Жаңалықтар

13 заманауи техника 94 формалық киім

Тараз қаласының орталық алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне жаңа өрт сөндіру-құтқару техникалары мен арнайы қызметтік киімдер табыстау рәсімі өтті. Бөлімшелердің төтенше жағдайларға жедел ден қоюға дайындығын арттыруға және өңірдің қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шарада құтқарушыларға 13 заманауи техника мен Қазақстан құтқарушылары қоры ұсынған 94 жиынтық формалық киім табысталды.

Жамбылдық құтқарушыларға техника мен киім табыс етілді

 

Жиында алдымен сөз алған Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов өңір құтқарушыларына жаңа техникалардың табысталуы Мемлекет басшысының олардың жұмысына айрықша көңіл бөлуінің және елімізде тұрғындар қауіпсіздігінің алдыңғы орынға қойылып отырғанының көрінісі екенін айтты.

Ел қауіпсіздігі мен азаматтардың амандығы жолында маңызды рөл атқаратын құтқару қызметінің материалдық техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған бұл маңызды шара тек материа лдық базаны жаңарту ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің қауіпсіздік саласына, адам өмірі мен денсаулығын қорғауға басымдық беріп отырғанының айқын дәлелі екеніне тоқталған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңір тұрғындары құтқарушылардың еңбегін әрдайым ерекше құрметпен бағалайтынын атап өтті.

Жиында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ТЖД бөлімшелеріне заманауи өрт сөндіру автоцистерналары, авариялық-құтқару автомобильдері, сорғы станциялары, жол талғамайтын көлік, вахталық автобус, жанармай құюшы және тіркемені сүйреуге арналған көліктердің кілтін табыстады.

Барлық техникалар жаңа байланыс және навигация жүйелерімен жабдықталған, халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Жеке құрамға арналған нысанды киімдерді Қазақстан құтқарушылары қоры ұсынды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП