Құқық

Сыныптасын өлім құштырған

Жаңа оқу жылы жамбылдық жұртшылық үшін жан түршігерлік оқиғамен басталды. Ала жаз бойы алаңсыз асыр салып ойнаған жеткіншектердің бірі жанжалдасудың салдарынан сыныптасының қолынан қаза тапты. Оқыс оқиға 1 қыркүйек күні Тараз қаласындағы Қаратау шағынауданында орын алған. Кәмелетке толмағандар арасындағы дау-дамайдың соңы төбелеске ұласып, жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған 14 жастағы жасөспірім ажал құшады. Жедел жәрдем келгенше жан тапсырған мектеп оқушысы көпшіліктің ортасына келіп құлаған. Куәгерлердің айтуынша, ол жарты сағатқа жуық қансырап жатып қалыпты.

Полицейлер жүргізген жедел-іздестіру ісшараларының нәтижесінде өз сыныптасын пышақтап өлтірген жас ізін суытпай ұсталған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде Қылмыстық Кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Ал Тараз қалалық білім бөлімі оқиғаның оқу үдерісінен тыс жерде болғанын жеткізді. Жанжал тұрмыстық себептерден туындап, жасөспірімдер бұрын кездеспеген. Бұл ретте екі мектеп оқушыларының төбелескені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Топтық ұрыс фактілері жоқ. Нарғазы Данаев атындағы орта мектептің 9 «В» сыныбының жетекшісі Гүлмира Жанаеваның сөзінше, мезгілсіз қайтыс болған жеткіншектің мінезі жайдары, артық қылығы болмаған.

Өкінішке қарай, тараздықтардың төбе шашын тік тұрғызған дәл осындай оқушылар арасындағы оқыс оқиғалар бұған дейін де орын алған еді. Естеріңізде болса, сегіз жыл бұрын 10 жастағы оқушының өліміне қатысты 14 жас ар жеткіншек күдікке ілінді. Өңірлік полиция департаментінің қызметкерлері олардың желім иіскегендерін анықтаған.

Оған қоса күдіктінің ақыл-есінде ауытқу бар екені белгілі болды. Ал 2022 жылы 14 жастағы бала 12-қабаттан секіріп кетті. Сол кезде жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсау себептерін анықтау үшін егжей-тегжейлі тергеу жұмыстары жүргізілді. Арнайы мамандар жеткіншектің өлер алдында қалдырған хатын зерттеуге де күш салды.

 

Есен ӨТЕУЛІ