Әлеумет

Отан – жалғыз және ол сенікі ғана!

Біз кәмелеттік жасқа толған кезде әскерге барушыларға бірқатар жеңілдіктер бар болатын. Мәселен, бір отбасындағы жалғыз ер бала болсаңыз, отандық борышты өтеуден босатылатын еді. Бірақ мен 2001 жылы әскери борышымды өтеуге өз еркіммен кеттім. Яғни, өзіме берілген жеңілдікті пайдаланбадым. Әкем мен анам бармайақ қойсаң қайтеді дегендей ниет танытты. Бірақ менің ынтамды байқаған соң, аса қарсылық білдірген жоқ.

Себебі, еліміздің денсаулығы жарамды әр азаматы Отан алдындағы әскери борышын өтеуі тиіс деп есептеймін. Чунжа жерінде әскери борышымды өтеп қайттым. Әскери машина тізгіндеп, командирлер тарапынан талай марапатқа кенелдік. Өз борышымды барынша адал, жауапты атқаруға бар күш-жігерімді жұмсадым.

Әскер деген – азаматты нағыз шыңдайтын жер. Әр азамат оқушы кезінен өзін спортқа, денені шынықтыруға дайындап, келешекте өзін қорғауға үйренгені абзал. Ол үшін аса қымбат заттар алудың қажеті жоқ. Белтемірге (турник) күн сайын тартылып, шамасы келгенше кірдің тасын көтеріп жүрсе де жеткілікті. Әсіресе ауылдық жерде әр жігіттің шынығып, шымыр болып өсуіне мүмкіндіктер бар. Жастай шыныққан азамат өмірде де, әскерде де еш қиналмайды.

Қазір де әскерге барғысы келетін азаматтар аз емес. Ал отандық борышын өтеуге барғысы келмейтін азаматтарды еш түсінбеймін. Олардың жеңіл ойларына мен қарсымын. Отан – біреу! Ол – сенің Отаның! Осы Отанды кеше сұрапыл жылдарда Бауыржан Момышұлы, Саду Шәкіров секілді қас батырлар қорғады. Одан кейін алдыңғы толқын ағаларымыз екі жылдық отандық борыштарын өтеп, әскери салаға үлестерін қосты. Ендігі кезек сенікі, әскери борышын өтеуге лайық жасқа келген інілерім. Өз кезегіңді бекер жіберме. Әскерге бар. Ертең өзіңнің артыңнан келе жатқан інілерге үлгі бол! Бойымызда батыр бабалардың қаны барда әр қазақ азаматы рухты болуы керек. Ол рух әскерде, жауынгер ретінде сапта тұрған кезде анық сезіледі.

Әскери борышымды өтеп келіп, мал дәрігерлік мамандығы бойынша білім алып, дипломға қол жеткіздім. Қазір өзім туып-өскен Майтөбе ауылында ветеринар маман болып жұмыс істеймін. Келіншегім Жадыра екеуміз 6 перзентті тәрбиелеп өсірдік. Яғни, Жаратушының берген 5 ұл, 1 қызы бар. Ұлдарымды барынша патриот етіп тәрбиелеуге күш салдым. Қазір үлкен ұлдарым Алматыда жоғары оқу орындарында оқып жүр. Келешекте отандық борыштарын өтеп келуге де қарсы емес. Себебі, Отан өзіміздікі. Отанды көтеретін де, қорғайтын да, дамытатын да – жастар. Сондықтан әскери борышты өтеу – әр жігіттің міндеті. Оны әр ата-ана баласына мектеп жасынан сіңіріп, ұл баласын қайсарлыққа баулып өсіргені жөн. Шыныққан, қайсар ұлдардың әскерден бас тартуы мүмкін емес. Мен өз інілерім, жас буын әрқашан патриот болады деп сенемін.

Мақсат АЛЖАНОВ, ветеринария саласының маманы.

Талас ауданы