Айтылды, артынша жөнделді
Тараз қаласының аумағы үлкейіп жатыр. Қаншама ғимараттар мен нысандар бар. Олардың барлығының қатесіз жазылуын күн сайын қадағалап отыру мүмкін емес шығар. Дегенмен көзімізге түскен олқылықтарды түзете жүру қалам ұстаған барша азаматқа міндет болса керек. Себебі тіл тазалығы, жарнамадағы сауатты жазулар қашанда маңызды.
Жақында Тараз қаласының Д.Қонаев және Қойгелді көшелерінің қиылысына жақын орналасқан бір нысанның маңдайшасындағы жазуды оқып, ойланып қалғанымыз рас. «Қыз жасау», – деп тұр. Ойпырм-ай, бұл қалай? Қыздың жасауын жасауға болады, бірақ бойжеткендерді жасап шығаруға дамыған еш технологияның мүмкіндігі жетпес. Әлгі ғимараттың ішіне кіріп, сұрастырдық. Қыздың жасауын дайындап, сататын сауда орны екен. Тек сатушылары болғандықтан, қожайынмен жолыға алмай кеттік. Ертеңіне Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваға хабарласқан едік.
Сөйлесті. Екі күннің ішінде түзеп, әлгі маңдайшаға «Қыз жасауы» деп жазды. Аталған сауда орталығының иесі Камилжан Кайбуллаевпен біз де сөйлестік.
Айттық, түзетті. Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваға да рақмет. Мәселеге бейжай қарамайтынын танытты. Бәлкім екі күннің ішінде түзеткен соң, осы жайтты жазбасақ та болар ма еді. Дегенмен, өзге кәсіпкерлерге үлгі болсын дедік. Түзетеміз десек, түзейміз. Қате жібермейміз десек, жібермейміз. Қолымыздан келеді.
Ендеше, тілдің тазалығына, жарнамалардың сауатты жазылуына бәріміз жауаптымыз. Себебі қазақтың тілі – бәрімізге ортақ!
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы