Ерлік сын сағатта жасалады
Байзақ ауданы орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйі алдында Қайнар әскери бөлімшесінде болған жарылыстан қаза тапқан жерлес-жауынгерлерімізге қойылған мемориалдық ескерткіш-тақта алдында еске алу жиыны өтті.
Еске алу жиынына аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, ардагерлер, әскери және өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері, жарылыс кезінде қайтыс болған батырлардың атааналары, туыстары қатысты.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров сөз алып, елдік пен ерлік сынға түскен сәтте, қас қақпай өмірлерін құрбан еткен батырлардың есімі мәңгі өшпейтіндігін жеткізді. Бейбіт күннің батырлары атанған жерлес жауынгерлеріміздің өмір жолы, ерліктері жас ұрпақты отансүйгіштікке, еліне адал қызмет етуге тәрбиелейтіндігін айтты. Байзақ аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Болат Әміралиев отаншыл жігіттердің ерлігін айтып толғанды.
Жиналғандар марқұм өрт сөндіруші Марат Мешінбайдың анасы Қымбатгүл Әлиеваның сөзіне ерекше құлақ түрді.
Бұдан соң ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, ерлікке тағзым етілді. Осындай еске алу жиыны Қайнар елдімекеніндегі №28349 әскери бөлімшесінде де өтті. Бұл жиынға да төтенше жағдай қызметінің өкілдері, қаза болған азаматтардың ата-аналары қатысты. Оларға ержүрек марқұм азаматтарды еске алып, рухына арналып оқылған құранға қол жайды.
Осылайша, осыдан 4 жыл бұрын орын алған жарылыс кезінде қаза тапқан батыр жігіттер рухына құрмет жасалды. Ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Есет ДОСАЛЫ
Байзақ ауданы