Білім

Мүмкіндігі мол CHAT GPT

Бүгінде жасанды интеллект қоғамның барлық саласында кеңінен қолданылуда. Әлеуметтік желі нетизендері Chat GPT нейрожелісін барынша сынап, ол туралы қызықты жазбаларымен де бөлісуде. Бірі ерекше тақырыпқа мақала жазып беруді тапсырса, бірі әрқилы сұрақтар қойып, нейрожелінің сауаттылығына таңдануда. Мамандар да болашақта Chat GPT-дің мүмкіндігі кеңеймесе, азаймайтынын жеткізді. Енді көкейде бір ғана сұрақ бар. Нейрожелінің пайдасы көп пе, зияны ма?

Сhat GPT – америкалық коммерциялық емес «OpenAI» компаниясы ұсынған нейрожелі. Кез келген мәтiндi автoматты түрде бағалау және талдау жүйесiн құратын Chat GPT үлкен жаңалық бoлды десек, қате айтқанымыз емес. Мамандардың айтуынша, нейрожелінің көмегімен кез келген сұраққа жауап табуға, студенттердің еңбегін дұрыс бағалауға және ұсыныс хат та беруге болады екен. Тіпті әр студенттің қызығушылығын ескеріп, арнайы оқу бағдарламасын да даярлауға қабілеті жетеді. Бұл оқудың тиімділігін арттыруға және студенттің жан-жақты ізденуіне мүмкіндік береді екен.

Chat GPT нейрожелісін қолдану өте оңай. Нейрожелінің алғашқы нұсқасы 2019 жылы шығарылып, жалған ақпараттарды анықтауға негізделген еді. Бірақ жасанды интеллекттің бұл нұсқасы сұранысқа ие бола алмады. Кейіннен 2020 жылы ЖИ-дің екінші нұсқасы шықты. Чат-боттың үшінші нұсқасы 2022 жылы, төртінші нұсқасы былтыр іске қосылды.

Мамандардың айтуынша, бұл нұсқа алдыңғылармен салыстырғанда өзгерек. Мәтіндерді тез әрі оңай жазатын болған. Чат-бот қолданушының нұсқауларын дәлірек орындауы және жауаптарды генерациялау үшін оған «Адамның кері байланысымен оқытуды күшейту» (RLHF) деңгейі қолданылған. Соның арқасында Chat GPT жауаптарының стилі нағыз адамның жауаптарына қатты ұқсайды.Чат-ботты қолдану үшін тіркелу керек. Қолдану тәсілі өте қарапайым болғандықтан, кез келген жастағы адам сұрағына жауап таба алады. Студенттер де Chat GPT-де білім алу кезеңінде барынша қолданады. Бірі үйге берілген тапсырманы орындау үшін, бірі жұмыс барысында қолданып жатса, енді бірі қарапайым шешімдерді қабылдау кезінде пайдаланады екен.

Расында нейрожелі адам өміріндегі барлық салаға ептеп еніп, өмір сүру сапасын барынша жеңілдетуде. Бірақ жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қоғамды алаңдат атыны да жасырын емес. Тарихты еске алайықшы, дербес компьютер пайда болған 1970-жылдары Стив Джобсты әңгімеге тартқан сайын АҚШ-тағы мектептер мен университеттер:

«Біздің балаларымыз сабақ оқымайтын болады. Ақымақ болатын болды» деп уайымдаған болса, 1990-жылдары әрбір журналист Билл Гейтстен сұхбат алғанда: «Интернет деген не өзі? Бұл адамзат баласының дамуына қауіпті емес пе?» деген сауалдарды жиі қойған. Ал қазір компьютерсіз де, ғаламторсыз да өмірімізді елестету мүмкін емес. Соңғы жетпіс жылдан бері жасанды интеллекттің дамуы үшін адамзат баласы қаншама уақытын, энергиясы мен қаражатын жұмсады. Дегенмен мамандар жасанды интеллекттің қарқынды дамуы, нейрожеліні тұрақты қолдану білім сапасына кері әсерін тигізеді ме деп қауіптенеді.

Қоғамды алаңдататын тағы бір мәселе – жасанды интеллекттің адам еңбегін алмастыруы. «Chat GPT секілді нейрожелі мамандардың орнын басып, жұмыссыздардың санын арттырмай ма?» деген ойлардың келуі де заңдылық. Бұл туралы Chat GPT-дің өзінен де сұрап көрдік. «Сен қандай мамандықтарды алмастыра аласың?» деп сауал қойдық.

Жауап та бірнеше секундта дайын болды. Ол мәліметтерді сараптау бойынша көмектесе алматынын, бірақ толықтай белгілі бір маманды аластыра алмайтынын жазды. Сондай-ақ, адам бойындағы шығармашылық қасиеттерді толықтай игеру мүмкін еместігін, интуиция мен әлеуметтік дағдыларды ауыстыра алмайтынын жеткізген. Мамандар да чат-боттар адамды толығымен алмастыра алмайтынын растады.

Нейрожелілерді жұмыс барысында қолдануға қорқудың керегі жоқ. Тек жасанды интеллектке көмекші құрал ретінде қарап, жұмыс барысын барынша жеңілдету үшін қолдану жеткілікті.

 

Нұрболат АМАНБЕК.