Тұрақтылық пен дамудың кепілі
Осыдан 30 жыл бұрын қазақстандықтар тарихи таңдау жасап, Ата Заңымызды қабылдады. Содан бері бұл күн ел бірлігінің, азаматтық жауапкершіліктің және ұлт болып ұйысудың символы саналады.
Әрбір азаматтың бостандығы мен құқығын айқындайтын, ортақ құндылықтарымызды білдіретін басты құжатта Қазақстанның мемлекеттік егемендігі, биліктің бөлінуі, заң үстемдігі, көпұлтты қоғамдағы бейбітшілік пен келісім сынды негізгі қағидаттар бекітілген.
Биыл еліміздің Ата Заңына 30 жыл толып отыр. 1995 жылы 30 тамызда референдум өтіп, нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Негізі Ата Заңның тарихы 1993 жылдан басталатыны белгілі. Ал қазіргі қолданыстағы екінші Конституция 1995 жылы қабылданған еді. Бүгінге дейін Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгерістер енгізілді. Ал осы заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданған болатын. Нәтижесінде Конституцияның 33-бабына бірнеше өзгеріс енгізілді.
Иә, Конституцияның 30 жылдығы – ел өміріндегі елеулі белес. Осы уақыт ішінде мемлекетімізде үлкен реформалар жүріп, Ата Заңымыз соның негізі ретінде қызмет етті. Конституция тек заңнама ғана емес, ол – ұлттық идея, ел бірлігі мен тұрақтылықтың негізі. Бүгінде Ата Заң негізінде елімізде билік тармақтарының өзара тиімді әрекеті жолға қойылды, Конституциялық бақылау күшейтілді, азаматтардың құқықтары кеңейіп, халықтың еркі бірінші орынға шықты, мемлекеттік басқару жүйесі жаңғыртылды.
Отыз жылдық мерейтой – өткенге тағзым, болашаққа сеніммен қарау. Бұл күн әр қазақстандықтың Ата Заң алдындағы бірлік пен жауапкершілікті ұғынатын сәті. Осы жылдар ішінде Конституция заман талабына сай жетілдіріліп, түрлі реформалармен нығайтылды. Парламенттің рөлін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту, бәрі де Ата Заңның аясында жүзеге асты. Осы жылдар ішінде Конституция еліміздің барлық салада өркендеуіне негіз болды, нарықтық экономика құрылып, халықтың әл-ауқаты артты, саяси және әлеуметтік институттар орнықты. Еліміз халықаралық аренада өз орнын тауып, бейбітшілік пен ынтымақтастық саясатын ұстанды.
Бүгінде тәуелсіз еліміз жаңа даму кезеңіне қадам басуда. Конституция қағидаттарына сүйене отырып, Әділетті Қазақстан құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқығын қорғау – басты міндетке айналды. Ендеше Ата Заңымыз алдағы уақытта да ел мүддесіне қызмет етіп, мемлекеттілігіміздің тұғыры бола берсін!
Дүйсеналы БЫҚЫБАЕВ,
облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы.