1,3 миллион гектар орман камерамен бақыланады
Цифрлық трансформация шеңберінде экология саласында орман өрттерін ерте анықтаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді.
Вице-министрдің сөзінше аталған жүйе әрекет ету уақытын үш есе қысқартуға, өрт ауданын жиырма есе азайтуға және сөндіру шығындарын он бес есе азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 1,3 миллион гектарды қамтитын алаңдарда 148 камера орнатылғанын атап өтті.
Бұдан басқа, шығарындыларды бақылау бөлігінде барлық экологиялық ақпараттық жүйелерді біріктіретін платформа енгізілді. Бұрын кәсіпорындар қағаз есептілікті және өлшеулерді қолмен жүргізген болса, бүгінде бұл өзгертілді: кәсіпорын құбырларға әр 20 минут сайын онлайн режимінде интернет арқылы ақпаратты бірыңғай платформаға жіберіп отыратын тиісті датчиктерді орнатуға міндетті. Қазіргі уақытта табиғатты пайдаланатын 91 міндетті кәсіпорынның 76- сы қосылған.
Нұрболат АМАНБЕК