Мемлекеттік жобалардың жемісін ел көруде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында көлік-логистика саласына және ел өңірлерінде инженерлікинфрақұрылымды дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлген болатын. Инфрақұрылымдық жүйелердің дамуы айналып келгенде, ел ішіндегі алысберіс пен барыс-келісті арттырумен қатар, тұрғындардың тұрмысымен бірге, көлік қатынасы мен жолаушылар тасымалын жақсартуға да үлкен сеп.
Заман өзгеріп, еліміз өркениетке құлаш ұрып дамыған жаңа кезеңге аяқ басқан қазіргідей кезде ел өңірлерінде, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін инженерлік-инфрақұрылымдық даму, оны жақсарту мәселелерінің өзекті болып отырғанын жақсы білеміз. Президенттің Жолдауында энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да табиғи ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу, 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс екені, онымен қоса, елдің «жасыл экономиканы» дамыту мәселесімен тұрақты айналысуы керек екені де жан-жақты айтылып отыр.
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне жағдай жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже. Қазіргі таңда жыл санап елде демографиялық өсімнің артып келе жатқаны анық байқалады. Бұл – қуанышты жағдай, әрине. Басқа өңірлер сияқты Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, өңір тұрғындарын таза ауызсумен, табиғи газбен, электрмен және қанағаттанарлық автомобиль жолдарымен қамтамасыз ету мәселелеріне облыс басшылығының тарапынан да көбірек көңіл бөлініп отыр.
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан шалғайда орналасқан ауылдарға табиғи газ, таза ауызсу құбырларын тартумен қатар, ондағы қанағаттанарлық автомобиль жолдарының да үлесін арттыру маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта өңірде қолға алынған бірқатар жобалар сәтімен жүзеге асырылу үстінде.
Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенер болсақ, 2025 жылға дейін аудан тұрғындарын таза ауызсумен және табиғи газбен қамту жұмыстары толықтай жүзеге асырылуы қажет. Бұл мәселелер мұнымен қоса Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарында да межеленген. Бұл бағытта кейінгі жылдары аудан көлемінде қыруар жұмыстар атқарылды. Мұның тұрғындар тұрмысын арттыруға тигізіп отырған әсерін баса айтуға тиіспіз.
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбековтың айтуынша, ауданда тұрғындарын орталықтандырылған таза ауызсу жүйелерімен қамту өз деңгейінде жүргізілуде. Алдыңғы жылдарды қоспағанда, тек 2023 жылдың өзінде ауданға қарасты алты бірдей елді мекенде, атап айтқанда, өңірдің Бәйтерек, Тасбастау және Кәріқорған ауылдарында жаңа таза ауызсу жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Мұнымен қоса шалғайдағы Қызтоған, Қаратас және Әбдіқадыр ауылдарындағы таза ауызсу жүйелеріне ағымдағы жөндеу, дәлірек айтқанда, онда кешенді-модульді блок (КМБ) орнату жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне беріліп отыр. Атап өтерлігі, былтыр аталған ауылдардағы құрылыс жұмыстарының барлығы аяқталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 49 елді мекеннің 42-сі орталықтандырылған таза ауызсу құбырына қосылып, тұрғындарды ауызсумен қамтудың үлесі 85,7 пайызды құрап отыр.
Сонымен қатар оның айтуынша, өңірде орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылмаған 7 елді мекен қалып отыр. Оның ішінде, Түктібай және Ақтөбе ауылдарын таза ауызсумен қамтуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық және облыстық бюджеттен қаражат қарастыру арқылы былтыр аталған ауылдарда ауызсу жүйесінің құрылысы аяқталды. Аудандағы ауызсу жүйелері тартылмаған қалған елді мекендер аула және халық саны аз болғандықтан, оларды модульдікешенді блок орнату арқылы ауызсумен қамту жоспарлы жүргізілуде. Ал бес елді мекен аула және халық саны аз болғандықтан кешенді модульді блок орнату арқылы ауызсумен қамтылады деп жоспарланған.
Дегенмен, төрт елді мекен, атап айтқанда, Қарасау, Көктас, Күркіреусу және Амансай ауылдары таза ауызсуға қосылды. Сонымен бірге 13 ауладан тұратын Қазбастау елді мекеніне жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, кешенді модульді блок арқылы ауызсумен қамтылмақ.
Халықтың тұрмысын жеңілдету ісінде табиғи газдың да алатын орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Бөлімнің бізге берген мәліметін сөйлетер болсақ, кейінгі төрт-бес жылдың бедерінде аудандағы газ құбыры жоқ елді мекендер – Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың барлығына дерлік магистральды газ құбыры тартылды. Ауыл тұрмысына қолайлы жағдайдың жасалуы ондағы тұрғындардың да қуанышын еселей түскені анық. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алда өз жалғасын таба беретін болады. Ал былтыр 2023 жылдан өтпелі болған Қошқарата ауылындағы кварталішілік газ тарту жұмыстары толықтай аяқталып, көгілдір отын тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.
Бұл ретте айта кететін маңызды мәселе бар. Табиғи газбен қамтамасыз етудің үлесіне келер болсақ, жалпы ауданға қарасты 49 елді мекеннің 45-іне көгілдір отын жеткізілді. Қазіргі таңда табиғи газбен қамтылған ауылдардың үлесі 91,8 пайызды құрады. Бұл – әлбетте жақсы көрсеткіш. Тұрмыстық игіліктердің бірі ретінде инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту, оның ішінде, басты қатынас саналатын автожолдардың сапасын жақсарту жұмыстарын ерекше атап айтуға болады. Оның ішінде, ауылаймақтарды және алыс ауылдарды ауданның орталығымен жалғайтын, көше жолдарын жөндеу жұмыстарының маңызы зор. Бұл мақсатта 2023 жылы аудан көлемінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында барлығы 27,7 шақырымды құрайтын автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілгені белгілі. Оның ішінде, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында барлығы 18 көшенің жолы орта жөндеуден өткізілді. Былтыр ауданда 30 шақырымға жуық жол жөндеуден өтсе, биыл жалпы ел қазынасынан 1 миллиард теңгеден астам қаржы қаралып, 40 жобаның аясында барлығы 42,47 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған.
Бұл жұмыстар бүгінгі күні жалғасын табуда. Оның ішінде, аудандық мәнге ие жалпы ұзындығы 2,73 шақырымды құрайтын «Шақпақата-Ынтымақ» автожолы орта жөндеуден, ал жергілікті бюджеттен қомақты қаражат қарастыру арқылы 11 жоба мен 12 шақырым жол жөнделуде. Жол жөндеу ісінде аса маңызға ие жобалардың бірі – «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Оған бөлінген қаржы 824 миллион теңге. Жоба саны – 28. Жөнделетін жол ұзындығы 28,47 шақырым. Биыл жол жөндеу жұмыстары ауданға қарасты ауылдық округтердің басым бөлігінде жүргізілу үстінде.
Ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында да бірқатар көшеде орта жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл ауданда 40 жоба аясында 42,47 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарын орта жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі күні 8 жоба бойынша асфальт жабындысы төселіп, жұмыстар аяқталса, 29 жоба аясында құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ