Қазақстан-Қытай: қарым-қатынас қарқынды дамуда
Қазақстан Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев Төраға Си Цзиньпиннің шақыруымен 30 тамыз – 3 қыркүйек күндері Қытай Халық Республикасына барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Бес күнге жоспарланған сапар аясында Мемлекет басшысы бірнеше шараға қатысты. Мәселен 31 тамыз және 1 қыркүйек күндері Тяньцзинь қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ШЫҰ плюс» жиынына қатысса, 2 қыркүйекте Бейжіңде өткен Қазақстан – Қытай іскерлік кездесуінде сөз сөйледі және ірі қытайлық компаниялар басшыларымен кездесті. Ал 3 қыркүйекте екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Тарихи Тяньцзиньдегі келелі келіссөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньцзинь қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасының тікелей қолдауымен қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқанын зор ризашылықпен атап өтті. Бұл байланыс мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында нығаюда. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 44 миллиард долларға жеткен. Бұл – ең жоғары көрсеткіш.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің айтуынша, Бейжің қазақ-қытай мәңгі әрі жан-жақты серіктестігін тереңдетуге айрықша мән береді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылды. Тауар айналымын ұлғайтудың және көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы салаларында ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың маңызына назар аударылды. Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Айта кетсек, 16 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға келген болатын. Одан кейін екі ел басшылары келіссөздер жүргізіп, оның қорытындысы бойынша 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев, Си Цзиньпин мен Орталық Азия елдерінің президенттері Астана декларациясына қол қойғаны белгілі.
Лу Бань зертханалары ашылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің келіссөзінен кейін Қазақстанда екінші және үшінші Лу Бань зертханаларының ашылу рәсімі өтті. Ақорданың ақпаратынша, бұл жоба Лу Бань зертханасының тәжірибесін тарату жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылды. Ол экономиканың түрлі секторы бойынша тәжірибеге бағдарланған оқыту мен маман даярлауды көздейді.
Екінші зертхана Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, ал үшіншісі Алматы қаласындағы Логистика және көлік академиясында ашылды.
Лу Бань зертханасы елімізде алғаш рет инженерлік-техникалық білім беруді дамытуға арналған алаң ретінде 2023 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде құрылған болатын.
«Қазақстан «үш зұлымдыққа» қарсы күш біріктіруді өзекті санайды»
1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақт астық ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым ретінде танитынын атап өтті.
«Қазақстан ШЫҰның теңгерімді көпполярлі әлемдік тәртіп орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді.
ШЫҰ жарғылық құжаттарының негізгі қағидаттарын берік ұстана отырып, Қазақстан «үш зұлымдыққа», яғни, терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте күш-жігер біріктіруді өте өзекті санайды. Біз жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі үшін халықаралық ынтымақтастық нышанына айналған «Шанхай рухын» одан әрі ілгерілетуді қуаттаймыз», – деді Қазақстан басшысы. Президент ШЫҰ-ны дамытудың басым бағыттары жөніндегі көзқарасын жеткізді.
Ең бірінші басымдық – ұйым аясындағы стратегиялық серіктестік пен өзара қолдауды нығайту.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәнін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс және басқа да деструктивті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұл бағыттың мәні арта түседі. Бұл ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейтуге Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру өте өзекті деп санайды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санкциялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағытындағы нақты ісқимылын қолдайды.
Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысы 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін атап өтті.
Бұл жаһандық бастама «Бір белдеу, бір жол» бағыты бойынша сауда-логистикалық операциялардың барлық қатысушысына жыл сайын 1,5 триллион долларға дейін пайда әкеле алады. Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндігі мол. «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артылып отыр. Аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады. Ірі жобалар мен жоспарларды іске асыру үшін мемлекеттер арасындағы көлік байланысын нығайтып, транзиттіктарифтік стратегияға сай келетін тәсілдерді ойластыру керек.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне назар аударып, ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады. Сонымен бірге Президент келесі жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толатынын еске салды.
Астанада ШЫҰ-ның жаңа орталығы ашылуы мүмкін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды ұсынды. ШЫҰ саммитінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады. «Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ШЫҰ саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін ШЫҰ кеңсесін құруды ұсынды. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру өте өзекті деп санайды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санкциялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағытындағы нақты іс-қимылын қолдайды.
«ШЫҰ плюс» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев климат мәселесіне де айрықша назар аударып, Каспий теңізі мәселесін көтерді. Мемлекет басшысының айтуынша, Каспий теңізінің жағдайы мүшкіл.
Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалаудың қажет екенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргідей өте күрделі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымын әмбебап әрі тәуелсіз құрылым ретінде қолдау керек.
Айта кетейік, «ШЫҰ плюс» саммиті «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбына арналды.
Инвестициялық ықпалдастық кеңейіп келеді
Мемлекет басшысының сапары 2 қыркүйекте Бейжіңде жалғасып, ҚасымЖомарт Тоқаевтың және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері, ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі Дин Сюэсяннің қатысуымен Қазақ – Қытай іскерлік кеңесінің 8-ші отырысы басталды. Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен бизнес құрылымдарының 500-ден аса өкілі, соның ішінде 70-тен аса Қытайдың ірі корпорацияларының жетекшілері қатысты.
Президент іскерлік кеңес отырысында сөз сөйлеп, еліміздің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Мемлекет басшысы Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін айтты. Президенттің айтуынша, ортақ тарих, терең байланыс пен өзара түсіністік – халықтарымызды біріктіретін мызғымас құндылықтар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің инвестициялық ықпалдастығы ұдайы кеңейіп келе жатқанына назар аударды.
Мемлекет басшысының бұл басқосу бизнес өкілдері арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға зор септігін тигізері анық.
Атом энергетикасын дамыту мәселесі бойынша қандай келісімге қол жетті?
Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасын дамыту мәселесі ҚХР Төрағасымен егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты. Президент энергетика саласындағы ықпалдастықты келесі басымдық ретінде атады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына қытай технологиясын тартуға және осы бағытта білікті мамандар даярлауға мүдделі екенімізді жеткізіп, аталған саладағы ынтымақтастық мәселесі Төраға Си Цзиньпинмен кездесу кезінде егжейтегжейлі талқыланғанын айтты.
Ірі қытайлық корпорациялар жетекшілерімен кездесудің берері көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қыт айға с апары аясында ірі қыт айлық корпорациялардың жетекшілерімен кездесті. China National Petroleum Coprporation (СNPC) директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянды қабылдаған Президент CNPC компаниясы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Әңгімелесу кезінде көмірсутегін өндіру және өңдеу бағытындағы стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру мәселесіне ден қойылды. Президент жылдық қуаты 12 миллион тоннаға дейін жететін Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту өзекті екенін айтты. Сондай-ақ газ химиясы өндірісін дамыту перспективасына тоқталды. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысындағы карбамид зауытының құрылысы жөнінде пікір алмасты. Аталған кәсіпорын еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің өркендеуіне тың серпін береді.
Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюнмен кездесуде Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективасы жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан банк қызметін кеңейтуге, атап айтқанда, «жасыл» және зияткерлік технологияларды дамыту жобаларын ілгерілетуге арналған аймақтық алаңға айналуға дайын. Бүгінде Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі еліміздегі стратегиялық мәнге ие жобалардың бірқатарына 2 миллиард доллардан астам көлемде қаржы құйды. Соның ішінде Жамбыл облысындағы ірі жел электр стансасы, Жезқазған – Қарағанды автокөлік жолы, Көкшетау қаласындағы көпсалалы аурухана құрылысы бар.
Huawei Technologies Co. LT D директорлар кеңесінің төрағасы Хуа Лянді қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу барысында озық технологиялар мен цифрлық шешімдер саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективасы қарастырылды. Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Huawei компаниясы арасында Инновациялық телекоммуникация технологияларын енгізу және сервер инфрақұрылымын жаңғырту туралы стратегиялық келісімге қол қойылуын құптады. Аталған уағдаластық аясында цифрлық трансформация мен орнықты дамуға қатысты бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, компанияның еліміздегі білім беру бастамаларына айрықша назар аударылды. Huawei ақпараттық технология, жасанды интеллект және үлкен дерекқорды талдау салаларында отандық білікті кадрлар даярлау ісіне үлес қосуға ниетті.
Мемлекет басшысы Sany Group Co. Ltd. корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбомен де кездесіп, Sany Group корпорациясының Қазақстан нарығындағы қызметін жандандыруға ұмтылысын жоғары бағалады. Корпорация елімізде арнайы техникалардың озық өндірісін жолға қоюға ниетті. Президент Жамбыл облысында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың іске қосылуын ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы маңызды қадам деп атады. Сян Вэньбо қытайлық корпорацияның Қазақст андағы жұмыс жо спарын таныстырды. Атап айтқанда, Sany Group компаниясы қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр стансасын салып жатыр.
Қазақстанда BYD электробустары шығарылады
2025 жылдың аяғына дейін Қазақстанда BYD электрбустары шығарыла бастайды. 2 қыркүйек күні Бейжіңде Қазақстан – Қытай іскерлік кеңесінің 8-ші отырысы аясында Astana Motors және BYD Auto Industry Co.Ltd арасындағы өндірістік ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Құжатқа Astana Motors компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов пен BYD коммерциялық көліктер бөлімінің басқарушы директоры Тянь Чунлун қол қойды.
Бұған дейін Astana Motors коммерциялық техника зауыты базасында BYD B12 моделінің өндірісін локализациялау жоспары туралы хабарланған болатын.
2025 жылдың желтоқсанында BYD электробустарының B12 моделінің өндірісін бастау жоспарланған. Astana Motors өндірісті ұйымдастыру, сертификаттау, сату және сервисті дамыту бағыттарын өз мойнына алса, BYD технологиялық қолдау және өзге де құзыретімен бөліседі.
Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП