен 110 киловаттық кабель желісінің құрылысының құжаттары да дайындалу үстінде. Тараз қаласының бекітілген бас жоспарына сәйкес, былтыр «Арай» тұрғын алқабында 1778 жер телімі учаскесі жеке сектор құрылысына бөлініп, бүгінде 1511 үй пайдалануға берілді. Берілген жер телімінің 85 пайызы игерілді. Осыған байланысты «Арай» және «Бәйтерек-2» тұрғын алқаптарын электр энергиясымен жабдықтау маңыздылығын ескеріп, 2 секциялы тарату пункті мен 10 киловатт кабель желісінің құрылысына жергілікті бюджеттен 110,238 миллион теңге қарастырылды. Басқарманың электр желілерін дамыту және 2020 жылға арналған жұмыс көлемін бағалау жоспары бойынша жуық арада тағы да біршама жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Осындай жобаның бірі – облыс орталығындағы «Бәйтерек» шағын ауданы тұрғындарын және қазандықтарды электрмен тұрақты жабдықтау мақсатындағы 110/10 киловаттық «Бәйтерек» қосалқы стансасының екінші кезегінің құрылысы. Жобаның жалпы сметалық құны 312,488 миллион теңге. Жобаны іске асыру үшін ел қазынасынан биыл бастапқы жұмыстарға 81,235 миллион теңге бөлінді. Былтыр желтоқсан айында «Астана» шағын ауданы аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа әлеуметтік нысандарды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 110/10 киловатт «Астана» қосалқы стансасының екінші кезегінің құрылысына жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Жобаның сметалық құны 527,956 миллион теңгені құрайды. Алдағы уақытта тиісті бюджеттік өтінім әзірленіп, ағымдағы жылдың ақпан айында бюджетті нақтылау кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын республикалық бюджеттен қаржыландыруға тапсырыс берілген. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде инженерлік инфрақұрылымды дамыту үшін нысаналы даму трансферттер негізінде 2015 жылға республикалық бюджет есебінен Тараз қаласындағы «Арай», «Қайнар», «Ақ жол» және «Мичуринец» алқаптарының тұрғындарын электрмен және газбен қамтамасыз етуге 1,3 миллиард теңге бөлінді. Сонымен бірге жергілікті бюджет есебінен коммуналдық шаруашылықты дамытуға 374,2 миллион теңге бөлініп, басқа да бірқатар жобалар іске асырылатын болады. Мәселен, Тараз қаласындағы 13 көшенің шамдарын ауыстыруға – 271,4 миллион, «Төрткүл» алқабын электрмен қамтамасыз етуге – 68,249 миллион теңге және Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын алқабын электрмен жабдықтауға 34,611 миллион теңге бөлінеді. Үкіметтің 2013 жылғы 6 тамыздағы қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының концепциясы «Жасыл экономикаға» өту жоспарын жүзеге асыру мақсатында қуаттылығы 125 мегаватты құрайтын «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының жылу-электр орталығын қайта жаңғырту мен кеңейту мәселесі жоспарлануда. Қазіргі кезде осы жобаның құрылысын іске асыруға бірқатар шетелдік компаниялар қызығушылық танытуда. Бұл бағытта жұмыс одан әрі жалғасуда. Қорыта айтқанда, басқарма алдында биыл да, одан арғы жылдары да атқарылатын ауқымды жұмыс бар. Әлбетте, оның бәрін бір мақалада жазып шығу мүмкін емес. Елбасы Жолдауында ерекше мән берген энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту барысында атқарылатын жұмыстарға тоқталдым.
Мұхтар ТӨЛЕУЛИЕВ, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.