Бесінші мәрте өткізілген бәсеке
Дінмұхамед Қонаев – күллі қазақтың жүрегіне ұялаған жылы есімнің иесі. Саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған көрнекті қайраткердің үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанғаны елге мәлім. Сонымен қатар Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы болған ұзақ жылдар бойы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы ретінде еңбек етті.
Димаш Ахметұлын ардақтайтын қауым оның туған күнін және дүниеден өткен күнін атап өтіп, зор құрметпен еске алады. Биыл да бұл дәстүр сақталып, еліміз бойынша түрлі шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде Шу ауданында Д.Қонаевты еске алуға арналған кәсіпқой және әуесқой балықшылар арасында дәстүрлі дода өткізілді. «Балық Fest SHU» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен бұл жарыс биыл бесінші мәрте жалауын желбіретіп отыр.
Алыс-жақыннан жианлған қармақ ұстаған қауым «Тасөткел» су қоймасына жиналып, салмақ пен көлем бойынша бақтарын сынады. Жарыстың ашылу сәтінде аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алып, бәсекеге бел буған елуге тарта қатысушыға сәттілік тіледі. Сондай-ақ бұл шараның мәнмаңызы жоғары екенін атап өтіп, қазақ халқының біртуар перзентіне құрмет көрсету арқылы өткен күннен өнеге алатынымызды алға тартты. Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Жұмахан Чекаевтың айтуынша, биылғы жарыста есімі тұтас республикаға белгілі, фотожурналист Петр Норкин және су және балық шаруашылығында зор еңбек сіңірген Әділхан Омаров атындағы арнайы жүлде енгізіліп отыр. Осы шара үшін Петр Норкиннің жары Мәскеуден арнайы ұшып келіп, қаржылай демеушілік жасаса, Омаровтар отбасы әке атын асқақтатып, балықшыларға қажетті бағалы сыйлықтар ұсынды.
– Аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жарыс тартысты өтті. Балықшыларды барынша марапаттап, тойдан құрқол қайтармауға тырыстық. Биыл көршілес Қырғыз Республикасынан, Алматы мен Тараз қаласынан, басқа да өңірлерден 50 шақты балықшы келді. Біз Қонаев атындағы кубокты салмақ бойынша көп балық аулағандарға, аудан әкімдігінің кубогын көлемді балық ұстаған жеңімпаздарға табыстадық. Сонымен қатар түрлі номинация иелеріне сый-сияпаттарды үлестірдік. Бізді қолдаған барша жандарға, Қонаев рухын құрметтеп келген қауымға ерекше алғысымды білдіремін, – деді Ж.Чекаев.
Аталмыш доданың өнегелі тұсы ағаларына ұқсап баққан бала балықшылар да бар. Солардың бірі Керейхан Мақсатұлы турнирдің ең жас қатысушысы ретінде ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықпен марапатталды. Бұл қадам жас өреннің бойына пайдалы істің пайымын түсіндіріп, табиғатпен тілдесе білу қасиетін ұялатары сөзсіз. Күн ұзаққа созылған балықшылар бәсекесі табысты тәмамдалды. Шара соңында алыс-жақыннан келген меймандарға ақ дастарқан жайылып, бата жасалды. Дүниеден озған есіл ерлер еске алынып, дәм басында ізгі лебіздер айтылды.
Аяжан ЖҰМАХАН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-ші курс студен