Қаңғыбас иттерге байланысты шағым айтушылар көбейді
Соңғы кездері редакциямызға қаңғыбас иттер туралы шағым айтып келушілердің қарасы көбейді. Мұны айтып, біз де жау шаптырғалы отырған жоқпыз. Дейтұрғанмен алдын ала мәселеге көңіл аударту үшін дабыл қаққымыз келетіні рас.
Баспасөз үйі атты қарашаңырағымызға қайырылған қалалықтың бірі Асқар Тәжібаев есімді азамат болды. Тараз қаласы «Шалғай Қарасу» алабының тұрғыны. Қостанай көшесі, 2-ші бұрылыс, 14-үй мекенжайында тұрады. Қала тұрғыны осы аймақта орналасқан қос мектептің маңайында қараусыз қалған иттердің қаптап жүргендігіне алаңдаулы.
Осыдан соң біз Асқар Тәжібаевтің аманатын арқалап, тиісті мекеменің есігін қақпақ болып жолға шықтық. Маңдайымыз «Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының Жамбыл облысы ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК-ның Тараз қаласы ветеринария бөлімі мекемесіне келіп тірелді. Бөлім басшысы Марат Абденбаевқа жолығып, көтерілген мәселеге қатысты жауап беруін сұрадық.
Өкінішке орай, өзекті мәселеге өзекжарды сипатта берілуі тиіс болған жауапты жай қағазға хатталған ресми түрінде алдық: «Тараз қаласы ветеринария бөлімі 2025 жылғы 3 ақпандағы №9 «Көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт» негізінде қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастырады. Осыған байланысты Тараз қаласы бойынша 5 адамнан құрылған 3 (үш) ит аулау бригадасы жұмыс істейді. Ит аулауға арнайы 3 автокөлік бекітілген.
Бүгінгі күнге Тараз қаласы бойынша жыл басынан бері ауланған иттер мен мысықтардың жалпы саны 7057 басты құрайды, оның ішінде уақытша ұстау орнына түскен жануарлар 272 бас, өз өлімімен өлген (ауру, кәрі, жол апаты) өлекселер саны 1925 бас, агрессивті мінез-құлық танытқаны үшін эвтаназия жасалғаны 4860 бас, «ITCOR» базасына сырғалап тіркелгені 2161 бас. Есепке алынған жануарларға арналған жеке панажай – 1.
Сонымен қатар Тараз қаласы ветеринария бөлімі «Жамбыл облысы бойынша «109 бірыңғай қызметі» КММ-мен бірге тұрғындар тарапынан түсетін өтінімдермен де жұмыс істейді. Бүгінгі күнге барлығы 3678 өтінім түсті, оның ішінде 3311 өтінім орындалды.
Қазіргі таңда жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы 97-Vll заңы аясында жұмыс атқарудамыз». Әрине, қаңғыбас иттердің мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұл мәселеге билік өкілдерінің не деп жауап беретіні де белгілі. Қазір заң басқа. Баяғыдай қаңғыбас иттерді көшеде қуалап жүріп ататын заман жоқ. Қазір иесі жоқ иттердің көзін жою да ұзақ бір процесс.
Дегенмен де бұл іспен айналысушы мекемелер бар кінәні заңға жауып қойып, арқаны кеңге салып отыра берулеріне болмайды. Мәселе бар. Тұрғындар тарапынан шағым көп. Сондықтан ұзатпай мұның оңтайлы жолын табу керек. Бұған сіздер не дейсіздер?
Талғат ТАЛАПҰЛЫ