«Әлеуметтік қызметкер: өзі юрист, өзі экономист, өзі психолог, өзі педагог»
Біздің қоғамда көп адам байқай бермейтін, бірақ ең жауапты әрі жүрекпен жасалатын мамандықтардың бірі – әлеуметтік жұмысшы еңбегі. Бұл мамандар өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға көмектеседі. Яғни, олар қамқорлық пен күтімге және күнделікті тұрмыстық көмекке мұқтаж адамдардың тірегіне айналады. Мысалы, қарт адамдар үшін әлеуметтік қызметкердің көмегі тек азық-түлік не дәрі жеткізу ғана емес, сонымен қатар жылы әңгімелесу, адами қарым-қатынас. Бұл кейде материалдық көмектен де маңызды. Осынау мейірімділік пен үлкен жүректі қажет ететін мамандық иелерінің қызметтері турасында көбірек біле түсу мақсатында «Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» бөлім меңгерушісі Нүрия Альмухамбетовамен әңгімелесудің сәті түсті.
– Әңгімеңіздің басында сіздер қызмет ететін орталық туралы айтып өтсеңіз? Жалпы әлеуметтік қызметкер кім? Оның негізгі қызметтері қандай?
– Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы – мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан жасалып отырған өте тиімді әрі сәтті бағдарлама. Бұл орталық – қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекет ұсынып отырған қамқорлық пен қолдаудың жарқын көрінісі. Біздің орталықта екі бөлім бар. Бірі 18 жасқа дейінгі I-II топтағы мүгедек балаларға көмектессе, екінші бөлім 18-ден асқан жалғызбасты мүгедек жандарға және жалғыз тұратын қарт адамдарға жәрдем етеді. Біз 8 бағыт бойынша, негізінен медициналық, психологиялық, экономикалық, мәдени, тұрмыстық бағыттарда жұмыс жүргіземіз. Бұл жерде бір әлеуметтік қызметкер егер қарттармен жұмыс істесе, 8 қартқа барады. Түске дейін екі қарт кісіге, түстен кейін тағы екі қарт кісіге барады. Күніне 2-2,5 сағат қарт кісінің мұқтажына қарай жандарында болады. Әлеуметтік қызметкер қарт кісілерге көбінде тұрмыстық қажеттіліктері бойынша көмек көрсетеді. Яғни, үйін жинап, кірін жуып, тамағын істеп береді. Сондай-ақ қажет болса қан қысымын өлшеп, дәрі-дәрмегі мен өзге де қажеттерін әкеп береді. Балаларға келетін болсақ, ол жерде баланың денсаулық жағдайына қарай жоспар құрылып, баланы оқытады. Бұл жерде мүгедек балалар екі санатта қарастырылады. Олар тірек қимылы аппаратының бұзылуы бар балалар және психоневрологиялық ауытқуы бар науқастар. Бұл жерде тірекқимылы аппараты бұзылуы бар балалардың милары, ойлау қабілеті жақсы жұмыс жасайтынын айта кеткен жөн. Сондықтан әлеуметтік қызметкерлер ондай балаларға дәріс беру үшін барады. Бір жылға оқу жоспары құрылып, сол арқылы балаға аптасына екі рет сабақ өтеді. Сонымен қатар дәріханадан дәрі-дәрмегін әкеп береді, баламен ойындар ойнайды және таза ауаға серуендеуге алып шығады. Көбінде ондай балалар үйде тек аналарымен отырғандықтан, далаға шыға алмайды. Өйткені жалғыз ананың баласын да, баланың арбасын да көтеруге шамасы келе бермейді. Сондықтан тіпті кей балалар далаға тек әлеуметтік қызметкер келген күні ғана шығады. Біз «Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы» құжаты бойынша жұмыс жүргіземіз. Аты аталған құжатта «үйде әлеуметтік қызмет көрсету» деп жазылса, біз үйіне барып көмек көрсетеміз.
– Бүгінгі күні орталықта қанша әлеуметтік қызметкер бар?
– Қазіргі уақытта бізде қала бойынша 80-нен аса әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Бізде тағы үкіметтік емес сектор бар. Ол жерде 14 қызметкер еңбек етуде. Біліктілік талаптарына сәйкес әр әлеуметтік қызметкердің орта және жоғары білімі болуы керек. Болмаған жағдайда, қосымша Skills бағдарламасы бойынша білімін растайтын сертификаты болуы қажет.
– Әлеуметтік қызметкерлер жұмыс барысында қандай қиындықтармен кездеседі?
– Әрине, көбіне қызмет алушының денсаулық жағдайы қызметкерлердің психикалық-эмоциялық күйлеріне әсер етіп жатады. Әлеуметтік қызметкер қарттар мен мүгедек баланың үйіне барып қызмет көрсететіндіктен, сол үйдің былайша айтқанда атмосферасына енеді, сол үйдің түйткілді мәселелерін өзіне қабылдайды. Мысалы, қарт адамдар жалғыз болғандықтан, өзінің барлық қиындықтарын әлеуметтік қызметкерге айтады. Әр қызметкер қарауында 8 қарт болса, солардың бәрін ойлайды. Қарт кісілер түн ішінде қан қысымы көтеріліп, өзін нашар сезінсе де, сол әлеуметтік қызметкерге хабарласады. Өйткені көмек сұрар өзге ешкімі жоқ. Бұл маман иесінің жүрегі өте мейірімді болуы керек. Жай адам әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істей алмайды. Бізге жұмысқа жаңадан келген жас мамандар ұзақ тұрақтамай жатады. Өйткені мүгедек балаларды не қарттарды көргенде жаны ашиды, олардың ауыртпашылықтарын жүрекке қабылдайды. Кейін де ойлап, уайымдап отырады. Балалар да, қарттар да біздің қыздарға бауыр басып қалады. Кішкентайлар жағы «әпке» деп құшақтап жатса, қарттар жағы «қызым» деп еркелетіп отырады. Біздің қызметкерлер негізінен алғыс естігенімен, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдармен жұмыс істеу эмоциялық жағынан қиын дер едім. Соған қарамастан осы орталық ашылғаннан бері 20 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлеріміз бар. Өкінішке қарай, бүгінгі күні біздің көмегімізге жүгінетін қарттар саны артып келеді. Бізге учаскелік емханалардан «мына мекенжай бойынша қараусыз қарт қалып қалды» деп көп хабарласады. Үлкен кісілердің өздері көбіне бізге тікелей шығуға ұялады. Қарттар үйіне де барғысы келмейді. Қарт кісілердің көбі қарттар үйіне барсам, өмір тоқтайды деп ойлайды. Аштан өлсем де, өз үйімде өлемін дейді. Қазір қарттар үйінде өте жақсы жағдай жасалған. Оны көрсету мақсатында біздің әлеуметтік қызметкерлер арнайы экскурсияға да апарады. «Ата-апа қорықпаңыз, ол жерде бәрі сіз ойлағандай қорқынышты емес. Ол жерде сізбен сөйлесетін замандастарыңыз да бар, 5 мезгіл тамағыңыз, әр қызмет алушыға жеке бөлме қарастырылған» деп, жан-жақты түсіндіруге тырысамыз. Бірақ қарттардың көбісі онда баруға келіспейді. Өз үйім, өз әлемім деп өзінің үйінде қалуды дұрыс көреді. Балаларға келетін болсақ, әлеуметтік қызметкерлерден саулығына байланысты мектепке барып, білім ала алмайтын балаларға қызмет көрсетеді. Әр баланың қабілетіне қарай күнделікті сабақ жоспары жасалады. Өйткені бір бала көз жанарынан айырылған болса, екінші баланың ойлау қабілеті әлсіз болуы мүмкін, ал тағы бір бала арбаға таңылған. Сондықтан балаға қойылған медициналық диагнозына қарай орталықтың методист маманы бар, психолог маманы, бөлім меңгерушісі, әлеуметтік қызметкер бірігіп отырып бір жылдық сабақ жоспарын құрамыз. Осылайша әлеуметтік қызметкер бір күн 45 минут сабақ өтсе, екінші рет барғанда ойын ойнап, үшінші күні емдік дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Балалардың көбі психикалық неврологиялық ауытқулар болғаннан кейін дұрыс қасық та ұстай алмайды. Ата-аналарға біздің қыздар баланы шомылдырып, тырнағын алуға көмектеседі. Орталық қызметкерлерінің тағы бір міндеті – баланы әлеуметтендіру, яғни қоғамда өзін дұрыс ұстауға бейімдеу. Осы мақсатта, балаларды музейлер мен түрлі мерекелік іс-шараларға, концерттерге апарып тұрады.
– Қарап отырсам, әлеуметтік қызметкер – мейірімнің, төзімділіктің және нағыз жауапкершіліктің символы. Олар өмірлік қиын жағдайға тап болған қаншама адамның өмірін жеңілдетіп отыр.
– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл мамандық иесі болу үшін үлкен жүрек керек. Мысалы, әлеуметтік жұмысшының жалақысы да көп емес, 160-180 мыңның шамасында. Бұл, әрине, олардың істеп жатқан қызметтері үшін аз. Бірақ соған қарамастан, біздің орталықтың негізгі жұмысшылары көп жылдар бойы істеп келе жатқан мықты мамандарымыздан тұрады. Жас мамандар ұзақ жүрмейді. Бір ай, тіпті бір аптадан кейін жүрегім шыдамайды деп шығып кетеді. Жас мамандар арбаға таңылған мүгедек балаларды көргенде аяушылық танытып жылап қалған жағдайлар да болған. Бірақ біз өз қызметкерлерімізбен психологиялық тұрғыда көп сөйлесеміз. Онсыз да 24 сағат бойы жалғыз өзі мүгедек баламен отырған анаға барып, әлеуметтік қызметкер аяушылық танытып, жылап отырса, қалай болғаны? Әрине, бұл дұрыс емес. Сондықтан әлеуметтік қызметкердің өзі психологиялық жағынан төзімді, эмоциялық жағынан тұрақты болуы керек. Көмектескің келсе, бала мен анасына үміт сыйла, қоғаммен етене болып кетуіне көмектес. Кейде қыздар көңілсіз жүреді. Не болғанын сұрасаң, осылай да осылай деп өзі барып жүрген бала не отбасы жағдайының белгілі бір қиындыққа тап болғанын айтады. Қанша жерден адам көңіліне алмаймын десе де, оны жақын қабылдамау мүмкін емес. Өйткені адам баласы болған соң, кеудеміздегі нәзік жүректің иесі болғандықтан, ойламай қоймайсың. Мүгедек балаларға баратын қызметкерлер көбіне баланың анасына қараймыз дейді. Ананың ұйқысы қанған, көңілкүйі жақсы болса, бізге де баламен жұмыс істеу жеңіл өтеді дейді. Ал анасы шаршаған, отбасында жеке мәселелер болып, үйдегі атмосфера дұрыс болмаса, бізге де жұмыс істеу қиын болады деп жатады. Баланың эмоциялық күйіне анасы тікелей әсер ететіндіктен, бұл жағдай өте маңызды рөл атқарады. Бұл жерде мүгедек бала маманға емес, маман науқас баланың үйіне баратындықтан, оның әлеміне енді деген сөз. Сондықтан әлеуметтік жұмысшы кейде тек баламен емес, анамен де, әкемен де, керек болса ата-әжемен де жұмыс жүргізеді. Өйткені әлеуметтік қызметкердің жұмысын отбасы мүшелерінің бәрі қадағалағысы келеді. Әрине, олар да балаға жаны ашып, өздігінше жәрдем еткісі келетін шығар, бірақ мұндай жағдайлар да біздің мамандарға өз кедергісін келтіріп жатады. Бірақ бізге алғысын жаудырып отыратын отбасылар да баршылық. Ата-аналар да, қарт кісілер де біздің қыздарға «сіздер біздің көзіміз бен қолымыз әрі аяғымызсыздар. Сіздер біз үшін нөмірі бірінші жәрдемшісіздер» деп жатады. Өйткені әлеуметтік қызметкерлердің көмегі тек физикалық жәрдеммен шектелмейді. Олар құжаттар мәселесі жағынан да көмек береді. Мысалы, қараусыз қалған қарт кісі қайтыс болса, жерлеу рәсімі мен құжаттарын реттеу жағын да ұйымдастырады. Мүгедек баланың анасының орнына учаскелік емханаға барып, порталға кезекке тұрып, дәрі-дәрмегін де әкеп береді. Сонымен қатар үйінде мүгедек балалары бар аналар үшін мемлекеттен қандай жәрдемақылар тағайындалғандығынан хабардар етеді. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік қызметкер әмбебап маман десе болады. Олар экономист те, юрист те, психолог пен педагог те. Бұл – мемлекеттің өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға жасап отырған үлкен көмегі. Бала мектепке барған соң, әлеуметтік қызметкердің жұмысы тоқтайды. Онымен көп ата-ана келіскісі келмейді. Өйткені оның жәрдемі мол. Сондықтан қызмет алушы баланың отбасы бір сөзбен айтқанда, жәрдемші қолқанатынан айырылғысы келмейді. Біздің көмегімізге мұқтаж жандар: «Біз қоғамға шыққанда көп дүниені біле бермейміз, ал әлеуметтік қызметкер бәрін біледі», – дейді. Мысалы, қаншама отбасылар біздің мамандардың кеңесімен мемлекеттен үй алды. Өйткені қарапайым кезекке қалай, қайда барып тұратынын білмейді. Сондай-ақ, қазіргі таңда мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға өз кәсібін ашу үшін қайтарымсыз гранттар бар екендігін де көп отбасылар біле бермейді. Бізде екі қызы да арбаға таңылған, жолдасының да мүгедектігі бар келіншек мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, оған сиыр сатып алып, қазір сүт өнімдерінен құрт, ірімшік жасап өткереді. Бүгінде соның арқасында материалдық жағдайы жақсарып отыр. Ол кісі осындай мүмкіндік беріп, оны іске асыруға жағдай жасап отырған мемлекетке де алғысын жаудырып отыр. Осының бәріне орталық мамандарының бағытбағдар беруімен жеткенін айтып өткен жөн. Әлеуметтік қызметкерлер мекенжайлық көмек рәсімдеуге де көмектесіп жатады. Бұның бәрі біздің мамандардың қаржылық сауаттылық пен құқықтық сауаттылықты меңгергенінің нәтижесі. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің орталықта 80-нен аса қызметкер болса, қараусыз қалған қарттар мен мүгедектігі бар балаларды қосқанда жалпы 600-дей адамға жәрдем етіп отырмыз. Бүгінгі күні мүгедектігі бар балалар санының артуы жанға батады. Бір әлеуметтік қызметкер 8 қарт пен 6 балаға жәрдем етеді. Әрине, бұл жүктеме бір қызметкерге ауыр. Бірақ амал жоқ, әзірге осылай жұмыс істеуге мәжбүр болып отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет! Қорытындылай келе, әлеуметтік қызметкер мамандығы – ж ауапкершілігі мол, үлкен төзім мен мейірімділікті талап ететін еңбек. Әңгімемізден бұл саладағы қызметтің қоғам үшін маңыздылығы мен күрделілігін айқын байқадық. Әлеуметтік қызметкерлерге жұмыстарына табыс, еңбектеріне жеміс тілейміз.
Сұхбаттасқан Арна ЖҰМАТАЙ.