Отау құрмағандар тағдыры алаңдатады
Отау құрмағандар тағдыры алаңдатады
Құдайға шүкір, тұрмысымыз жылдан-жылға көтеріліп келеді. Ауылдың да жағдайы жаман емес. Қоралап мал ұстайтындардың қарасы көбейді. Жеке кәсіппен шұғылданатындар өз күндерін өздері көруде. Бірақ мені алаңдататын бір нәрсе бар. Ол – жасы 40-50-ге келгенше отау құрмай салт басты, сабау қамшылы адамдардың көбейе бастауы. Көбісінің белгілі жұмысы жоқ. Сосын, азын-аулақ бірдеңе тапса, өмірдегі ашуын арақтан алатын тәрізді. Түптің түбінде – олардың баратын жері қарттар үйі сияқты. Мұндай үрдіс әлімсақтан бері қазақтың салтында жоқ нәрсе еді, оған да етіміз үйрене бастағандай. Тіпті кейбіреулерінің аузынан: «Содан жақсы жер жоқ екен. Ішкендері алдында, ішпегендері артында» деген сөздерді де естіп жүрміз. Намысты халық өйтпесе керек-ті деп ойлаймын. Ілгеріде қолында қорамжалы бар байлар, текті ағайындар ондай жалғызілікті жандарға қамқор болып, тура Наурыз айында отбасын құратып, алдарына азын-аулақ мал салып беріп, қашан аяқтарынан қаз тұрғанша демейтін болған. Қазір олардың бірде-бірі жоқ. Оның орнына «шариғат жолы» деп жат ағымда адасып жүрген жап-жас қыздарды бірінен соң бірін алып, асырай алмаған соң, «талақ» деп тастап кететін еркексымақтар көбейді деп естиміз. Естір құлаққа, көрер көзге ұят. Кешегі кеңес өкіметі, одан бұрын да «талақ» деген ұғым, әдет қазаққа жат. Ол сүйекке таңба есебіндегі әрекет саналған. Қандай жағдайда «талақ» дейтін бұрын? Егер әйелі күйеуінің көзіне шөп салса, немесе жаман жолға түссе ғана сондай әрекетке барған. Не болып барамыз осы? Жаман әдет-ғұрыпқа неге үйірміз? Халықтық тәрбие, ата-баба жолы қайда қалды? Мәңгілік Ел боламыз деп жатырмыз. Ондай ел болу үшін, ең алдымен отбасының беріктігі керек. Көп болып өсіп-өнуіміз керек деп есептеймін.
Бейсен Рахымбердіұлы.
Ақкөл ауылының тұрғыны, Талас ауданы.